• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2014

Есті адам ескеретін мәселе

320 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің №283 (27.12.2013 ж.) нөмірінде «Жанайқай» айдарымен «Аралас мектепке айналдыру ағаттық» деген мақала жарияланған еді. Онда Риддер қаласындағы мемлекеттік тілдегі мектепті аралас білім ұясына айналдыру мәселесі сөз болған еді. Соған орай, бір топ газет оқырман­дары­нан келген хатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

«Егемен Қазақстан» газетінің №283 (27.12.2013 ж.) нөмірінде «Жанайқай» айдарымен «Аралас мектепке айналдыру ағаттық» деген мақала жарияланған еді. Онда Риддер қаласындағы мемлекеттік тілдегі мектепті аралас білім ұясына айналдыру мәселесі сөз болған еді. Соған орай, бір топ газет оқырман­дары­нан келген хатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дербес ел болғанымызға жиыр­ма жылдан артық уақыт өтсе де, құл­дық психологиядан, басқа ұлттарға жал­тақтаудан, жалпақтаудан, мазақ болу­дан, өз ұлтымыздың тағдырына нем­кет­тіліктен әлі арыла алмай келе жат­қаны­мызға зығырданымыз қайнайды.

Басқа ұлттарға жағымпаздану есебі­нен саяси ұпай жинау, мансапқорлық, жалған интернационалистік әкімқара­лар­дың арасында қашан тыйылар екен?

Біз Риддер әкімінің аралас мектеп ашуға құмарлығын осылай бағалаймыз. Бұл намыссыздық па қалай? Риддерде басқа проблема бітіп, аралас мектеп ашу ғана қалды ма?

Әкім мырза, сізді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Риддерге аралас мектеп ашуға жібермеген шығар. Қалада басқа мәселе де жетіп-артылады ғой. Сіздің мына сөзіңізді қалай түсінуге болады: «Я вообще за смешанную школу, чтобы поддержать дружеские отношения между нациями».

Елбасымыз мемлекеттік тілді дамытуды биылғы Жолдауында да басым бағыттардың бірі ретінде атады. Кейде Мемлекет басшысының осындай жанашырлық қадамын әкім­қаралар түсінбей, өздерінше іс істейтіні жанымызға батады. Жалпы, олардың міндеті, аралас мектеп ашу емес, Мемлекет басшысының тілді дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, таза қазақ мектебін көбейту, жастарға қазақи тәрбие беру, бойларына ұлттық патриотизмді сіңіру, елін сүюге, ұлтын қадірлеуге баулу деп білеміз.

Біз елдегі тыныштықты, халық арасындағы татулықты, ауызбіршілікті, достықты тілейміз, жақтаймыз, еш қарсылығымыз жоқ. Тек мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің аясын тарылтпаса екен. Біздің бір күдігіміз бар, жоғарыда айтқан, «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаланы әкім мырза оқымаған секілді. Егер танысса, осы уақытқа дейін бір жауап берер еді. Біз бас басылымға алдымыз 50 жылдан артық, кемі 20 жыл шамасында тұрақты жазылып келе жатқан оқырмандармыз. Газетте шыққан әрбір мақаланы оқып отырамыз. Мына «Жанайқаймен» де таныстық. Онда көтерілген мәселе орынды. Қазақ мектебін араласқа айналдыруға қарсы екенімізді білдіреміз.

Ә.Сағи, М.Тоқтауов, О.Өтеуов, А.Тектіғұл, Қ.Зербаев,

Н.Сисенбаев, Н.Есімов, Ғ.Ахметов, Қ.Қазықбаев,

А.Мұқанов, С.Айдапкел, т.б.

барлығы – 31 адам.

Соңғы жаңалықтар