Ойлы мақала көрсе олжаға кенелгендей қуанатын оқырман үшін газет-журналдардың уақтылы жеткізіліп тұрғаны жақсы-ақ. Соңғы кездері басылымдардың дер кезінде таратылмауы төңірегінде сын-ескертпелер жиі айтылып жүр. Бұл жайт басқа-басқа, ұлт руханиятының орталығына баланатын Алматыда ақсап жатса, алыстағы ауылдар туралы айтудың өзі қиын...
Технократия салтанат құрған дәуірде дәстүрлі басылымдардың болашағы бұлыңғыр дейтін пікірге бой алдыра қоймайтын ойлы оқырман күнделікті тіршілік тынысын жылт етпе сайттардан гөрі мерзімді басылымдардан оқығанды тәуір көреді. Биылғы алғашқы тоқсанда «Қазпошта» акционерлік қоғамы жариялаған деректі ескерсек, елімізде газет-журналға жазылудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құраған. Бұл көп болмаса да, аз көрсеткіш емес. Ал басылымға жазылу үшін соңғы тиынын сарп еткендерді сарыла күттіріп, пошта жәшігіне телміртіп қою – санаға сыймайтын іс.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мәселені қозғауға түрткі болған оқырман хаттары. Солардың біріне назар салып көрейік.
– Мен бас басылымның 47 жылдан бері оқырманымын. Бірақ кеңестік кезеңде де және осы жылға дейін газетті үйге алдыруда дәп осындай бассыздыққа тап болмаған едім. Үйге «Egemen Qazaqstan», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерін, «Абай», «Мағжан» журналдарын алдырып оқимын. Электронды нұсқадан гөрі қағаз арқылы оқыған мың есе әсерлі. Бұған дейін басқа да қазақша газеттерді алып келгенмін. Биылғы шілдеден бері ол ойымнан бас тарттым. Себебі наурыздан бастап бізге қызмет көрсететін 46-пошта дұрыс жұмыс істемей, газеттерді кешіктіріп әкелді. Пошта тасушының тұрақтамайтынын айтты. Әсіресе, «Егеменнің» кешігуі шаршатты. Күнделікті жаңалықтан құр қаласың. Тамызда тіпті сорақы болды: газеттердің бір аптадан кейін келуі үрдіске айналды. Себебін білдім: 46, 57, 60-пошталар біріктіріліп, газеттер 57-поштада таратылатын болыпты. Бұған да көндім. Бір аптадай газеттер дұрыс келгендей болды.
Өткен аптада газеттер мүлдем келген жоқ. 6 қыркүйек күні сол 57-поштаға бардым. Пошта тасушының жалақының аздығына байланысты жұмыстан шығып кеткенін, бұдан былай газеттерді өзімнің алып тұруым қажеттігін айтты. Соның өзінде «Egemen Qazaqstan» газетінің 1, 3 қыркүйектегі сандары жоқ болып шықты. Кейін тауып берулерін өтініп, қызметкер әйелдердің ұялы телефондарын сұрап едім, мұндай телефон жоқ екенін сылтау етіп, шығарып салды. Жұмыстарынан айырылып қалу қаупінен болса керек. Қызмет телефондары істемейді екен, ақшасы төленбеген. Міне, оңтүстік астанадағы пошта тасымалы осындай масқара күйге жетіпті. Бұлай жалғаса берсе, ұлттық мәдениеттің маңызды бір ошағынан айырыламыз.
Бұл – қазақ баспасөзіне төнген үлкен қауіп. Ана тіліміздегі газеттер мен журналдардың таралымы күрт төмендейді. Ал төл газеттерді өз уақытында алмауың ауа жетпегенімен бірдей. Бұл мәселенің басын ашып, дер кезінде шара қолданбаса, ұлттық баспасөздің болашағы бұлыңғыр болады. Газет тасымалын дұрыс жолға қоймай, баспасөз де ілгері баспайды, – деп ашынады Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Қорабай.
Редакциямызға телефон шалған Бекен Нұрахмет пен зейнеткер Секер Айтбайқызы да осы мәселені қаузап, газет тасымалы ісіне көңілдері толмайтынын алға тартты. Әлбетте, аталған жайт Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де өзекті мәселеге айналғанына аймақтардағы әріптестеріміз арқылы хабардармыз.
Айталық, бұған дейін «Дәстүр» журналының бас редакторы, ақын Қасымхан Бегманов «Бас редакторлар клубы» бас қосып «Қазпошта» жұмысының кемшіліктерін талқылағанын желіге жазған болатын.
«...Біздің этнографиялық «Дәстүр» журналы жарық көргелі 12 жыл болыпты. Қазір журналдың тұрақты оқырмандары қалыптасты. Нұр-Сұлтандағы Қазпоштаның №ОПС-13 бөлімшесінен «Дәстүр» журналына 2021 жылға жазылған 98 оқырманның ақшасын оператор қыз алып, олардың қолдарына заңды түбіртектерін (квитанцияларын) беріп жіберген. Сөйтіп сол оператор қыз 98 оқырманның бір жылдық ақшасын өз қалтасына салып алғанын, оны жаратып қойғанын мойындады. «Мойындады» дегеніміз жай жеңіл сөз болғанымен, оны дәлелдеп шығу үшін редакция мен оқырмандарға екі ай уақыт керек болды. Өз кінәларын біле тұра «редакция журналды кем беріпті» деп, бізді кінәлады. Әйтеуір соңында мойындады.
Бірақ сол қыздың да, «Қазпошта» басшыларының да «біздің тарапымыздан осындай сорақы іс жасалды-ау» деп қысылғанын байқамадық. Керісінше өзімізге тепсініп, қатқыл сөйлеп, бізді кінәлі еткісі келгендерін көрдік. Бұл көріп тұрғандарыңыздай сотқа берілетін қылмыстық іс. Бірақ біз қазақылыққа салынып, «12 жылдан бері әрең жинаған оқырмандарымызға сол журналдарды қайта басып шығарып, жеткізіп берсеңіздер болды» деп, кешірдік» дейді Қасымхан Бегманов.
«Saryarqa Aqparat» Медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов те осы тұрғыдағы өз ойын ортаға салды: «Қазпошта» қызметінде күрмеуі қалың күрделі мәселе көп. Газет оқитын оқырман азайды десек те, нағыз оқырмандар іріктелді. Өңір-өңірде басылымды асыға күтетін ағайын аз емес. Солардың дені бізге телефон шалып, газеттің өз уақытында жетпегені былай тұрсын, мүлдем жоғалып кететін жағдайлар да кездесетінін жеткізіп жатады. Бұл ұят нәрсе. Басылымдар «Қазпоштаның» жазылым үшін алған қаржысынан бөлек, жеткізіп берулері үшін тағы да қомақты қаржы төлейтінін баса айта кеткім келіп отыр. Қазір оқырмандардың газетке, жалпы қазақ басылымдарына жазылатыны екіталай. Өйткені қай басылымға жазылса да, «Қазпошта» оны үйлеріне уақтылы жеткізіп беретініне үлкен күмәнмен қарайды. Оны көздері көріп отыр. Әбден үміттері үзілгенде редакцияға хабарласып жатады. Біз не істей аламыз, шығарған басылымдарымызды «Қазпоштаға» жеткізіп береміз. Әрі қарай біздің міндетімізге жатпайды. «Қазпошта» осылай кете берсе газеттер жабылып тынады», деген әріптесіміз жүйе жұмысын цифрлы стандарттармен жетілдіре түсу керек деп есептейді.
«Көсеуі ұзынның қолы күймейді» дегендей, мұндай проблема айтыла қалғанда таяқ қарапайым пошташыларға тиеді. Ми қайнатар ыстық пен ақ қар көк мұзда табанынан таусылып газет таситын жандардың да жанайқайы жоқ емес екен. Мәселенің бір ұшы сонда жатыр. Оларға төленетін жалақы мардымсыз. 32 жыл Алматыда пошташы қызметін атқарған көпбалалы ана Сағыныш Досанова өз ойымен бөлісті. Пошта ісінің ыстығы мен суығын тегіс білетін маманның пікірі төмендегідей.
«Пошташының жұмысы көп еленіп-ескеріле бермейтін еңбек қой. Біздің де «арқалағанымыз алтын, жегеніміз жантақ». 70-80 мың теңге жалақы алып, таңнан кешке дейін тепеңдейміз. 60 мың теңге алатындар да бар. Бұл қызметкердің көңіл күйіне де әсер етпей қоймайды. Пошташылардың жұмысына салғырт қарауының негізгі себебі осы ғана. Ал жуырда іске асқан «Біздің адамдар» жобасы мәселені тіптен ушықтырды. Кейбір қызметкерлер өз еркімен жұмыстан кетіп жатыр. Солардың бірі ғұмырының 32 жылын осы салаға арнаған менмін. 37 жыл сонда жұмыс істеген әріптесім Гуля Әнуарбекова да негізсіз жұмыстан кетті. Өзім қала шетіндегі Боралдайда тұрамын. Таңғы 5-те көзімді тырнап ашып жұмысқа кетемін. Жаңадан енгізілген жоба біз үшін тиімсіз. Еңбегіңе сай ақша аласың дейді. Сонда зейнет демалысына санаулы жылдар қалған біз қайтпекпіз. Жастармен бәсекелесе аламыз ба? Енді қараптан-қарап далада қалдық», дейді Сағыныш Досанова.
Сағыныш ханым тілге тиек етіп отырған жоба туралы білмек үшін «Қазпошта» өкілдеріне хабарластық. Осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау мен Атырау облыстарында қанат қаққан жоба бүгінде басқа өңірлерге де ене бастаған.
– Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Біздің адамдар» жобасы іске қосылды. Бұл жобаның артықшылығы әр пошта қызметкері өзінің атқарған қызметіне сай еңбекақы алады. Айталық, 20 газет апарған қызметкер мен 70 газетті діттеген межесіне жеткізген маманның жұмысы жер мен көктей. Осыны дұрыс бағалау, қызметкерлерді ынталандыру – жобаның басты артықшылығы. Бұл – заман талабы. Қарапайым мамандардың кірісін көбейту, еңбек өнімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту біздің басты мақсатымыз. Десе де барлық қызметкерлер бұл жүйеге ауыспайды, Алматы қаласы бойынша шамамен 160 пошташы «Біздің адамдар» жобасы негізінде келісімшартпен жұмыс істей бастайды. Мәселен бұрын пошта қызметкері тек қана жалақыға иек артса, бүгінде газетті немесе хат-хабарды нақты жеткізу арқылы табысын еселей алады. Жеткізбеді ме, табысы да төмендейді. Мұның бәрі түптеп келгенде газет-журналдарды, хат-хабарларды оқырманға дер кезінде жеткізуге бағытталған қадам, – дейді «Қазпошта» АҚ Алматы филиалы басшысының орынбасары Нұрдәулет Қабылов.
Басшылық жобаның артықшылықтарын алға тартқанымен қатардағы қызметкерлер жүйенің кемшін тұстарын да жіпке тізіп берді. Айталық, қызметкерлер бұрынғыдай заңды еңбек демалысына шыға алмайды, әлеуметтік пакеттер алмайды, есесіне көп ауқымда тапсырыс орындап табысын еселеуіне мүмкіндік бар. Әлбетте, мұның денсаулығы мықты жас қызметкерлер үшін тиімді тұсы болғанымен, Сағыныш секілді егде тартқан мамандар үшін оңай болмайтынын ескерген жөн секілді.
Әңгіменің ұшы газеттің өз уақытында жеткізілмеуінен туындаған болатын. Жауапты мамандар жаңа жүйе бұл олқылықтың орнын толтырады деп сендірді. Десе де бұл қап-қап газет-журнал арқалап жүрген қатардағы қызметкерлерге салқынын тигізбесе игі еді. «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінің өкілі Венера Мұстафина: «Оқырмандар газет-журналдардың уақтылы келмеуіне байланысты қандай да бір наразылық туындап жатса, 1499 байланыс орталығына немесе 7 7272 590 605 нөміріне тегін хабарласып, толық мән-жайды анықтай алады. Әр оқырманның талап-тілегі біз үшін маңызды. Post.kz қосымшасында және сайтында 89 қызмет қарастырылған, жыл соңына дейін қосымша 100-ге жуық қызмет іске қосылады» деп атап өтті.
Біржақты пікір айтудан аулақпыз. Қолымызға қалам ұстатқан – басылымды оқырманмен қауыштыратын басты көпір қызметіне серпін керек деген көптің тілеуі болатын. Сөз орайы келгенде, мемлекеттен мол қаржы алып отырған алып ұжымның шаруасы ширай түссе деген тілегіміз бар.
АЛМАТЫ