Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлының «Пандемия. Шектеу. Самғау...» атты жеке көрмесі ашылды.
Мазмұнды іс-шара «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаеваның айтуынша, бұл жоба – әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, ұлт мәдениетінің көрнекті өкілдерінің өнерін насихаттауды мақсат тұтқан.
−Жеңіс Кәкенұлының көрмесі – автор әлемінің айнасы. Оның туындылары табиғатқа, құстарға, үйлесімдікке ұмтылады. Қанық бояуларға толы суреттер шығармашылық бейнелер мен тылсым нәзіктікті әбден сіңірген. Ұсынылған сериядағы әр жұмыс біртұтас рухани мазмұнды құрайды, – деді көрменің ашылуында Күләйша Ақтаева.
Көрмеге талантты қылқалам шеберінің адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, жаңаша ізденіспен зерделеген еңбектері ұсынылды.
«Құланшы» заманауи өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрағасы, Еуразия өнер академиясының президенті Ләйлә Махат өз сөзінде авторды бұрын кескіндемеші ретінде білсе, енді графикалық суретші ретінде жақын танығандығын айтты.
− Өнердің даму тарихына үңілсек, әлеуметтік-экономикалық немесе саяси өзгерістер секілді дағдарыс пен сынақтар кезінде өнер саласының түрлі бағыттары дамып, жаңа кезеңге қадам басқанын аңғарасыз. Жеңіс Кәкенұлы да пандемия тұсында жаңа қырынан ашыла түсті. Суретшінің жұмыстарынан оның қолтаңбасы сезіледі, алайда түстер мен штрихтерден өзгеріс байқалады, − дей келіп, ол авторды Еуразия өнер академиясының мүшелігіне қабылдануымен құттықтады.
Мәдени іс-шара барысында автордың өзі де осы уақытқа дейін шығармашылығына ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін, фольклорын арқау етіп келсе, бұл ретте жалпы адамзат болмысы мен құндылықтарына сүйеніп, жан әлемін бейнелеуге күш салғандығын жеткізіп, көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.