Атырауда маусымнан бері «Вакцина ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол» акциясы жалғасып келеді. Содан бері «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған акцияның бірнеше кезеңі өтті. Оған вакцина салдырған тұрғындар қатысып жатыр. Акцияның жүлде қоры – 40 млн, бас жүлдесі 10 млн теңгені құрап отыр.
Мәселен, қыркүйектің алғашқы жұмасында әрқайсысы 200 мың теңгені құрайтын 10 сертификаттың иелері аталды. Бұдан соң 6 қыркүйекте тұрғындарды ынталандыру мақсатындағы ақшалай ұтыс ойынының 1 млн теңгелік алты сертификаты ойнатылды. Бұл кезеңге вакцина салдырған 87 252 адам қатысты. Кездейсоқ сандарды таңдау арқылы жергілікті телеарнаның тікелей эфирінде өткен ақшалай ұтыс ойынын тәуелсіз бақылаушылар қадағалап отырды.
– Бір күнгі ұтыс ойынының нәтижесінде Жылыой ауданының тұрғындары Мереке Дүзелгенов, Әділбек Қамидолла, Құрманғазы ауданынан Алтын Сәрсенова, Атырау қаласында тұратын Жомарт Жұмабеков, Гүлназ Достанова, Айман Әбиева жеңімпаз атанып, әрқайсысы 1 млн теңгенің сертификатын иеленді, – дейді «Азаматтық Альянс» ЗТБ жетекшісі Әлібек Семғалиев.
Вакцина салдырып, бір күнде миллионер атанғанның бірі – Жомарт Жұмабеков. Алайда ол қаржылай сертификатты тапсыру шарасына қатыса алмады. Сол себептен, сертификат оның жұбайы Айнұр Фазыловаға берілді.
– Әлем елдерінде мұндай қауіпті вирустың бұрында да таралғанын білеміз ғой. Бірақ бұл жолғы індеттің өршуі оңайлықпен басылар емес. Мұның алдын алу үшін вакцина салдырудың маңызы артып тұр. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина ектіргенде ақша ұтуды мақсат тұтпадық. Дегенмен, акциядан ұтып алған миллион теңге артық етпейді ғой, – дейді А.Фазылова.
Дәл осындай қомақты болмағанмен, ынталандыру шарасын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де өткізді. Университет ректоры Саламат Идрисовтың айтуынша, оқытушылар мен қызметкерлердің, студенттердің денсаулығын сақтау үшін вакцина салдырудың маңызына баса көңіл бөлініп отыр.
– Мақсатымыз – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Өйткені жаһан жұртына қауіп төндірген коронавирус инфекциясынан вакцина ғана қорғай алады. Осы орайда студенттер арасында «Вакцина ал да, ұтыс ойынына қатыс» акциясын өткіздік. Акцияға 1 шілде мен 25 тамыз аралығында вакцина салдырған 1 333 студент қатысты, – дейді С.Идрисов.
Ұтыс ойынының нәтижесінде 50 студент жатақханаға орналасу үшін 50 пайыздық жеңілдікті, 49 студент шет тілін үйрететін тегін курсқа қатысу жолдамасын ұтып алды. Ал 30 студент Нұр-Сұлтан қаласына тегін саяхаттайтын болды. Сондай-ақ 3 студентке бір жылдық оқу ақысына 30, 50 және 100 пайыздық жеңілдік берілді. Оқу ордасының 5 шәкірті ноутбук иеленді.
Осындай ынталандыру шаралары коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырушылар қатарын көбейтіп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 7 қыркүйекте 1 659 атыраулық тұрғын екпе алған. Оның арасында 43 педагог, 30 студент, 15 дәрігер, 28 мемлекеттік қызметші, созылмалы ауруы бар 141 пациент, 1 397 жергілікті тұрғын мен құқық қорғау органдарының 4 қызметкері бар. Ал 1 ақпаннан бері вакциналардың бірінші компонентін салдырғандар саны 205 163 адамды құрады. Вакциналардың екінші компонентін 152 762 адам салдырған.
Атырау облысы