• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қыркүйек, 2021

Сырқаттану деңгейі төмендеп келеді

251 рет
көрсетілді

Дүниені дүр сілкіндірген індеттің із салғанына екі жылға жуықтады. Әлемнің кей бұрышы алаңсыз алаң­дарға жиылып, қалыпты өмір­мен қауышып үлгерді. Басқа бір аймақтары әлі де бетінен бетпердесін тастамай, сақтық шараларын сақтауға міндеттеліп отыр. Ал еліміз­дегі эпидемиялық жағдайды толық жақсарды деп айту ерте. Дегенмен тамыз айымен са­лыс­тырғанда сырқаттану деңгейі 1,4 есе төмендеген.

«Пандемия басталғаннан бері әлемде коронавирус инфекциясының 220 млн-нан аса жағдайы тіркелді, өкінішке қарай 4,5 млн-нан аса адам қайтыс болды. Қазақстанда 8 қыркүйекте коронавирустың оң нәтижесімен 824 мыңнан аса және коронавирустың теріс нәтижесімен 71 мыңнан аса жағдай тіркелді. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 88 пайызы сауығып шықты», деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.

Оның айтуынша, эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақ­станның 12 өңірі «қызыл аймақ­та» орналасқан. Соңғы аптада «сары аймаққа» 4 облыс ауыс­ты. Бұл – Шығыс Қазақстан, Жам­был, Сол­түс­тік Қазақстан және Қызыл­ор­да облыстары. «Жасыл аймақта» Түркіс­­тан облысы тұр. Соң­ғы екі аптада эпидемиялық жағдай­дың біртіндеп тұрақтануы байқа­ла­ды. Тамыз айы­мен салыстыр­ғанда сырқаттану дең­гейі 1,4 есе төмендеді.

Министрлік мәліметі бойынша бірінші компонентпен 6 928 646 адам, екінші компонентпен 5 755 817 адам вакцина салдырды. Сондай-ақ М.Шоранов елімізде 15 қыркүйек күні тұмауға қарсы вакциналау бас­талатынын айтты.

«Жақындап қалған ЖРВИ, яғни тұмау маусымына айрықша тоқталып өткім келеді. Биыл бюджет қара­жаты есебінен Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамм бар. Бұл республиканың жалпы тұрғындарының 13 пайызын қамтуға мүмкіндік береді», деді ол.

Осыған орай еліміздің Бас мем­лекеттік санитар дәрігерінің қау­лысы қабылданған.

«Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың ең әлсіз тобы вакциналанатынын атап өткім келеді. Олар – медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансер­лік есепте тұрған балалар, жетім бала­лар және ата-анасының қам­қор­лы­ғынсыз қалған балалар және басқалар. Бұған қоса жұмыс беру­ші­лердің және халықтың жеке қара­жаты есебінен де вакциналау жүр­гізіледі», деді М.Шоранов.

Оның айтуынша, ресейлік вакцинадан бөлек Қазақстан аумағында тағы 3 өндірушінің 4 вакцинасы тіркелген. Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Вак­сигрип Тетра», Инфлювак (Ни­дер­ланд) мен Синовак Биотек (Қытай) компаниялары өндірген вакциналарды да алуға болады.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі коронавируспен бірнеше рет ауырғандардың санын атады.

«Коронавируспен қайталап ауыр­ғандардың саны 23 мың адамдай болады. Былтырғы наурыздан бастап қайталап аурып, емделгендердің саны – осынша. Соның ішінде 3 200 адам – стационарлық ем алғандар. Қалған 20 мың адам жеңіл формада аурып, емхана деңгейінде ем алған», деді М.Шоранов.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орын­басары Зәуре Ахметова Қазақ­стан­да коронавирусқа қарсы қол­да­ны­латын вакциналардың тиім­ді­лі­гі туралы статистиканы айтты. Оның айтуынша, вакцинаның б­ірін­­ші компонентін алғаннан кейін ауырғандардың үлесі 0,1 пайыз болса, екінші компонентін алған­нан ке­йін ауырғандардың үлесі – 0,2 пайыз.

«Коронавируспен ауырған­дар­дың статистикасын қарасақ, 99,9 пайызы – вакцина алмағандар. Тек 0,1 пайызы ғана вакцина алғаннан кейін ауырған. Оның саны – 20 211 адам. Вакциналардың түріне қарай жіктесек, бірінші компонент алып ауырғандардың саны – 7 070 адам. Оның ішінде Спутник V алған 6 108 адам (0,1 пайыз). Бұл вакцинаны 5 669 855 адам алған. QazVac вацинасын 172 707 адам алған. Оның ішінде 172 адам ауырған (0,1 пайыз). Hayat-Vax алғандар саны – 529 349 адам. Оның ішінде 553 адам ауырған (0,1 пайыз). CoronaVac екпесін алғандар арасында 218 адам ауру жұқтырған (0,1 пайыз). Жалпы, бұл вакцинаны алғандар саны – 249 373 адам», деді З.Ахметова.

Ал екінші компонент алғаннан кейін 13 141 адам ауырған екен. Бұл – 0,2 пайыз. Оның ішінде Спутник V алған 4 912 195 адамның 11 101-і ауырған (0,2 пайыз). QazVac вацинасының екінші компонентін алған 113 730 адамның 231-і ауырған (0,2 пайыз). Hayat-Vax алғандар саны – 472 463 адам. Оның ішінде 1 448 адам ауырған (0,1 пайыз). CoronaVac екпесін алғандардың 341-і ауру жұқтырған (0,15 пайыз).

Сонымен қатар брифинг барысында жалған вакцина паспортын сатып алғандарға қайта екпе алу мүмкіндігі туралы сөз болды.

«Денсаулық сақтау министрлігі бірінші кезекте халықты иммундауды сапалы жүргізуге мүдделі. Сондықтан ондай олқылықтардың жолын барынша қатаң түрде кесу керек. Өздеріңіз білесіздер, Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Өңірлердің бәрінде дерлік жалған вакцина паспортын жасаған медицина қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Вакцина паспортын заңсыз жолмен сатып алу әрекеттерімен әлі де күресе береміз. Әзірге жалған вакцина паспорты бар азаматтардан қайта екпе алу туралы өтініш түспеді. Бір кезде заңсыз тәсілге жүгінген, енді нағыз вакцина алғысы келетіндерден өті­німдер келген жоқ. Жүгінген жағ­дайда ондай азаматтармен жұ­мыс істеуге дайынбыз. Бірақ бұл жерде бірқатар нормативтік-заңна­малық мәселелерді атқару керек. Яғни тиісті құзырлы органдардың тиісті мақұлдауы керек. Бірыңғай шешім шыққан кезде ол туралы мәлімдейміз», деді М.Шоранов.

Сондай-ақ мамандар еліміздегі 18 жасқа толмаған балаларға вакцина тек ата-анасының рұқсатымен ғана жасалатынын жеткізді.

«Ең бірінші ата-анасы қажетті мә­лі­мет алады және қолхат беру ар­қы­­лы жасалады. Осыған байланыс­ты мектеп аясында қандай да болсын екпе жасалатын болса, ата-ана­­лар жи­налысы өтеді. Бүгін­гі таң­­да ба­ла­лар арасында екпе салу жүр­­­гі­зі­ліп жатқан жоқ. Осы­ған бай­­ла­­ныс­ты біз ата-аналар­ды жал­ған ақ­па­раттарға сенбеуге шақы­ра­­мыз», деді Қоғамдық денсаулық сақ­­тау ұлттық орталығы басқарма төр­аға­сының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.