Асқар Мамин ГФР бизнес өкілдерімен Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ГФР бизнесінің, сондай-ақ Германия экономикасының шығыс комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді», деп хабарлайды Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Тараптар жаңартылатын энергетика, газ өңдеу, АӨК, машина жасау, тау-кен металлургия өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.
Үкімет басшысы Германия Қазақстанның ірі сауда серіктестері мен негізгі инвесторларының бірі екенін атап өтті. 2005 жылдан бастап ГФР-дың ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен $5,1 млрд құрады.
«2021 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72%-ға өсіп, $64,6 млн-нан асты, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымының көлемі 26%-ға $1,2 млрд-қа дейін өсті, Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен энергетика, АӨК, машина жасау, құрылыс және логистика салаларында 950-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді», деді ҚР премьер-Министрі.
Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов және басқалар қатысты.