Павлодар облысының Тереңкөл ауданында 60-қа жуық мал аудан орталығында қараусыз жүргені үшін иелеріне айыппұл салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тереңкөл ауданының полицейлері «Скотокрад» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында 58 бас иесіз мал фактісін анықтады. Мал иелеріне қатысты үш айлық есептік көрсеткіш (8 751 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.
Тереңкөлде қараусыз жүрген мал арнайы айып тұрағына қамалды, деп толықтырды құқық қорғау органдары.
Сол күні Тереңкөл ауылының маңындағы Омбы-Майқапшағай тас жолында тәртіп сақшылары «ГАЗель» автокөлігін тоқтатып, онда ауыл тұрғыны тиісті құжаттары жоқ үш жылқыны алып бара жатқаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары материал жинап, процессуалдық шешім қабылдау үшін оны ауданның ветеринарлық қызметіне жіберді.