Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен “Атом энергетикасын пайдалану туралы” заң жобасының таныстырылымы комитет төрағасы Ерлан Нығматулиннің жетекшілігінде өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Заң жобасымен депутаттарды Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов таныстырды. “Атом энергетикасын пайдалану туралы” заң жобасы Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №184 қаулысымен бекітілген. Ол атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық негізін белгілейді және адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға әрі ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаттары – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану кезінде және атом энергетикасының дамуы жағдайларында халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен денсаулығының тиімді қорғалуының лайықты қамтамасыз ету; ядролық қызметтің қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық талаптармен үйлестіру. Вице-министрдің мәлімдеуінше, атом энергетикасы мемлекеттік бақылау арқылы жүзеге асырылады. Атом стансаларын салу да мемлекеттің қадағалауында болады.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Валерий Котович, ал оның құрамында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінен Қылышбай Бисенов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінен Ержан Рахметов, Аграрлық мәселелер комитетінен Еркін Рамазанов, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінен Серік Темірболатов, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінен Үсенгелді Медеуов, Қаржы және бюджет комитетінен Құрманғали Уәли сияқты депутаттар бар.