• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға 28 Қаңтар, 2014

Өшпейді ешқашан да Фариза аты

305 рет
көрсетілді

«Оның қаламынан туған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан-жүрегін еріксіз баурап алатын. Оның өлеңдерінен өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны таңғаларлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуріні айқын сезіліп тұратын» – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті ақын, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айту жеделхатындағы бұл жолдар талант табиғатын дәл танытады.

Кеше Астана жұртшылығының, ел өңірлері өкілдерінің аяулы ақынмен қоштасу рәсімін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының көңіл айту жеделхатын оқудан бастады.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, академик Кенжеғали Сағадиев, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, ақын шығармаларының аудармашысы Татьяна Фроловская, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын Серік Тұрғынбекұлы жиналған жұрт­­­­шылықтың ет жүрегін елжіреткен қоштасу сөздерінде тамаша талант иесінің сан қырын жан-жақты аша алды. Олардың бәрін қайта баян етіп жату қиын.

Тек бір сөзді – қайраткер қаламгер Қуаныш Сұлтановтың азалы лебізін келтірер болсақ, ол былай өріледі: «Ақын Фариза Оңғарсынқызы ұлт санасына, руханият қазынасына орасан еңбек сіңірді. Ол өнер әлемі мен қоғам санасына өзінің теңдесі жоқ нәзік лирикасымен, семсердей шымыр әлеуметтік сөзімен өмірдің шындығын, қоғамның қайшылықтарын жалтақсыз айтуымен ықпал етіп, ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын өзіндік жолын салып, дүниетанымын қалыптастырып кетті. Ұлт санасына сапа қосты.

Фариза Оңғарсынқызы өзінің жастық шағынан жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойып, ақ жүрегімен дәл осы әлеуметтік топтың болашағына үздіксіз еңбек еткен мейірімді Ана, бауырмал жан, білгір қайраткер. Ұзақ жылдар жас ұрпақ тәрбиесіне арналған газет, журналдарға басшылық етті. Ақындығымен шектеліп қалмай, сәбилер, балалар, жасөспірімдер өміріне байланысты келелі мәселелер көтеріп, алқалы, мәртебелі жиындарда сөз сөйлеп, публицистикалық мақалалар жазды.

Жас таланттарға, жас ақындарға, өнерпаздарға қамқорлық жасаудан өмірінің соңына дейін жалыққан жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінде Фаризаға ұқсағысы келген жүздеген жас өрен өсті. Көптеген ата-аналар жаңа туған нәрестелеріне Фариза есімін беруді жақсы ырымға жорыды». Иә, солай. Ақын рухы халық жүрегінде жаңғы­­­­ра береді. Фариза есімі ұмытылмайды. «Еге­мен Қазақстанның» бетінде Несіпбек Айтұлы жырла­ғандай, «Қазақтың аяулысы, перизаты, Өшпейді ешқашан да Фариза аты!».

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар