Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра беретінін жеткізді. Бұл – біз секілді педагог қауым үшін қуанышты хабар. Қазірдің өзінде мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр.
Педагогикалық мамандықты таңдаған үздік талапкерлердің қатары күрт көбейді. Кезінде басқа салаға ойысып кеткендер орала бастады. Осылайша, бәсеке пайда болды. Ал бәсеке өз кезегінде сапаны арттырады.
Президент Жолдауда жағымды жаңалықты жеткізді. Біз қанша балаларды олимпиадаларға дайындаймыз. Соңғы уақытта қазақстандық оқушылар әлемдік додаларда оқ бойы озық келіп, жоғары нәтижелер көрсетіп, алтыннан, күмістен медаль тағынып жүр. Осындай оқушыларды өзіміз ғана ынталандырып қоямыз. Шетелдерде мұндай балаларды президент резиденциясында қабылдап жатады. Міне, енді бізде де Мемлекет басшысы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қолдау көрсетілетінін айтты. Бұдан былай халықаралық олимпиадалардың дарабоздарына жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілмек. Бұған қоса бір реттік ақшалай сыйақы да төленеді.
Ғылым мен технологияның дамыған заманында педагог заманауи талаптарға сай өзін әрдайым жетілдіріп отыруы керек. Осы мәселе ескерілгендей, Мемлекет басшысы Жолдауында мұғалімдерді қазіргідей бес жылда емес, үш жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді тапсырды. Кейде ақылы курстардан өтуімізге тура келеді. Ал Президент енді ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін шегелеп айтты.
Бұдан бөлек Жолдауда орта білім беру жүйесіндегі өзекті проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Қазірдің өзінде елімізде 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Бұл мәселені тез арада шешпесек, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екен. Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. Кешегі халыққа Жолдауында оқу ошақтарының санын мыңға жеткізуді міндеттеді. Міндет орындалып, жоспар жүйелі жүзеге асса, үш ауысымды мектептер мәселесі күн тәртібінен түсер еді.
Гүлзина БЕКМҰХАМБЕТОВА,
физика-математика пәнінің мұғалімі, «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы