Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов пен білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның қатысуымен ақпараттық-коммунициялық орталықта балаларға салынатын вакцинация туралы брифинг өтті, деп жазады Egemen.kz.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, елімізде коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.
«Балаларға вакцина салынады екен деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай аңыз ақпаратты таратуды доғару керек. Оның барлығы халықты алаңдату мақсатында жасалып жатыр деп ойлаймын. Ал ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап елімізде тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары басталады. Бұл вакцина тұрғылықты мекенжайы бойынша келісім берген жағдайда қауіп-қатер тобындағы азаматтарға тегін салынады. Барлық қала тұрғындарын «оқушыларға ковидке қарсы вакцина салынады» деген қаңқу сөздерге сенбеуге шақырамын», деді Б.Позилов.
Қаланың бас дәрігері Шымкентте эпидемиялогиялық жағдайдың тұрақталғандығын атап өтті. Бүгінде 1134 азамат стационарда ем қабылдап жатыр. Төсек-орын толымдылығы 45% құрайды, 1366 төсек орны бос.
Ал қала бойынша бүгінде вакцинаның I компоненті 443 287 адамға, ІІ компоненті 375 000 адамға салынды.
Өз кезінде білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева кез келген вакцина ата-ананың рұқсатынсыз салынбайтынын және таралып жатқан ақпараттардың жалған екенін айтты.
«Бүгінгі таңда қаладағы 203 мектепте 233 мыңнан аса оқушы оқиды. Барлық білім беру мекемелерінде санитарлық талап қатаң сақталған», деп жазады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.