Жуырда «Самұрық-Қазына» АҚ делегациясы Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында «Ресейдің Сбербанкі», Mail.ru және Yandex компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.
Қоғаммен байланыс департаментінің хабарлауынша, Қор және портфельдік компаниялардың өкілдері «СберУниверситет» корпоративтік университетінде Сбербанктің бизнес-экожүйелерін қалыптастыру тәжірибесі мен технологиялық шешімдерімен танысты. Тараптар қаржылық технологияларды дамыту жолдары мен қаржы институтының цифрлы өнімдері және инфрақұрылымдық, платформалық қызмет түрлерін талқылады.
Жаһандық трендтер мен болашақ бағдарына сай «Самұрық-Қазына» АҚ жеке бизнес-экожүйелерін қалыптастырып, жаңа, қаржылық емес және денсаулық сақтау, энергетика, сумен қамту, робототехника және цифрлы қауіпсіздік салаларындағы әлеуметтік маңызы бар қызметтерді дамытуды қолға алмақ. Mail.ru және Yandex технологиялық компанияларының басшылығымен келіссөздер барысында тараптар өзара тиімді серіктестік мәселелерін талқылап, мәліметтерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын, «жасыл экономика» және мәліметтерді сақтау технологияларын дамыту жолдарын пысықтады.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша QazCloud ЖШС Mail.ru. Цифрлық технологиялар» компаниясымен меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, қазақстандық компаниялар Mail.ru Cloud Solutions платформасына қол жеткізе алады.
QazCloud ЖШС бас директоры Қасым Есергепов атап өткендей, бүгінгі таңда ашық қоды бар мәліметтерді сақтау платформаларына деген сұраныс арта түскен. Бұл ірі инвестицияларды қажет етпей, цифрлы жобаларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жаңа қызметтер платформаларын (PaaS) қолжетімді етеді.