Қазақта «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Осы нақыл орайында биылғы 23 маусымда «Egemen Qazaqstan» газетінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының «Ер есімі неге ұмытылып барады?» атты мақаласы жарияланды. Онда қоғам қайраткері, журналист, батыр ағамыз Нұрмахан Оразбекке «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасалған.
Нұрмахан Оразбеков ағаның аты-жөнін республикалық баспасөз беттерінен, әсіресе Желтоқсан оқиғаларынан кейінгі КазТАГ-қа байланысты материалдардан естіп, оқып жүретінбіз. Кейін Қарағандыға, яғни «Орталық Қазақстан» басылымына редактор болып келген бетте облыстық газеттің бет-бейнесі, мазмұны, бағыты, оқырмандарға ықпалы жақсылыққа қарай күрт өзгерді.
Жаңа редактор келген бетте, газеттің айдарымен қатар тұратын бұрынғы ұранды «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деп өзгертті. Еліміздің ең үлкен, индустриалды облысы партия комитетінің органы болып табылатын газеттегі бұл өзгеріс аймақта үлкен дау тудырып, әсіресе қазақ жұртын елең еткізді.
Ал 1991 жылғы тамыз төңкерісінен кейінгі күнгі «Орталық Қазақстан» газетіндегі «Иә, бұл төңкеріс!» деген мақаласы азаматтығы, парасаттылығы, тас-түйін батырлығы жағынан бүкіл Кеңес Одағында Нұрмахан Оразбекке деңгейлес қайраткердің жоқтығын көрсетті.
Нұрмахан ағамен тікелей танысып, араласуым 1990 жылдың көктемінен басталды. Теміртау қалалық партия комитетінің идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы қызметінде едім. Ағаға арнайы барып сәлем беріп, жақын танысайын деген мақсатпен Қарағандыға келдім. Папкама «Программные документы мусульманских политических партий 1917-1920 гг.» деген, Оксфордта 1985 жылы шыққан кітаптың «Программа партии «Алаш-Орда» атты бөлігін қазақшаға аударып салып алдым. Әңгіме барысында ыңғайы келсе айтармын деген мақсат. Бірақ бұл құжаттың жариялануы екіталай деген ой болғаны да жасырын емес.
Мен қателесіппін, редактор табан астында жауапты хатшыны шақыртып: «Мына материалдарды шұғыл тергізіп, номерге салыңдар әрі көрнекі етіп беріңдер» деген нұсқау берді. Ертеңінде, сексен жылдан аса «абақтыдан» шыға алмаған ойлар республика баспасөзі тарихында тұңғыш рет «Орталық Қазақстанда» жарық көрді. Бұл газеттің 1990 жылғы 24 мамырдағы саны болатын. Көп ұзамай Түркістан социалистік «Ерік» партиясының бағдарламасы да осы басылым бетінде жарық көрді. Айта кететін тағы бір жағдай, сол жылы жетінші және сегізінші қарашада Г.Сафаровтың аталған жинақтағы «Колониальная революция» деген еңбегі туралы Нұрмахан Оразбек ағаның шағын очеркі жарияланды.
Біз, жастар партиялық жиналыстарда, ағаның нық, бұлтартпас дәлелдермен, сенімді сөйлейтініне қашанда риза болатынбыз. Аға демократиялық үрдістердің жаңа қалыптасып, жариялылықтың енді ғана туындап келе жатқан кезеңіндегі ұзын сонар, бөспе, мағынасыз сөздерді қай деңгейде болса да пышақ кескендей қиып тастауға шебер болатын. Бос, көпірме сөзді суқаны сүймейтін. Қашанда дәлдікті, нақтылықты, айқындықты ұнататын. Сол себепті, партияның пленум, конференцияларындағы шешім қабылдау тұйыққа тірелгенде басшылар Нұрағаның пікіріне жиі жүгінетін.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ұлтаралық мәселелердің де шиеленісе түсуін бастан өткерген жайымыз бар. Әсіресе, солтүстік аймақтарда жағдай күрделі еді. Халқының 3,7 пайызы ғана қазақты құрайтын Теміртау қаласындағы жағдай тіптен мүшкіл болатын. Осыған байланысты ұлт мәселесіне арналған «Квадратура круга национального вопроса. Как его решать?» деген көлемді мақаламызды орыстілді басылымдар әртүрлі желеу айтып қашқалақтап баспай жүргенінен құлағдар болған Нұрмахан аға: «Бұл тек идеологтың емес, ұлтжанды азаматтың ғана қолынан келетін шаруа, әкел бері» деп қанаттандырғаны бар.
Жаңадан келген редактордың бізді, жастарды ерекше қызықтыратын тағы да бір қасиеті болды. Ол егемендіктің алғашқы жылдарындағы айтыс-тартыста, ауыс-түйіс кезеңдегі қөптеген жиындарда ұлттық тіл, діл, дін, саясат, қазақтың тарихы мен тағдыры жайлы пікірталастарда, жорта бұрмаланған ойлар мен идеяларға дер кезінде тойтарыс беріп, олардың жалған екенін дәлелдеп отыратындығы.
Қазақ тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін жорта, әдейі, қасақана бұрмалаушылардың қауіпті ұсыныстарын сол мезетте іс жүзінде талқандамасаң, ол шындық сияқты қабылданып жұртқа, әсіресе жастарға теріс әсерін тигізетінін үнемі ескертіп отыратын. Сонымен қатар дер кезінде жоққа шығарылмаған теріс пікір тарап кеткен соң оны әшкерелеуге көп уақыт, кең көлемді жұмыс қажет болатынын айтудан жалықпайтын. Көп жағдайда болашақта орын алуы мүмкін қауіптің алдын, қаптаған партия идеологтары емес, редактор ағамыз алатын.
Қайраткер, ұлтжанды Н.Оразбектің жалған, өтірік, жасанды дүниені жөргегінде құртқан, абзал деген принципті ұстанатынын көпшілік білетін. Аймақ жұрты, қазақтармен қатар өзге этнос өкілдері де ол кісінің соншалықты терең, қысқа да нұсқа пікіріне, қай мәселені де шашау шығармай шешетініне, екі-үш минуттың ішінде қиып түсетін өткірлігіне, терең білімділігіне, алғырлығына тәнті болатын.
Нұрмахан Оразбектің көп айтыла бермейтін тағы бір қасиеті, еңбегі, ерлігі – НКВД карцерінің азабын тартып, ату жазасына кесіліп, каторгада болып, үнемі қуғында, айдауда, бақылауда жүрсе де қарымды, жемісті, өндіріп жазған қадірлі жазушы, қарт ақын, прозаик Жайық Бектұровқа жасаған ізеті мен құрметі, қолдауы мен көмегі. Ж.Бектұров сталиндік зұлматтың қанды шеңгелінен көп жылдар азап шеккен. Және сол қасіретті шыншыл тұрғыдан, өз кезінде қаймықпай бейнелеген бірден-бір суреткер. Өйткені дер кезінде бұл тақырыпқа біздің ақын-жазушылардың бірде-бірінің қалам тартпағаны белгілі. Сол себепті Жайық Кәгенұлын біз ең алдымен халық аяулылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, тағы да басқа мыңдаған, миллиондаған репрессия құрбандарының қатарында болып, дозақ азабын басынан өткеріп, каторга зұлматынан аман келген азамат ретінде білеміз. Сонымен қатар Жақаң, сол ағаларының, замандастарының еңбегін, өмірін, арман, мақсат, мүдделерін, көрген қорлығы мен азабын бірге тартып, оны, елге, халыққа жеткізген қайраткер-жазушы. Демек Ж.Бектұровты Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, т.б. арыстардан бөліп қарауға болмайды. Олай болса Жайық Бектұровты аталған қайраткерлеріміздің тар жол тайғақ кешуінен аман өткен рухани інісі ретінде қабылдаған ләзім.
Әдетте, орыс жұрты репрессия мен ГУЛАГ-тың тарихшысы, оның ерекшеліктері мен табиғатын алғаш ашушы ретінде бүкіл әлемге Александр Солженицынды жариялап келеді. Ақиқаты олай емес. Өйткені іс жүзінде өзі каторжник, журналист, тарихшы, жазушы Жайық Бектұров қызыл-қырғын қиянаты мен каторга зұлматын зерттеуді, жазуды Солженицыннен әлдеқайда ерте бастаған. Орыс зерттеушісі «Один день Ивана Денисовича» деген шығармасын 1969 жылы жариялады. Ал Жақаң, өзінің «Төгілген ар» атты көптараулы, көлемді, эпикалық романын өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында – 1958-1960-жылдарда жазып тастаған. Бұл шығарманы сол тұста еліміздің бірқатар көрнекті жазушысы, қоғам қайраткерлері, партия, кеңес басшы қызметкерлерінің іштарта, ұнатып оқығаны жайлы мәліметтер бар. Ал аталған еңбектің жарық көрмей, тұншығып қалуына әрине қаламгер емес, заман айыпты екені түсінікті жағдай.
Кім біледі, егер ғайыптан көмек болып, аталған жылдары Жақаңның «өзінен өзі тығылып, оңаша отырып, қағаз бетіне түсірген шығармасы» баспадан шықса, орыс тіліне аударылып әлем жұртшылығының көзіне түссе, мүмкін Нобель сыйлығының иегері біздің ақсақал болар ма еді?! Олай дейтінім, шығармада «ГУЛАГ» деп аталған сұрапыл азаптың нелер сұмдық түрлері көрініс тапқан: атап айтар болсақ, «штрафной лагпункт», ыстық, суық карцер, титығына жетіп, көтерем болған тұтқындарды масыл етпей есептен шығару үшін колхоздың арық-тұрақ малдарындай «актировка» жасау, тұтқындағы әйелдердің ауыр жағдайы, мүшкіл хәлі, қашқындарды итке талату, тағы да сондай көптеген жантүршігерлік қиянат-қысастықтар.
«Алаш» көсемдерімен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің биік тұлғаларымен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен замандас, қызметтес, сырлас, мұңдас болып тығыз араласқан Жақаң шығармаларында олардың тағдыр-талайын барынша шыншылдықпен, көркем тілмен көрсете білген қаламгер. Өкінішке қарай, Жайық Бектұровқа інісі Нұрмахан Оразбектің құрастыруымен көлемді етіп қайта басылған «Таңба» және «Енеден ерте айрылған төл секілді...» атты кітаптарын көруді Алла тағала нәсіп етпеді. Нұрмұқан аға Ж.Бектұров ақсақалды Алаш арыстарының көзі, ізбасары, жалғасы, жұрнағы ретінде ерекше сыйлап, адами сый-құрметі мен нақтылай көмек-қолдауын көрсетіп өтті. Бұл шындығында екінің бірінің қолынан келмейтін, қолынан келсе де ойына келмейтін, тек Нұрмахан аға сияқты үлкен жүректі, нар тұлғалардың табиғатына тән қасиет.
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биылғы 23 маусымда «Egemen Qazaqstan» газетінде белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының «Ер есімі неге ұмытылып барады?» тақырыбымен жарияланған мақаласындағы ұсынысты қолдай отырып, Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерекесі қарсаңында Нұрмахан Оразбекті «Халық Қаһарманы» атағымен марапаттайтын сәт туды дегім келеді.
Әбдіжаппар ӘБДӘКІМҰЛЫ,
тарихшы, профессор