• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Қыркүйек, 2021

Түркістанда мақта терімі басталды

540 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында шаруалар 35 мың гектардан аса жерге мақта шитін сепкен болатын. Қазіргі таңда диқандар қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, мақта жинау науқанын бастап кетті. Алғашқылардың бірі болып Жамбыл ауылдық округіне қарасты «Айбота» шаруа қожалығы өнім жинауға кірісті.

«Мақтаарал-4011» мақта сортын 5 гектар жерге еккен қожалық бірінші терімнің өзінде 25 центнерден өнім алды. Мақтаның әрбір килосын 30 теңгеден жергілікті ауыл тұрғындары теруде. Қожалық басшысы Қанат Айботаевтың айтуынша, жиналған өнім «Cotton-Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытына өткізіледі.

«Аудан бойынша 3 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, мақта зауыттары мен қабылдау бекеттері толық дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын сәтті өткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз», дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл.

Аудандағы мақта терім науқаны үшін 567 трактор, 850 дана тіркеме және 162 дана мақта терім машинасы дайындалған. Жоспар бойынша мақ­таның 70 пайызы техниканың күшімен теріледі. Ауданда 8 мақта өңдейтін зауыт пен 64 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Ал шаруаларға көмек ретінде мемлекет тарапынан жеңілдетілген баға­мен тиісті деңгейде жанар-жағармай босатылуда.

Сондай-ақ Жетісай ауданының шаруалары да мақта терімін бастады. Шаруалар биыл «ақ алтынның» өнім­ділігі жақсы болғанын айтады. Мақта шаруашылығымен тұрақты айналысатын шаруаның бірі – Шолпанқұдық елді мекеніндегі «Нұрғиса» шаруа қожалығы биыл 5 гектар жерге мақта тұқымын сепкен.

«Ауыл тұрғындары мақтаның әрбір килосын 20 теңгеден теруде. Мақта өзге дақылдар сияқты 2-3 айда өнім бермейді. Ұзақ уақыт пісетін болғандықтан күтімді де көп жасаймыз. Осындай бейнеті көп шаруашылыққа қолайлы жағдай жасап, су мәселесін шешіп берген аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Егістік алқапты уақытылы суғарып отыр­дық. Өнім әзірге жаман емес. Бас­тысы мақта бағасы жоғары болып, шаруа­лардың еңбегі жанса екен», дейді қо­жалық төрағасы Нұрғиса Сейілбеков.

Айта кетелік, биыл Жетісай ауданында 44 мың гектардан астам жерге мақта егілген. Мақта жинау науқанына 200-ден астам комбайн дайындалған.

 

Түркістан облысы