• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2014

«Сосновый бор» дегенше, шипасы мол десейші!

822 рет
көрсетілді

Қостанай өңіріндегі Науырзым, Аманқарағай, Арақарағай ормандары даланың алқасы іспетті. Ондағы табиғат көркі қашаннан көрген жұртты таңғалдырумен келеді. Әсіресе, Арақарағай орманының орны ерекше. Көпжылдық қарағайлардың арасы қысы-жазы ауасының тазалығымен ерекшеленеді.

 

Қостанай өңіріндегі Науырзым, Аманқарағай, Арақарағай ормандары даланың алқасы іспетті. Ондағы табиғат көркі қашаннан көрген жұртты таңғалдырумен келеді. Әсіресе, Арақарағай орманының орны ерекше. Көпжылдық қарағайлардың арасы қысы-жазы ауасының тазалығымен ерекшеленеді.

Арақарағайды айтса, жұрттың есіне Ақсақ Темір туралы аңыз түсері рас. Дүниені тітіренткен жаһангер жаугершіліктен келе жатып, Арақарағай орманына дамылдапты дейді. Аспанмен таласқан ну қарағайдың ортасындағы айнадай көлге шомылғанда өзін таңғажайып сезініп, осы жердің бір қасиетінің барлығына таңғалған екен. Жорықта жүрген жаһангердің шаршағаны басылып, бойына ерекше қуат бітіп аттаныпты деседі. Сол Темір шомылды деген минералды көл бүгінде халықтың игілігіне жарап отыр. Мамандардың айтуынша, «Сосновый бор» шипажайы суының химиялық құрамы минералданған натрий хлориді сульфатынан тұрады және ол атақты «Пятигорск», «Моршин», «Карловы Вары», «Труцкавец», «Ес­сентуки-17» және өзіміздің «Са­ры­ағаш» курорттарының шипалы суына ұқсас.

«Сосновый бор» шипажайының ауасы ең алдымен жүрек-қан тамырлары ауруларына мың да бір ем. Мұны дәрігерлер «табиғи барокамера» деп атайды. Санаторий дәрігерлері жүрек-қан тамырлары ауруының созылмалы жүрек талмасы, гипертония, стенокардия сияқты кең тараған түрлерімен ауыратындарға, ұйқысы қашатындарға Арақарағай орманының фитонцидтерге қанық ауасында көбірек жүруге кеңес береді. Соңғы жылдары мұнда жүре­гіне операция жасағандар ағзасын нығайту үшін де келеді. Оларға санаторий дәрігерлері операциядан кейін күтінуді, жүрек бұлшық еттерін қатайту үшін не істеу керектігін айтып отырады. Санаторий орналасқан қарағай арасын дәрігерлер «табиғи барокамера» деп бекер атамайды. Арақарағай орманы арасымен күніне үш шақырым таза ауада жүру операциядан кейін жүректің тез оңалуына көмектеседі. Өткен жылы мұнда оттегі ингаляция­сы емі іске қосылды. Бір сеанста адам 5-7 литр оттегі қабылдайды. Ағзаға осындай әдіспен оттегі сіңі­рудің он төрт түрлі шипасы бар. Оның ішінде иммунитетті кү­шейтетінін, жарақаттан немесе ауыр науқастан кейін ағзаның тез оңалуын қамтамасыз ететінін, ағзаның қартаюын бәсеңсітетінін және жүрек-қан тамырлары жүйесі­нің жұмысын жақсартатынын айтсақ та жеткілікті болар.

Аяқтағы вена қан тамырларының кеңейіп түйінделуінен (варикоз) зардап шегетіндер де «Сосновый бор» санаторийінен шипалы ем алып қайтуына болады.

– Санаторлық емді варикоз ауруының алғашқы сатыларында қабылдау керек. Біздің санаторийде аяқ вена қан тамырларының кеңейіп түйінделуіне қарсы маг­­­ниттік терапия, қытай массажы, сумен массаж жасайтын ванналар бар. Бұлардың барлығы да аяқтағы қан тамырларының жұмысын жа­қ­сартады. Өткен жылдан бастап бұл ауруға қарсы бізде жаңа ем түрі қолданыла бастады. Ол қысу тера­пия­сы деп аталады. Денеге тұтас арнайы қап-шалбар кигізіп, ауаны кезекпен тығыздап, босату арқылы аяқ тамырларындағы қан айналымының жақсаруын қамтамасыз етеді, – дейді санаторийдің бас дәрігері Ай­гүл Мырзабекова.

Мұнда келетіндердің арасын­да хондроз ауруынан зардап шегетіндер аз емес. Шипалы ем қабылдағаннан кейін олардың денесі бірден жеңілдеп сала береді. Демалушы Динара Ыбыраева да хондроз ауруынан шаршағандардың бірі екен.

– Мен «Сосновый бордың» хондроз ауруына шипасы мол екенін білемін. Мынау тұрған Қостанайдан келіп осылай ем алып тұрамын. Келгеніме үш күн болды, қазірдің өзінде жағдайым жақсарып қалды, – дейді Динара. Қазір адамдардың көбі аз қозғалатындықтан, жұмыста көп отыратындықтан хондроз да кең тарап отыр. Санаторийде оған қарсы негізінен кешенді ем қолданылады.

– Кешенді емге міндетті түрде массаждар, яғни үзу түрлері кіреді. Келушілер классикалық үзу, мойынды, арқаны уқалау емдерін алады. Мұнан кейін оларға лазер, электрофорез сияқты физиологиялық емдеу және сумен, балшықпен емдеу түрлері қосылады. Емдік балшық бұлшық етті жұмсартады. Бұл өте жақсы, – дейді Айгүл Мырзабекова.

«Сосновый бор» санаторийіндегі минералдық судың ішкі ағзаларға да шипасы мол. Ғалымдар 1960-1975 жылдар аралығында Арақарағай орманындағы көлдің және жер­асты суының құрамын зерттегеннен кейін, оның емдік қасиеті анықталған соң ғана «Сосновый бор» санаторийі салынып, ол 1981 жылы пайдалануға берілді. Бұл жердің суы асқазан-ішек ауруларына бірден бір ем. Минералды су бауыр ауруларын да жақсы емдейді, өтті тазалайды.

– Бізге ешқандай ем алмай, тек минералды суды ішу үшін ғана жылына екі-үш рет келетін демалушылар бар. Өйткені, су ішкеннен кейін ішек жұмысы керемет жақсарады. Санаторийдегі емдәмдік тамақтану да асқазан-ішек және бауыр, өт жолы ауыратындарға пайдалы. Олар осы арқылы ауруды жеңудің негізін біліп қайтады, үйіне барған соң да осылай тамақтануға тырысады. Дұрыс тамақтануға көп жайт байланысты, – дейді Айгүл Мырзабекова. Санаторийдегі демалушылармен әңгімелескенімізде олардың пікірі бас дәрігердің сөзімен бір жерден шықты.

– Біздің бірінші рет келуіміз еді, санаторий өте ұнады. «Сосновый бордың» ауасы да, суы да, балшығы да шипа екен! Әсіресе, минералды суының шипасы күшті екеніне көзіміз жетіп отыр. Оның түрлі ванналары, бассейні жақсы екен. Ал минералды судың асқазан-ішек ауруларына шипасы молдығын естіп едік, енді соған өзіміз қанығып отырмыз. Шипажайдың тамағы да, жатар орны да, демалыс сағаттарына жасаған жағдайлары да керемет! – дейді астаналық ерлі-зайыпты Құсайын мен Айзада Құлымбаевтар.  

– Саламатты өмір салты деп нені айтамыз? Мұндай демалыс орындарына ауырмау үшін келу қажет. Мен бұрын шаңғы спортымен айналысқан едім, спорт шеберлігіне кандидатпын. Қазір кәсіпкер болғандықтан, спортқа көп уақытым қала бермейді. «Сосновый борға» жыл сайын негізінен қыс айларында келемін. Дәрігерлердің кеңесімен бауырға, асқазан-ішек ауруларына, хондрозға қарсы емдер аламын, ағаш арасында шаңғымен серуендеймін. «Сосновый бордың» қысқы көркін мен ертегі деп атаймын, басқаша сипаттауға тілім жетпейді! Осы профилактикалық емдер мен демалысым маған жыл бойы күш береді, – дейді Ақмола облысының Жарқайың ауданынан келген Ерлан Әлім.

Бас дәрігердің айтуынша, «Сосновый бор» санаторийі дем­­­алушыларға жетпістен аса ем ұсынады, олардың арасында жолдамаға кіретін ақысыз және ақылысы да бар. Келушілер он күнде олардың арасынан өзі зардап шегетін ауруларға қарай 12-13 ем түрін дәрігердің кеңесімен және бақылауымен алады. «Сосновый бор» санаторийіне келушілер ем алумен қатар, демалысын көңілді өткізуі үшін барлық жағдай бар. Волейбол ойнайтын спорт зал, бильярд, боулинг, компьютер класы, дискотека, шатхана жұмыс істейді. Демалушылар үшін концерт, көңілді конкурстар өткізіліп тұрады.

Арақарағай орманы аясындағы «Сосновый бор» санаторийінің кереметі осындай! Оған келіп көр­ген кісі ғана қанығады. «Сосновый бор» санаторийінің мекенжайы: Қостанай қаласынан 45 шақырым жердегі Алтынсарин ауданындағы Щербаков ауылының іргесіне орналасқан. 8(714-45) 3-33-05, 3-33-06 телефондары тәулік бойы жауап береді. E-mail: sosnov-bor@mail.ru Санаторийге келерде жоғарыдағы телефондарға алдын ала хабарлассаңыз, жол қиындығын көрмейсіз. Алыстан келетін демалушыларды Қостанай қаласындағы теміржол вокзалында санаторий автобусы күтіп алады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

Соңғы жаңалықтар