• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қыркүйек, 2021

Бір күнде – 6 миллионер

1168 рет
көрсетілді

Атырауда маусымнан бері «Вакцина ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол» ак­циясы жалғасып келеді. Содан бер­і «Азаматтық Альянс» заңды тұл­­­ға­л­ар бірлестігі ұйымдастырған ак­­ция­­ның бірнеше кезеңі өтті. Оған вак­­цина салдырған тұрғындар қаты­сып жатыр. Акцияның жүлде қоры – 40 млн, бас жүлдесі 10 млн теңгені құрап отыр.

Мәселен, қыркүйектің алғашқы жұмасында әрқайсысы 200 мың теңгені құрайтын 10 сертификаттың иелері аталды. Бұдан соң 6 қыркүйекте тұрғындарды ынталандыру мақсатындағы ақшалай ұтыс ойынының 1 млн теңгелік алты сертификаты ойнатылды. Бұл кезеңге вакцина салдырған 87 252 адам қатысты. Кездейсоқ сандарды таңдау арқылы жергілікті телеарнаның тікелей эфирінде өткен ақшалай ұтыс ойынын тәуелсіз бақылаушылар қадағалап отырды.

– Бір күнгі ұтыс ойынының нәтиже­сінде Жылыой ауданының тұрғын­дары Мереке Дүзелгенов, Әділбек Қами­долла, Құрманғазы ауданынан Алтын Сәрсенова, Атырау қаласында тұратын Жомарт Жұмабеков, Гүлназ Дос­танова, Айман Әбиева жеңімпаз атанып, әрқай­сысы 1 млн теңгенің сертифи­катын иеленді, – дейді «Азаматтық Альянс» ЗТБ жетекшісі Әлібек Семғалиев.

Вакцина салдырып, бір күнде миллионер атанғанның бірі – Жомарт Жұмабеков. Алайда ол қаржылай сертификатты тапсыру шарасына қатыса алмады. Сол себептен, сертификат оның жұбайы Айнұр Фазыловаға берілді.

– Әлем елдерінде мұндай қауіпті вирус­тың бұрында да таралғанын білеміз ғой. Бі­­рақ бұл жолғы індеттің өршуі оңай­лық­­пен ба­сы­лар емес. Мұның алдын алу үшін вак­­цина салдырудың маңызы артып тұр. Сон­­дық­тан коронавирусқа қарсы вак­ци­на ектір­генде ақша ұтуды мақсат тұтпа­дық. Дегенмен, акциядан ұтып алған мил­­лион­ теңге артық етпейді ғой, – дейді А.Фазылова.

Дәл осындай қомақты болмағанмен, ынталандыру шарасын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті де өткізді. Университет ректоры Саламат Идри­совтың айтуынша, оқытушылар мен қыз­меткерлердің, студенттердің денсау­лығын сақтау үшін вакцина салдыру­дың маңызына баса көңіл бөлініп отыр.

– Мақсатымыз – ұжымдық имму­нитет­ті қалыптастыру. Өйткені жаһан жұрты­на қауіп төндірген коронавирус инфекциясынан вакцина ғана қорғай алады. Осы орайда студенттер арасында «Вакцина ал да, ұтыс ойынына қатыс» акциясын өткіздік. Акцияға 1 шілде мен 25 тамыз аралығында вакцина салдырған 1 333 студент қатысты, – дейді С.Идрисов.

Ұтыс ойынының нәтижесінде 50 студент жатақханаға орналасу үшін 50 пайыздық жеңілдікті, 49 студент шет тілін үйрететін тегін курсқа қатысу жолдамасын ұтып алды. Ал 30 студент Нұр-Сұлтан қаласына тегін саяхаттайтын болды. Сондай-ақ 3 студентке бір жылдық оқу ақысына 30, 50 және 100 пайыздық жеңілдік берілді. Оқу ордасының 5 шәкірті ноутбук иеленді.

Осындай ынталандыру шаралары коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырушылар қатарын көбейтіп отыр. Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының баспасөз қызметі тарат­қан ақ­паратқа қарағанда, 7 қыркүйек­те 1 659 атыраулық тұрғын екпе ал­ған. Оның арасында 43 педагог, 30 сту­дент, 15 дә­рігер, 28 мемлекеттік қызмет­ші, со­зыл­­малы ауруы бар 141 пациент, 1 397 жер­­гілікті тұрғын мен құқық қор­ғау ор­ган­­дарының 4 қызметкері бар. Ал 1 ақ­­панн­ан бері вакциналардың бірін­ші ком­понентін салдырғандар саны 205 163 адамды құрады. Вакциналардың екінші компонентін 152 762 адам салдырған.

 

Атырау облысы