• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қыркүйек, 2021

Өткен тәулікте 150 мыңнан аса адам онлайн санақтан өтті

230 рет
көрсетілді

7 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 453556 респондент онлайн санақтан өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Баспасөз қызметі келтірген деректерге қарағанда, онлайн санақтан өткендердің ішінде 394933-і sanaq.gov.kz сайтында, 46492 Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 12131 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Алғашқы алты күннің қорытындысымен мегаполистер алда келе жатыр. 65736 астаналық тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 64537 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеді. Мұнда 51386 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Түркістан және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 5713 және 4124 адам санақтан өтіпті.

Ерекше атап өтетін жайт, бір адам өзімен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері үшін толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп бір отбасын қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады. Санақ сауалдарына жауап берген соң хабарлама онлайн өткен барлық отбасы мүшелеріне ортақ болып саналады.

«Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!», делінген хабарламада.