• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қыркүйек, 2021

Асылы Осман: «Мен сүйетін қазағымдай халқым бар»

1901 рет
көрсетілді

Ел алдында жүрген кей қазақты әр қазақ танымауы мүмкін, бірақ Асылы Османды бәрі таниды. Елім деп елжіреп, тілім деп жүрегі қарс айырылардай шырылдап жүретін қамқор жанды әдеттегідей жайдарлы кейіпте кездестірдік. Шындықты, турашылдықты көк байрағындай қастерлейтін асыл адамның кейпі осындай болса керек. Осы бір дара қасиеттері оның өскен еліне деген ерекше махаббатынан туғаны аңғарылады.

Әңгіме ауаны – тіл тағдыры. Бұл тақырыптың тарқауы шексіз. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылында тұғырына қона алмаған мем­ле­кеттік тілге өз туғанынан ар­тық ерекше мейіріммен қарау, жа­нымен, жүрегімен қорғау Асылы Әлиқызындай қайраткер тұл­ғаның ғана қолынан келсе керек-ті. Кіндік қаны қазақ то­пы­­­ра­ғы­нда тамса да ана тіліне мұр­нын шүйіре қарайтын кейбір қазақтың, ал аумалы-төкпелі жылдарда қазақ деген ұлттың мейірім шуағына, қамқорлығына бөленген көптеген этнос өкіл­де­рінің күні бүгінге дейін мем­ле­кеттік тілді өгейсіп кел­гені тіл жанашырының кө­ке­йі­не қон­байтын іс. Ол әлі күн­ге осы әділетсіздікпен кү­ре­су­мен ке­леді.

Оның тік мінез, тура­шыл­ды­ғын Қап тауының баурайында туып, Алатаудың баурайында тір­шілік еткенімен де байланыс­ты­рып жатамыз. Десек те, Асылы Әлиқызының өмірі тар жол, тай­ғақ кешуден тұрады. Жарты ға­сыр­ға жуық мемлекеттік тілді да­­мыту мәселесімен айналысып жүр­ген тіл жанашырының қыз­ме­ті осы саланың бүге-шігесімен тығыз байланысты. Бұл салада ғалымның атқарған ісінің ұшан-теңіз екеніне дәлел іздеп жатудың өзі артық.

Осы тұста мемлекеттік тіл­дің мерейін үстем етуді басты ұс­та­нымы еткен әрі қазақ тілін туған тіліндей қастерлей білетін ғазиз жанның болмысын абай­та­нушы-ғалым Мекемтас Мыр­захметовтің айтқанымен байланыстыра кетуді жөн көрдік: «...жас бүлдіршін Асылының да қасіретті тағдыры алыстағы бұ­рын өзі көріп білмеген қазақ ауы­лының отбасында өзінше қай­нап жатқан өмір ағысының сапы­рылысында қалыптасты. Ұлт­тық, діни әдет-ғұрпын таза ұстанған туған халқы мен қазақ елінің рухани болмысын санасына сіңіріп өскен Асылы қарын­да­сымыз уызынан жарыған ұл-қыз­дарымыздың бірінен саналады әрі екі халықтың да рухани қазы­насын тең еміп өскен біздің сүй­кімді телқарамызға айналып шы­ға келді».

Иә, тағдырдың талайымен Ос­­ма­новтар отбасы өзге ұлт өкіл­­­де­рінің қатарында 1944 жылы Грузияның Түркияға ше­­­ка­ралас жатқан Ахалқалақ қа­­ла­сынан жер аударылды. Хавет ауылында өмірге келген Асылы Әлиқызының бала­лық шағы Түлкібас ауданы «Жаңа­талап» колхозындағы қазақ аға­йын­да­рының қоржын та­­­мын­да өтті. Туған жерінде ана­сынан айы­рылған балаларын өсі­ріп, оқы­тудың ауыртпалығы со­ғыс­тан мүгедек болып келген әкесінің мойнына түсті. Олардың жоғын түгендеп, мал баға жүріп, оқытып, адам қатарына қосу, әри­не оңайға соқпағаны белгілі. Асылы Әлиқызы бұл күндерді кө­зіне жас алмай еске алмайды. Кө­кірегін кернеп шығар сол бір өксік шер анасы – Ағжаға, әкесі – Әлиге деген сағынышын баса алмасы анық. Сана саңылауында қалған сол бір сәт мәңгі сағыныш болып жүрек түбіне ұялап қалды.

«Мен біздің ұлттан алғашқы болып оқығандардың бірімін», – деп еске алады Асылы Әлиқызы. Көрші ауылға қазаға баруға болмайтын қиын-қыстау жылдарда балаларының оқуға деген құл­шы­нысын құп көріп, қолдау көр­сет­­кен марқұм әкесіне айтар ал­ғысы шексіз. «Жер ауып кел­ген алғашқы жылдардағы қиындықты бүгінде ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Сол бір күндерден осы күнге аман-есен жеткенім қайырымды қазағымның арқасы. Анам қайт­қан­да мен үш жас шамасындамын. Ол жылдарда айрандай ұйып отырған елдің бір түнде мал таситын вагондармен жер ауып кететіні ешкімнің өңі түгілі түсіне де кірмеген. Вагонда малдан да төмен жағдайда бірнеше ай бойы ас-сусыз қалудың қандай ауыр болғанын елестетудің өзі қиын. Сол ауыртпалықтан жол бойы өліп, көмусіз қалғандар көп болды деседі ересектер жағы. Со­ғыс­тан кейінгі Қазақстанда да жағ­дай мүшкіл еді. Бірақ өзінің халіне қарамастан, сырттан жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне үйінің бір бұрышын беріп, нанын бөліп жеген қазақтың дархан­ды­ғын­да шек жоқ. Маған және өзімнен кейінгі бауырларыма көршіміз Айтбике жеңешенің қамқорлығы шексіз болды», деп еске алды Асылы Әлиқызы сол бір ауыр кезеңдерді.

Әрі қарайғы әңгімесін «Қазақ деген мейірімді халық жігеріме жігер қосты, жоғары білім алып, ғылым жолына түстім», – деп жал­ғады Асылы Әлиқызы. Оңтүс­тік Қазақстан облысының Түлкі­бас ауданындағы Жаңаталап жеті­­жылдық мектебін тәмам­да­ған­нан кейін Түрікстан педучи­ли­щесінде білім алып, мұғалім болып еңбек еткен жас маман Қазақ мемлекеттік қыздар педа­го­гикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Одан ке­­йінгі еңбек жолын Ұлттық ғылым академиясының Тіл білі­мі институтында аспирант ре­тін­де жалғастыруы ұлы ғылым жо­лындағы алғашқы қадамы болатын.

Жиырма жылға жуық А.Бай­тұр­­­сынұлы атындағы Тіл білі­мі инс­­ти­тутында қызмет істеген Асылы Әлиқызы 1973 жылы ҒА кор­рес­пондент-мүшесі, филоло­гия ғылымдарының докторы, профессор Ахмеди Ысқақовтың жетекшілігімен М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етіс­тіктердің семантика-сти­лис­ти­калық қызметі» тақыры­бын­да кандидаттық диссертациясын қорғады. «Менің ғылыми жетекшім, тілші-ғалымдардың арасында «кіші Ахаң» аталып кеткен Ахмеди Ысқақов ағай білімділігімен қатар үлкен жү­рек­ті, мейірімді азамат еді. Жер ауып келген әзербайжанның қызын жатсынбай, өз перзентіндей ғылым­ға баулыды. Қазақ тілін осындай дәрежеде үйреніп, сөйлеп жүр­ге­н­ім, тілге деген ерекше құр­метім институтта бірге еңбек ет­кен ғалымдардың маған деген қол­­дауы мен қамқорлығының ар­­қа­сы. Ал тілді ғылыми түрде терең меңгергенімді «Абай жо­лы» романындағы Әуезовтің тіл қолданыс ерекшелігін терең зерт­тегеніммен байланыстыра­мын. Сондықтан да Абайды, Әуезовті оқымаған қазақ – қазақ емес», – дейді тілші-ғалым. Ға­лым­ның соны ізденістері нәти­жесінде жазылған еңбектер тұ­тас­тай тіл тағдырына арналды. «Тіл – тәуелсіз ел болашағы», «Қа­зағым бар да мен бармын» деген мақалалар жинағы соның дәлеліндей. 200-ден астам ғы­лыми мақаланың авторы. «Қа­зақ­ша-түрікше-орысша тіла­шар» еңбе­гі, он томдық «Қазақ тілі­нің тү­сін­дірме сөздігін» (1974-1986 жылдар) құ­рас­тыру­шы­лардың қатарынан та­былуы, ғылыми жинақтардың жарыққа шығуына атсалысуы осы жолда төккен тердің зая кетпегенін көрсетеді.

Тілді дамыту ісін ғылым са­ла­­­сында жетік меңгерген Ұлт­тық ғылым академиясының кор­рес­­пондент-мүшесі, филология ғы­лымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Асылы Ос­манның іс-тәжірибедегі ең­бе­гі 1993 жылдан Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комите­ті­нің Ұлт тілдерін дамыту бас­қар­масының, 1996 жылдары Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінің Мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жұмысы жөніндегі Бас басқармасының бастығы болып қызмет істеген жылдарда айқын көрініс берді. Осы тұста биік мінберлерден мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, өз тұғырына қондыру мәселесін ашы­на айтып, әр сөйлемін тілдің тағдырымен байланыстыра құ­рай­тын Асылы Османның бұл ісіне тәнті болып, өз дәрежесінде көзі тірісінде баға беріп кеткен халқымыздың маңдайалды тұлғаларының естеліктерін назардан тыс қалдыра алмаймыз.

Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов «Оның бар­лық іс-қимылына сырттай риза болып отырамын, ал осы қарын­да­сы­мның тек мемлекеттік тілмен емес, ел тарихына қатысты, оның ішінде Желтоқсан оқиғасына қа­бырғасының қайысатынын сезгенде, еріксіз көзіме жас алдым», – десе, академик Рәбиға Сыздық «...газет беттерін ашып қарасаң да, радио-теледидарды қоссаң да Асылы сөйлеп отырады. Ол тек қана қазақ тілі емес, тәуел­сіз Қазақстанның өзекті мәсе­­ле­лерінің барлығына да отан­­шыл­дық рухпен белсене кі­­рі­сіп, өз ойын ашық білдіріп жа­тады. Әсіресе, қазақ тіліне қа­тысты пікір­лерін батыра айтады. Қазақ тілін үйренуді басшылардан бастау керек, мемлекеттік тілді білмейтіндерді басшылық қызметке тағайындамау керек, үлкен мемлекеттік мәнге ие жиын­дардың барлығы да қа­зақ тілінде жүру керек» деген ойларды айтқан үстіне айтып, жазған үсіне жазып жүретін де осы Асылы Осман», – деп сипаттауы тіл жанашырының тіл майданындағы күресінің жарқын көрінісі.

Ал академик Салық Зима­нов­ша айтқанда: «Асылы қарын­да­сым­ның ағылған, дәлелді, шешен сөздері, әсем әдеби тілмен жа­зылған танымдық мақалалары бас­пасөз беттерінде жиі жарық көріп тұрады. Қазақ тілінің үздік қамқоршысы, үздік жаршысы, әрі маманы болуы тарихта өте сирек ұшырасатын, тіпті қазақ жерінде бұрын соңды мұндай дәрежеде кездеспеген құбылыс. Одан кейін қазақ тілін қолдап, бір ғылыми институттың жұмысын жалғыз өзі істеп жүр. Ол қазақ­тың білімі мен ғылымының кө­се­­гесін көгертемін деп жүріп, өз бақытын қазақ мүддесі мен ті­ліне сыйлаған жан». Осы орайда академик Шора Сарыбаевтың «...ұлт деген мәселелер сөз бола қалса, Асылы Осман бұғып қала алмайды. Бұдан басқа ана тіліне қатысты мә­селелерді талқылау, түрлі сұх­бат, кеңестерде бір адамның ба­сынан асып төгілерлік үлкен қоғамдық жүк арқалап жүргенін көріп риза боласың» деп айтқан сөздері еріксіз назар аудартады.

«Асылының нағыз тіл жанашыры екендігі тіл мәселесі «мыл­тық­сыз майданға» шыққан 1990 жылдары айқын көрінді. Ол лауа­­зымды қызметтерде жүрсе де, өзінің қамын ойлап қойған жоқ, ұлт мүддесі, қазақ тілі деп жар­ғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті, даулы орталарда тартынбай айтысқа түсті. Ол түбі бір түркі халықтарының өкілі ре­тінде тіл тазалығына, оның бо­лашақта өркендеп, келер ұр­пақ­тың қажетіне жарауы жо­лын­да ешнәрседен тайынбайды, өзі­нің қайраткерлік қасиетін, нағыз патриот екендігін көрсете білді. Бүгінде жай ғана күйбең тіршілігімен күн кешіп, қазақ тілі­нің болашағы мен ертеңі үшін ашық айқастарда арыстандай арпалысып жүрген жанқиярлық еңбегі кейбіреуіміздің көзімізге ілінбегенімен, болашақ ұрпақ мұның мән маңызын жоғары бағалары сөзсіз», деп академик Сұлтан Сартаев тектен-тек айтпаса керек.

Салыстырмалы түрде қара­ған­да, тілдің бүгінгі жағдайында бұрынғыға қарағанда ілгері жылжу бар. Алайда Асылы Осман қазақ тіліне деген құрметке әлі де болса көңілі толмайтынын айтады. Бүгінде Қазақcтанда қазақ тілінің өркендеуін мақсат тұтқан «Мемлекеттік тілге құрмет» рес­­­пуб­­ли­калық бірлестігінің тө­ра­йымы қызметін қалтқысыз ат­қа­рып келетін тіл жанашыры кез келген этнос өкіліне мем­­ле­кет­тік тілдің мәртебесін тү­сін­­діруді мақсат ете отырып, «Мем­лекеттік тіл – менің ті­лім» деп рес­публикалық радио-те­ледидардан жар салуының мәні тереңде жатыр. Болашағын Қа­зақстанмен байланыстыратын әрі осы елде тұратын өзге ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тіл­ге деген құрметін арттыру, отансүйгіштік сезімін ояту басты назарда тұрған ке­зең­де Асылы Әлиқызы «Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Ана тілі әркімнің өзі үшін керек болса, мемлекеттің тілі – Тұңғыш Президент – Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында атап өткендей, елі­міз­де тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің басын қосатын ұйыс­ты­рушы фактор. «Араб тілі – басты тіл, парсы тілі – тәтті тіл, түріктің тілі – өнерлі тіл, ал сол өнер­лі тілдің ішіндегі ең шұ­рай­лысы, ең бай, құнды әрі таза сақталғаны – қазақтың тілі». А.Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «Бай­тақ жер де, бай тіл де – қазақ­тыкі». Сондықтан да осынау байтақ жерімізде қазақ халқының саны өсіп, бай тілін баянды етсін», – деп тілейді. «Өзге тілді меңгеру әркімнің өз қалауы. Бірақ тәрбие – ұлттық, білім – әлемдік болу керек. Ал Қазақстандағы қазақ тілі баршамызға ортақ. Соны баянды ету қолымыздан келмей тұр» деген қынжылысын да жасырмады.

Бүгінде қайраткерліктің биігі­не көтерілген, жанын қазақпен ғана байланыстыра қарайтын тіл жанашыры «Менің нәсібім де, кә­сібім де – қазақ тілі. Сол қа­зақ­тың тілін меңгергендіктен, қазақ­­тың барлық ойындағы қа­сиетін, болмысын ұғып, түсі­ніп, шырылдап айтатыным да сол», дегенді қайталап айтудан жалықпайды әрі осы рухты сөздерімен өскелең ұрпақтың жігеріне жігер қосары анық. Ол халқының мейіріміне мейіріммен жауап беріп, тілдің жоғын түгендеуден жалықпақ емес.

Осы жылдарда ол қазақ тілінің мәртебесі жайлы өзекті мәселе көтеріп, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысып, радио-теледидардан хабарлар беріп, газеттерге үзбей мақала жазып, «Қазақ тілі» мен «Қазақстан мұсылман әйелдері», «Адам құқығын қорғау» қоғамдарының жұмысына белсене атсалысты. Алматы облыстық Әзербайжан этно-мәдени орталығының, «Мем­­лекеттік тілге құрмет» бір­лес­­тігінің төрайымы, «Мем­ле­кеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары қыз­метін атқарып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Мемлекеттік тілді дамыту қорының» Қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды.

Өзі жанындай жақсы көретін қазағы Асылыдай ардақтысын қошеметтеп, құрметтей білді. Соның дәлелі ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауда­ны­ның және Алматы облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болды. «Достық» және «Пара­сат» ордендері, «Қазақстан Конс­ти­туциясына 10 жыл», «Аста­на­ға 10 жыл» медальдарымен ма­рапат­талған. «Мәдениет қай­рат­кері» құрмет белгісінің ие­ге­рі. 2004 жылы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институтының «Әлемдегі ең таңдаулы әйелі» атағын иеленген.