• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 08 Қыркүйек, 2021

Стандартқа сай жабдықталады

246 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа кезекті Жолдауында ғылымға айрықша назар аударды. Иә, дүниені дүрліктірген пандемия бізге адамзат өмірінде ғылымның рөлі қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп бергендей. Соның ішінде биологиялық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді.

Биологиялық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздік. Сол себепті бұған бейжай қарауға болмайды. Ал биологиялық қауіпсіздік мықты болу үшін осы саладағы зерттеушілер мен ғалымдардың жұмыс істеуіне жағдай жасалуы тиіс. Шындығына келгенде, елімізде осы салада еңбек ететін, әлемнің таңдаулы мамандарымен иық тірестіре алатындай, кәсіби біліктілігі жоғары қызметкерлер көп. Тек жоғары сапалы зертханалардың аздығы немесе жеткілікті жабдықтал­мауы көбінің қолын байлайды. Міне­кей, енді осы мәселе өз шешімін таппақ. Себебі Президент кешегі Жолдауында «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етуді тапсырды. Расымен де еліміздегі көптеген ғылыми-медицина­лық сараптаманы жасайтын санаулы зертхана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Тың зерттеулер жүргізуге арналған зертханалардың әлеуеті артса, отандық ғылым ел экономика­сы мен дамуына, ұлттың қауіпсіз­дігіне пайда әкелетін еді.

Негізі 2021-2024 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында жылына үш СЭС зертханасын жабдықтау жос­­парланған. Зертханалық жаб­дық­тарды жаңғырту қажетті зерт­теулердің барлық спектрін орын­дауға, тестілерді өткізу уа­қы­­тын қысқартуға, көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасын арттыруға, сон­дай-ақ эпидемиялық тексерулерде көмек көрсетуге және тұтанудың бастапқы себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

Ғылыми-зерттеулер кейде бір жылда емес, үш жылда да зерт­теушілер күткен нәтижені бер­­меуі мүмкін. Осы мәселе еске­ріл­ген Жолдауда ғылыми-техни­­калық зерттеу жобаларын қаржы­­лан­­дыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту тапсырылды.

Бұдан бөлек Жолдаудағы ғалым­дардың жалақысын негізгі қаржыландыруға қосу, тұрақ­ты және лайықты жалақыны қамта­масыз ету туралы шешім халық­аралық бәсекеге қабілетті иннова­ция­лық зерттеулер жүргізуге жағ­дай жасайды әрі ғылыми қауым­дастыққа білікті, талантты жас ғалымдарды тартуға ықпал етеді.

 

Тоқтасын ЕРУБАЕВ,

М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының бас директоры, профессор