• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 08 Қыркүйек, 2021

Міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік мол

469 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылған пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы қалпына келтіру, білім сапасын арттыру, мектептер салу, өңірлік даму, мемлекеттік қызметтер мен экономиканы цифрландыру, вакциналау мәселелері, еңбек нарығы, кәсіби біліктілік, ауылдағы азаматтық белсенділікті дамыту бағыттары қоғамда кеңінен талқылануда.

Жақында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Жолдау 2021: іске асыру жолдары» дөңгелек үстелі барысында да аталған мәселелер сөз болды. Тарата айтар болсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында міндеттердің басым бөлігін белгілеуден бұрын мемлекеттің қаржылық тұрақтылығы туралы мәселе көтерді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жеке тұжырымдамасын дайындау міндеті тұр. Оның қажеттілігі неде және бюджеттік ережелер іс жүзінде қалай жүзеге асырылады? Бұл жөнін­де Республикалық бюджеттің атқа­ры­луын бақылау жөніндегі есеп комитеті­нің мү­шесі Рашит Ахметов баяндады. «Мемлекеттік қаржымен жұмыс істеу­де бірыңғай тәсілді, бірыңғай тұжы­рым­даманы жүйелендіру және әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштарды бірыңғай форматта (бұрын олар бытыраңқы пайдаланылған) басқа­руға, сондай-ақ Ұлттық қор­дың қара­жатын қалыптастыру мен пайда­лануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осыған қатысты тап­сыр­­малар берді», деді спикер.

Халық қатысатын бюджет тәжі­ри­бесі. Бұл қаншалықты тиімді тетік? Ол қара­пайым қазақстандықтарға не бере­­ді? Бұл сұрақтарға Экономикалық зерт­­теу­лер институты өңірлік зерттеу­лер ор­талығының директоры Қай­сар Нығметов жауап берді. «2020 жы­лы үш ірі қалада жалпы қаржы­лан­­дыру көлемі 2,3 млрд теңгені құрай­тын 81 жоба іске асырылды. Бұл тұрғын­дар­дың өздері ұсынған, дауыс берген жобалар. Келесі жылдан бастап 55-57 қала мен аудан халқы бюджетке қатысады деп жоспарланған. Енді тұрғындар қандай жобаларды жү­зе­ге асыру керектігін өздері шешеді. Пре­зидент өз Жолдауында көтерген маңызды мәселелердің бірі – өңір­лер­дің дербестігін арттыру, олар­дың орталықтан ресурстар күту по­зи­ция­сында болмауы. Біртіндеп ор­та­лық­сыз­дандыру жүріп жатыр. Бұл – са­лықтық әлеует біртіндеп респуб­ли­калық бюджеттен жергілікті бюджетке аударылады дегеннің белгісі. Айталық, 2019 жылы жергілікті жерлерде ШОБ-тан КТС (корпоративтік табыс салығы) берілді, тіпті 2020 жыл карантин жағ­дайында болғанына қарамастан, бүкіл ел бойынша түсімдер 25%-ға өсті. 2022 жылдан бастап салықтардың тағы төрт түрін, 2024 жылдан бастап тағы үш түрін республикалық бюджеттен жер­гі­лік­ті деңгейге беру жоспарланып отыр. Бұл өңірлерге жергілікті жер­лер­дегі мәселелерді шешу үшін өкілеттік­тер ғана емес, сондай-ақ қаржы ресурс­тары да бе­рілетінінің белгісі», деді сарапшы.

Президенттің бастамасы – жергілікті әкімдерді белсенді іс-қимылға ынталандыру. Салық неғұрлым көп болса, ауылдағы өмір анағұрлым жақсы болады. Жақында қабылданған Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасы шең­берін­де тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамыту көзделген.

Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау өткізілді. Оған халық белсенді қатысты. Жыл сайын әкімдерінің қызмет мерзімі аяқталған ауылдарда сайлау өтеді. Осы орайда Мәжіліс депутаты, Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің мүшесі Берік Әбді­ғали:«Халық өз әкімін сайлап, жауап­­кершілікті алып жатыр. Енді өз­дері сай­лаған әкіммен бірге жұмыс іс­теп, оған көмектеседі. Бұл жақсы бас­тама. Әрине, ауыл, аудан, қала әкімінің жұ­­­­­мы­сын бағалағанда, әлеуметтік са­уал­­д­ама нәтижесінде халықтың 30%-ы кө­ңілі толмаса, бұл әкімдердің қыз­меті­­не сай екенін қайта қарау ке­рек деп Пре­зидентіміз атап өтті. Өйт­кені әкім­дер халықтың көңілінен шығу үшін жұмыс істеу керек», деді. Б.Әбдіғали ауыл әкімдерінің жұмысын бағалаудың бас­ты критерийлеріне тоқталды. «Әкім ауыл тұрғындарының мүддесін аудан әкімінің, аудандық мәслихат алдында қорғай білуі керек. Ауылда орын алған дау-дамайды да, жанжалды да шеше алатын, тұрғындарды ұйыстыра білетін көшбасшысы болуға тиіс. Сонымен қатар бюджеттен және бюджеттен тыс инвес­тиция тарта білуге тиіс. Қай ауыл­ға көп қаржы құйылып жатса, он­да сол ауылдың әкімі белсенді деген сөз. Сол әкімнің жұмысын жақсы деп бағалауға болады», деді депутат.

Оның пікірінше, ауыл әкімдерін сайлау азаматтық қоғамды жандандырды, келесі қадам – аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау – жергілікті жерлердегі билік пен халықты тікелей жақындатуға тиіс.

Мемлекет басшысы аудан әкім­дерін сайлауды енгізу жоспарланып отырғанын тағы да растады. Бұл сайлау бойынша пилоттық жобаны қайда өткізу керек? Бұл мәселе бойынша болжамдар қандай? Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің пікірінше, әкімдерді сайлау пилоттық жобасын барлық өңірде қолға алу қажет. Бұл аза­маттардың сайлау белсенділігі, сай­лау процестерін ұйымдастыру тұр­ғысынан жағдайдың қандай екенін түсінуге мүмкіндік береді. «Қазіргі кез­де мемлекеттік аппарат пен өңірлік билік жұмысында екі жүйелі проблема бар: бақылау және жауапкерші­лік жүйесінің деформациясы. Оларды бәсекеге қабілетті және саламатты таңдау ортасын құру арқылы ғана шешуге болады. Екіншіден, тікелей сайлау басқару кадрларын сапалы іріктеу жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі буындары. Осы орындар үшін бәсекелестік деңгейі өте жоғары болады деп күтілуде. Табанды күрес болады. Бүгінде басқару элитасында, азаматтарда билік азаматтарға барынша тәуелді болып, билік әрқашан қоғамдық қысымда болуы керек, әйтпесе ол қалыпты жұмыс істемейді деген түсінік қалыптасуға тиіс», дейді саясаттанушы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында мыңдаған жаңа мектеп салу туралы айт­ты. Бұл жеткілікті ме? Бұл мек­теп­­тер­ді кім салады? Бұл жөнінде «Ақ­­­па­раттық-талдау орталығы» АҚ пре­­­зиденті Мәдина Тыныбаева қазақ­стан­дықтардың адами капиталын арттыру, білім беруді дамыту – әрдайым Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларының маңызды бөлігін құрайтынын, бұл жолы да барлық сала үшін кадрлық әлеуетті дамыту жөнінде нақты міндет қойылғанын, білім беру жүйесі жайлы Жолдауда нақты айтылғанын сөз ете келіп: «Пре­зиденттің алға қойған міндеттерін, философиясын түсіну өте маңызды. Білім беру – тек білім алу ғана емес, бұл балаларды әлеуметтендірудің өте маңызды құрамдас бөлігі. Адами капиталды құру, қазақстандықтардың кадрлық әлеуетін даярлау мәселесінде балаларды оқыту, білім беру және әлеуметтену жағдайларын қамтамасыз ету өте маңызды. Мектеп тапшылығы бар екені рас. Білім және ғылым министрлігі біраз уақыттан бері оқушы орындарының мониторингін жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда тапшы болып тұрған 225 мың оқушы орны сөз болып отыр. 2025 жылға қарай шамамен миллионға жуық болады деп болжануда. Сондықтан Мемлекет басшысы салынатын мектеп санын 800-ден 1000-ға жеткізуді тапсырды. Биылдың өзінде 200 жаңа мектеп іске қосылады деп жоспарланған. Бұл орайда Мемлекет басшысы жеке сектормен де, жергілікті атқарушы органдармен де жұмыс жүргізілуге тиіс екенін атап өтті, сондықтан БҒМ жаңа мектептер салудың 3 тетігін жоспарлап отыр: жергілікті бюджеттерден нысаналы құрылыс, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке мектептерді ашу үшін жеке инвесторларды тарту. Жаңа мектептерді іске қосу үш ауысымды мектептер, апатты мектептер сияқты мәселелерді шешу орайында жүргізілетін болады», дейді сарапшы.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті «Оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингі» де жасалды. Бұл процеске жұмыс берушілер тартылды. Шартты түрде, 2018 жылы олардың білім беру бағдарламалары­ның сапасына қанағаттануы 33%-ды құрады, ал бүгінгі күні 52%-ға дейін өсті. Жұмыс берушілер белсенді қатысуға, бағдарламаларды өзектендіруге, оқу орындарына қандай мамандар, қандай білім, дағдылар қажет екенін айтуға тиіс. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов осы мәселе жөнінде: «Эко­номиканың өзі динамикалық түр­де өзгеріп жатқанын түсінеміз. Бір мамандық 3-5 жылдан кейін ескіруі мүмкін және жаңа дағдылар қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіби біліктілік туралы жеке заң қабылдау қажеттігі туралы нақты міндет қойды», деді. Мәселен, өз бетінше оқып, өзін қайта даярлаған маманның біліктілігін кім растайды? Міне, осы тұста жаңа заң сертификаттау жүйесін реттейтін болады. «Ол сертификаттау орталығына барып, біліктілігін растап, жұмысқа кірісе алады, сәйкесінше жұмыс беруші жоғары жалақы төлейді. Дәл осы заң жұмыс берушілердің маманға қоятын талаптарын реттейді. Бұл кәсіби стандарттар болады. Бізде 580-нен астам кәсіби стандарт бекітілді, бірақ бұл барлық кәсіптің 30%-ы ғана. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Кәсіби стандарттардың 70%-ын әзірлеу қажет. Осы «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы аясында барлық жұмысты үйлестіретін жеке орган құрылады деген үміт бар. Әрбір сала бойынша кәсіби стандарт болғаны, сертификаттау орталықтары құрылғаны және жалпы білім беру жүйесінің нарық­та қандай мамандар, дағдылар мен ма­шықтар қажет екенін «түсінгені» өте маңызды», деді сарапшы.

Басқа да сарапшылар Президенттің жаңа Жолдауы мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу бойынша іс-қимыл жоспары екенін, бұл құжатта қамтылған міндеттердің барлығын оңтай­лы еңсеруге елімізде мүмкіндік бар екенін жеткізді.