БАҚ тым саясиланып, экономикаланып кетті: Үкімет, банк, бизнес, форум... Қарапайым адам, оның қарапайым тыныс-тіршілігі, отбасы, иман... көлеңкеде қалып қойды. Әсіресе, жастар!.. Ал оларға айтар сөз көп-ақ. Мысалы, қыздардың «күйеуге қашып кетуі». Иә, оңтүстікте қандай да бір зорлық, күш қолдану, байлап-матау жасалу қаупі болмаса да, өзінің ұнатқан адамымен тұрмыс құруға ешкім, оның ішінде ата-ана да қарсылық етпесе де, қыздарымыздың өз еркімен, өз ұйғарымымен «күйеуге қашып кету» жағдайлары бар. Жоғары білімді қыз да, жоғары білімді емес қыз да, дәрігер қыз да, мұғалім қыз да, қала қызы да, ауыл қызы да... Бұны ешкім жалған, жала дей қоймас.
Менің Қостанай жағында, Орал, Өскемен жағында едәуір уақыт болғаным бар. Сол жылдарда «қыз күйеуге қашып кетіпті» дегенді естіген емеспін. Ойлаймын, ол жақтағылар үшін бұл тақырып мәнін жоғалтқан, архаизмдік қана мәселе. Ал бізде, Шымкент жағында, әдеттегі жағдай болып жатады. Жалпы, ол тосын жағдай емес. «Күйеуге қашып кету», «алып қашу» ертеден келеді. Бірақ, ежелгі кез бен қазіргі кез өзгеше ғой. Бұрындары мәселені негізінен қалың мал шешті, әйелдер құқық атаулыдан жұрдай болды, қаншама арулар зорлыққа мойынсұнбай, «жартастан құлап жатты терең суға...», «неде болса көріп алдық, кеттік!» деп сүйіктісімен қол ұстаса «қашып кетіп» жатты.
Қазір қызға зорлықпен үйлену, алдап-арбау, малға сату – қылмыс саналады, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Демек, қазір «қашып кетудің» әлеуметтік негізі жоқ және де мұның анық осылай екені бәрімізге де белгілі. Сондықтан бұл мақалада қыздарды күш қолдана алып қашу, тағысын тағы бұзақылық, тағылық қылмыс туралы әңгіме қозғалмайды, қарындастардың өз қалауымен, бірақ жасырын, құпия, тығылып «кетуі» төңірегінде ғана сөз болады.
Ал енді осы «кету» неге тоқталмай отыр? Мұны осы әдіс, осы жолмен келін болып түскен қыздардың өздерінен сұрап білейік. «Ата-анама айтудан ұялдым», дейді Түркістан жағынан Ордабасының Алтынтөбе ауылына «келген» Н. есімді келін. Осындай жауапты Шымкенттен Сарыағашқа, Шардараға және Төле би-Леңгірге қоныс аударған үш қыз да айтады. Сонда, жасырынып, тығылып «қашып кетуден» әке-шеше, дос-жолдас, туыстармен кеңесу, ақылдасу ұят, ерсі болғаны ма?!
Осы жөнінде бірқатар азаматпен ой бөліскеніміз де бар. Сонда таңданғанымыз: қайсыбіреулер «қашып кетуді» теріс көре қоймайтын сияқты. «Қазақ қыздары табиғатынан ұяң. Олар үшін «Мен күйеуге тиемін!» деп әке мен шеше алдына бару қолайсыз, дөрекі!» дейді. Бұл тұжырыммен келісу қиын. Ерлі-зайыптылық – екі адамның бүкіл саналы өмірі. Ұзақ сапарда бармақ тістемес үшін асықпай, ақылдасып, сараптаудың тіпті де өрескелдігі жоқ. Ал «тұрмыс құру жөнінде ата-анама айтуға ұялдым да, жасырынып қашып кеттім» деу, шынында да ұят! «Үй-ішім мен ұнатқан жігітті ұнатпады. Ата-анасыз екен деді. Баспанасыз екен деді. Үстіндегі бір киерінен басқа ине-жібі де жоқ екен деді. Жоқ екен дейтіні, осы айтылғанның бәрі бар бір пысықай оларға ұнап қалған еді. Қалай дейсіз, ата-анамның үстінен арыз жазайын ба? Қой, ең тәуір жол осы болар деп, бір түнде осында келін болып түсе қалдым», дейді Ордабасыдағы Көкбұлақ ауылына «келген» С. есімді келін. Мұндай ата-аналар бар. «Қашып барған жерлерін» өзіне тең көрмей, екі бірдей қызын кері қайтарып алған үлкен құрылыс ұйымын басқарған бір әкені білемін. Тоқ, қамсыз өмір сүру жақсы-ақ. Бірақ адам құлқынның құлы емес, махаббатсыз дүние бос. Мәселе осында. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген де сөз бар. Дұрыс сөз. Алайда, махаббат жоқ жерде, түсіністік жоқ жерде бас та, мал да екеу болмақ емес.
«Күйеуге қашу» мен «келісе отырып алып қашудың» мағынасы егіз қозыдай. Демек, әлгі сұрақты жігіттерге де қоюға болады. «Алып қашу ойда жоқ еді, амалсыздан, – дейді Бадам теміржол стансасындағы Ғ. деген жігіт. – Қыздың үйі төлем дәметті және де ол менің шамам келетін мөлшерде емес. Сосын қызбен келістім де, үйге ың-шыңсыз әкеле қойдым...». Мұндай да ата-аналар бар. «Мына келініңізге әрең қолым жетті, – дейді Шымкенттің «Самал-3» шағын ауданында тұратын Қ. деген шофер жігіт. – Онымен танысып, білісіп болғасын, үйіне бардым. Сөйтсем, алым-салық дейді. «Зән ақы» бұл – ана сүті үшін төлем, қыздың құны – 5 мың АҚШ доллары!» дейді. «Құда түсесің!» дейді. «Той жасап ұзатамыз, оның шығынын сен көтересің!» дейді. «Киіт!» дейді. «Мінт!» дейді. Мен «ілу», «өлі-тірісі», «сойысы», «сағалақ», «ұн жағу», «арқан салу», «құда табақ», «әр үйдің киіті», «шаш сипатар», «қол ұстатар», «ентікпе», «жеңге көйлек», «құдайға шүкір» сияқты «ұсақ-түйектерін» айтпай-ақ қояйын. Осынша пұлды қайдан табады екенмін, әлде үйленбеуім керек пе екен?! Осылай да осылай деп жағдайды айтып едім, міне, мына тұрған келініңіз «кеттік!» деп машинама өзі отыра кетті...». Мұны жігіт жанынан шығарып айтып тұрған жоқ, бәрі рас.
Осы ақшақұмар ата-аналардың бірі: «Бір теңге «зән ақыны» бес теңге жасау етіп қайтарамын», – дейді. Олай емес, бұл – жай сөз. Жоғарыда аталған Көкбұлақ ауылымен жекжат болып, 7 мың доллар «зән ақы» алған бір құда қызының жасауы деп 4 мың теңгелік үш көрпе, 400 теңгеден 2 жастық, 10 мыңдық бір кілем, 30 мыңдық телевизор, 40 мыңдық тоңазытқыш, 80 мың теңгенің гарнитурын әкелген... Мұның бергі жағында «жасау» беру – міндеттілік емес қой. Берсең бер, жас отауға көмектес. Бірақ, ол күйеу баладан ақша алып, соған жасау жасап, содан соң оны күйеу балаға беру деген емес қой. Күйеу бала керек-жарақты өз ақшасына өзі-ақ сатып ала алады ғой.
Жастарды шошытып жүрген тағы бір іс бар. Ол – ұзату тойы. Қызды шектен тыс ұлан-асыр той жасап шығару әдетке айналып барады. Бақастық, атақ-даңқ құмарлыққа негізделген оның бар салмағы әдетте күйеу балаға түседі. Бұл жағдай көбіне «қашып кетудің» және «келісе отырып алып қашудың» тыйылмауының бір себебі болуда. Өйткені, қыз «күйеуге қашып кететін, өзі келетін болса» онда «зән ақы» да және басқалары да кемітіледі, ал «қыз ұзату» тойына жұмсалатын қаржы болса, ол бүтіндей күйеу жігіттің өзінде қалады. Міне, осындай есеп.
Дегенмен, егер мәселеге қағидатты тұрғыдан қарайтын болсақ, онда жоғарыда айтылғанның бәрі қызды қалайда қашып кетуге мәжбүр ететін, шешімі жоқ себеп емес, шешуі табылатын, жеңуге болатын, тіпті, ұсақ-түйек дерлік қана кедергілер. Демек, осыдан-ақ көрініп тұрғанындай, қыздың туған үйінен қашып шығып, отау есігін ұрлана ашуына ең алдымен болмашыны сылтау еткен, өзінің құқығын, намысын жөндемді қорғай алмай, кедергіні алудың ең жеңіл жолын – «қашып кетуді» таңдаған тап сол бойжеткеннің өзі мен оның жігітін кінәлі етуге болады. «Сонда қалай, ата-ананың ықыласын алу, той-томалақ жасау шарт па?» деушілер де болар. Жоқ, шарт емес. Бірақ, жасырынып емес, ашық, емін-еркін-ақ күйеуге шығуға болады ғой. Неке үйіне бар да, тіркеле бер! Ал күйеу баланың қалтасына қол сұқпай той жасаймын деушілік болса, несі бар, мархабат, жасалсын!
Әрине, күйеуге күйеу жігітпен келісе отырып, қашып кетіп шыға ма, жоқ әлде ата-ананың ұзатуымен шыға ма, әр қыздың өз шешімі. Бұл ретте қандай да міндеттеу жоқ. Алайда, ерсі мен ескілікті, жақсы мен жаңалықты пайымдай отырып шешімге келген абзал. Бұлар бойға, санаға, көкірекке бесіктен, бақшадан, мектептен сіңіріле бастаса игі. Бойжеткендермен, жігіттермен ата-ана, зиялы қауым әңгіме құрып, «сырласып» тұрса нұр үстіне нұр. Қазір барлық жерде жастар ұйымы – облыстық-аудандық-қалалық басқарма мен бөлімдер бар. Мақаладағы мәселені жүйелеу бойынша, әсіресе, бұл буында көп жұмыс атқарылуы керек.
Алайда, олардың қызметі әзірше көшелерді сыпыру және көліктердегі жолаушылармен «танысудан» шығандап аса қойған жоқ-ау десем, жастар ұйымдары маған ренжи қоймас. Ескі атаулы датталса, жарқын өмірге жарасымды салт-дәстүр енгізілсе! Ал қазір бізде бағзы заман белгілерінің, айталық, «зән ақы» талап етушіліктің, «күйеуге қашып кетушіліктің», т.б. бар екенін жазуға мәжбүрміз. Және де бірінші рет жазылып отырған жоқ. Өткен ғасырда «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») Әзілхан Нұршайықов пен Алтынбек Жолдасбековтің біздің облыстың бұрынғы Шәуілдір ауданынан көлемді мақаласы басылып, ол тұрғындар, әсіресе, жастар арасында қызу-қызу сөз етілгені есте бар. Жалпы, бұл мәселе бірінші рет жазылып отырған жоқ. Соңғы рет те болмауы әбден ықтимал...
Сәділ КАДЕЕВ.
ШЫМКЕНТ.