Көне нумизматикалық бұйымдар өткен тарихты зерттеуге, әсіресе көмескі оқиғалардың уақытын нақтылауға табылмас дерек. Мысалы, 1979 жылы Алматы қаласының Ленин даңғылы бойында орналасқан Шекара училищесінің маңайынан табылған таңбалы нумизматикалық дирхамдар шаһардың жасын анықтауға бірден-бір дерек болды.
Осындай нумизматикалық мәні бар заттың бірі – Күшілік ханның күміс теңгесі. Бұл жәдігерді өткен ғасырдың 90-шы жылдары дүние бүлініп, құнды бұйымдар талан-таражға түсіп жатқан тұста танымал нумизматор һәм шығыс эпиграфикасының білгірі, Алматы қаласының тумасы Владимир Настич азиялық қалта саудагерлердің бірінен сатып алған екен.
Қазіргі таңда Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Владимир Нилович әуелі, күміспен аптап, қоламен қаптаған бұл жәдігер 1213-1214 жылдары Эл-Узжанд (Үзген, Өзген, Үзгент) қаласында құйылғанын анықтаған. Бұл шаһар қазір Қырғыз Республикасы Ош облысындағы аудан орталығы ретінде белгілі. Қаланың көне орны Қарадария өзеннің оң жағалауында орналасқан. Шаһар ХІ ғасырда Күшілік ханның ордасы болғанын тарихтан білеміз.
Тарихты тарқатып айтар болсақ, 1204 жылдың жазында Шыңғыс хан әскері Найман елін шапты. Қадырғали Жалайырдың жазуына қарағанда, ұрыс кезінде Таян хан қайтыс болып, бүтін ұлысы жеңіліске ұшырайды. Таян ханның ұлы Күшілік аман қалған сарбаздарын бастап Бесбалық арқылы шегініп, Шу аңғарында билік құрып жатқан Ляо патшалығына келіп бас сауғалайды. Кешікпей Күшілік сұлтан билікті өзіне аударып алады. Тарихшылардың айтуына қарағанда, бұл оқиға 1212 жылы болған екен. Арада көп уақыт өтпей 1218 жылы Күшілік хан Жебе ноян бастаған моңғол қосынынан жеңіліп қаза тапқаны жайлы «Моңғолдың құпия шежіресінде» айтылады.
Шығыстанушы Владимир Настич 1998 жылы жоғарыдағы күміс теңгенің қос бетіне жазылған жазуларды оқып, оның аудармасын ғылыми ортаға жариялапты. Күміс теңгенің сол жақтағы бөлігінің бетіне араб тілінде «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп жазылса, осы жазудың жиегін айналдыра қоршап «Алланың атымен бұл дирхам (теңге) хижраның 610 жылы Узжанб қаласында құйылды» деген жазу жазылған екен. Ал теңгенің келесі бетіне (суретте оң жақта) «Аш-жалаңаш бұқараны бай, бағлан болдыратын Khānān-Khān мың жасасын» деп жазылып, осы жазуды айналдыра «Бұл дихрам хижраның 610 жылы Узжанб қаласында құйылды» деген жазу жазылған (Настич В. Н.Загадочный узгендский «голодный» дирхам 610 г. х. – чекан карахытайского гурхана? // 6-я Всерос. нумизмат. конф.: ТДС . – СПб . – 1998 . – С. 59-60).
Жоғарыда тиын бетіне бәдізделген «Khānān-Khān» атауын В.Н.Настич: «Бұл сөз «Хандардың ханы» деген ұғымды білдіреді. Яғни Ляо елінің билігін басып алған Күшілікті сол заман тарихшылары «Қара Киданның Гүр ханы» немесе «Хандардың ханы» деген лақап атпен белгілеген», дейді.