• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 10 Қыркүйек, 2021

Жолдауды орындауда әр қазақстандықтың үлесі маңызды

285 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы қоғамда кеңінен талқылануда. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясында өткен дөңгелек үстелде республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктер жетекшілері, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері орамды ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Президент Жолдауының басымдықтары мен міндеттерін, оларды жүзеге асыруға ҚХА-ның атсалысуын, сондай-ақ қоғам­дық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту бойынша Ассамблеяның алдағы жұ­мысына тоқталды. Отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшы­лық меңгерушісі Марат Әзілханов қаты­су­шылар назарын Жолдаудың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын жетінші бөліміне аударды.

– Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауды өзінің жаңа мәртебесі – Қа­зақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде жариялағанын атап өту қажет. Жолдаудың негізгі тезистерін зерделей отырып, біріншіден, Мемлекет бас­шысының этносаралық қатынастар мәсе­лелеріндегі стратегиялық сабақтастықты қамтамасыз ету жөніндегі саяси ерік-жігерінің табандылығын терең түсінеміз. Бұлардың барлығы Ассамблеяның 29-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген этносаралық қатынастар және интеграция саласындағы мемлекеттік сая­сатты жүргізу, сондай-ақ ұлттың жаңа біре­гей­лігін нығайту қағидаттары мен идеоло­гиялық тәсілдерінен тікелей туындайды, – деді М.Әзілханов. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының Ассам­блеяға өркениетті диалог пен өзара құрмет мәдениетін дамытуды, азаматтық белсенділікті жандандыруды тапсырғанын атап өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев еліміздегі этнос­аралық қатынастың маңыздылығы жөнін­де айта келе, қазақ тілін дамыту бағытында атқарылған жұмысқа тоқталды.

– Министрлік қазақ тілін дамытуға, жетілдіруге және оның қолданыс аясын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан этностары арасында мемлекеттік тілді үйренуге айрықша көңіл бөледі. Еліміздің барлық өңірлеріндегі Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Онда келушілер мемлекеттік тілді және этностардың ана тілдерін оқып, қазақ халқының бай мәдениеті мен ежелгі дәстүрлерімен танысады. Еліміз бойынша барлығы 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 124 топ қазақ тілі курс­тарын өткізеді. Оған 1 200-ге жуық адам қатысады. Сонымен қатар Достық үйле­рінің базасында тұрақты негізде қазақ тілін оқыту бойынша 18 «Мәміле» пікір­талас клубы ұйымдастырылды, «Қазақ­тану» республикалық мәдени-ағарту­шылық жобасы іске асырылады, – деді С.Егізбаев.

Отырыста сөз алған «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері  қауым­дас­тығы­ның төрағасы Икрамжан Хашим­жанов 30 жыл бойы жинақтаған мол тәжі­ри­беміздің арқасында біздің қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлік сала­­сындағы мемлекеттік саясатымыз әлем­дік қоғамдастық тарапынан оң баға­ланатынын баса айтты.

– Бүгінде Шымкент қаласы тұр­ғын­­дарының 30 пайыздан астамын түрлі этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этнос­­тардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге, сақтауға лайықты жағдай жасалған. Бұл тұрғыда еліміз өр­кениетті елдерден озық тұратын парасатты саясат ұстанып отыр. Өз кезегінде барша этнос Ассамблеяның берекелі шаңырағының астына жиылып, ел бірлігіне бағытталған ауқымды жоба-жоспарларды ұтымды іске асыруға және ең бастысы – мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтасып отыр, – деді И.Хашимжанов. Ол сондай-ақ Жолдауға қолдау көрсету және оны нақты әрі сапалы орындау баршамызға ортақ міндет екеніне, сондықтан Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы Мемлекет басшысы айтқан барлық тапсырмаларды әр сала мамандары сапалы әрі нәтижелі орындағанда ғана біз ел жағдайының іс жүзінде жақсарғанының куәсі болатынымызға сенім білдірді.

Жазушы, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Отарбаев Жолдаудың қоғамда орын алып отырған күрмеуі күрделі мәсе­лелердің шешілуіне үміт болғанын атап өтті.

– Жолдауда көкейдегі көптеген түйт­кілді мәселелердің түйіні тарқады. Мәселен, азық-түліктің бағасы шарықтап өсе бастаған шақта нақты шешім жолдарын ұсынып, қоғамдағы алаңдаушылықты басты. Сондай-ақ көкейімізде жүрген ең бір маңызды мәселе – тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет саласын одан әрі дамыту, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру және жас таланттарды қолдау және оларға қамқорлық көрсету болды. Бұл шын мәнісінде зиялыларымыздың көңілінен шыққан жағымды жаңалық, – деді Мәлік Отарбаев.

Одан бөлек жиында сөз сөйлеген Қазақстан немістерінің «Возрождение» бір­лестігі қамқоршылық кеңесі төра­ға­сының орынбасары Евгений Больгерт бұл Жолдаудың «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі үшін таяу болашаққа бағытталған бағдарламалық құжаты болатынын атап өтті.

Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі, «Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лығы директорының орынбасары Элина Паули қазақ тілінің қолданысын кеңейту Ассамблея міндеттерінің бірі екеніне тоқталды.

– Біз ұрпақ болашағын ойлай отырып, олардың қазақ тілін білуіне жағдай жасауы­мыз және қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Мысал ретінде республикалық барлық Достық үйлерінде құрылған қазақ тілін меңгеруге арналған «Мәміле» клубтарын айтуға болады. Осындай бастамаларды қолдай отырып заманауи форматта жүргізген жұмысты дамыту қажет, – деді Ассамблея жастар қозғалысының өкілі.

Осылайша, іс-шара барысында Жол­дауды жүзеге асыруда Қазақстан хал­қы Ассамблеясының басты міндеті айқын­далып, атқарылатын жұмыстың бағыты белгіленді.