Кейінгі кезде қоғамның мемлекеттік тіл мәселелеріне деген қызығушылығы артуда. Бұл бір жағынан қуантады. Екінші жағынан, жағдай ашыған қамырдай күмпиiп бара жатқандай сезіледі. Ашынған кейбір азаматтар әлеуметтік желіде ащы-ащы пікір айтып, азаттық жылдарында тілге қатысты түк ілгерілеу болмағандай сөйлеуде. Шынында солай ма? Біржақты сын айызды қандырардай сүйкімді көрініп, бұқараның есiл-дертiн жаулап алатыны бар. Осы қызбалыққа бәріміз дем беріп, шиеленісті өршіте түссек не болмақ?
Дегбірсізге дем беріп, жатқа жем болмаудың жайы
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтқандай, «тіл үлкен саясаттың құралына айналды». Өкінішке қарай, енді тілді осы перспективадан тыс қарастыра алмаймыз. Ал саяси құралдар кейде соғыс өртіне тамызық болып жататынын да естен шығармауымыз керек.
Біз тілді дамытуда батыл қимылдауға тиіспіз, бірақ ашық арандатушылыққа ермеген абзал. Егер көшеге шығып, қазақша білмегеннің бәрін ғайбаттап, ұрып-соғып жатсақ, бұл онсыз да сыныққа сылтау іздеген сыртқы залым күштердің елге іріткі салуына, басып кіруіне негіз болуы ғажап емес.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тіл мәселесі жөнінде күйінгенде: «Аюды да алты айда үйретуге де болады» дегені бар еді. Осы сөздің өзі түсінген адамға жеңіл ме. Әр ұлттың бабадан қалған асыл мұрасы, барлығы да, байлығы да − ана тілі. Бұл ел-жұрт болып қолға алатын жағдай екені бәрімізге белгілі. Десекте көп жағдайдан сабақ алмай жүргеніміз өкінішті.
Ауғанстандағы қан-қасап қырғынды көрген ардагер ретінде қазақ жерінде ешқашан соғыс болмауын, басы енді ғана өсіп келе жатқан қазағымның қан майданда қырылып қалмауын қалаймын. Азаттық үшін бұлқынған қазақтың еркін шектеп, құлқын құрықтаған кер заманның қайта оралмауын тілеймін. Бүлік шыққан жерден өлік шығады. Ел шетіне жау енсе, қайсар қазақ баласы ақтық демі таусылғанша алысарын, жер бесікке жамбасы тигенше жұлысарын білемін. Бірақ тілімізді бейбіт жолмен дамытуға болса, жағдайды шектен шығару ақылға жата ма?
«Отанның eсiгiн сoғыс пен ажал қаққан кeздe басқаның бәрi – игiлiк пeн шағын кикiлжiңдeр, байлық пeн iзгiлiк, адамның қoғамдағы жағдайы жәнe басқалар өзiнiң құны мeн мағынасынан айырылады», дейді Елбасы.
Тілді радикалды түрде енгізуге тырысу соғысқа соқтырса, қазақ халқы мен ана тіліміз қазіргі күйіне зар болып қалуы мүмкін. Бұл ретте ел басшылығы көршілермен одақтастық және мемлекеттік тілді дамыту арасындағы стратегиялық тепе-теңдікті үлкен шеберлікпен сақтап келеді. Бұл саладағы сындарлы саясат жалаң эмоция мен зарлы тарихтың запыранына негізделе алмайды.
Ғалымдардың айтуынша, Солтүстік Америкада заманында 400-ден астам үндіс ұлыстары өмір сүрген, олардың бәрі әртүрлі тілде сөйлеген, тіпті пиктографиялық болса да, жазба мәдениеті, әліпбиі болған. Қазіргі кезде олардың көбінің тілі түгіл, аты да ұмытылды. Заманауи үндістердің көбі ағылшын тілін ғана біледі. Ресей құрамындағы қаншама ұлттың ұрпақтары да ана тілінен көз жазып қалды.
Әділін айту керек, өткен 30 жыл ішінде Қазақстан мемлекеттік тілді ілгерілетуде қомақты жетістіктерге қол жеткізді. 90-жылдармен салыстырғанда қазақ тілінің жағдайы көш ілгері. Әлі есімде, ХХІ ғасырдың басында қазақ басылымдары да, депутаттар да «ресми іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізілуге тиіс» деген мәселе көтеретін. Себебі, қазақша жолдаған хатыңа мемлекеттік органдардан орысша жауап келетін. Қазір ондай проблема жоқ деуге болады. Мемлекеттің іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Ел Парламентінің, Үкіметтің отырыстары қазақша өтеді. Мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білуің шарт.
Енді қалып тұрғаны – қазақ тілінің барлық салада кең қолданылуына қол жеткізу. Мемлекетті бұл істе барлық қазақ,төрде отырған төрелер де жаппай қолдауы қажет. Сонда ғана Қазақстан осы істе түбегейлі жеңіске жетеді.
КСРО ыдыраған тұста республикамызда қазақ тілінде оқитын оқушылардың үлесі үштен бірге де жетпейтін (32,4%). Қазіргі кезде бұл үлес 65%-дан асты. Бірақ ұлты қазақ оқушылардың үлесі 76%-ды құрайды екен. Демек, қазақша оқитындар санын әлі де қарқынды арттыруға болады. Бұл үшін қоғамның қолдауы керек.
Әйтпесе, қазақтың өзі баласын бірінші болып, орыс мектебіне берсе, ата-аналар, тіпті қариялар үйде немерелерімен қазақша сөйлеспесе, қазақтардың өзі мемлекеттік органдарға өтінішін орыс тілінде жолдаса, қоғамдық орындарда, қызмет көрсетуші ұйымдарда сұрағын бірден қазақша қоймаса, мемлекеттік тіл қайтіп өркен жаяды?!
Мұның бәрін қоғамдық кикілжіңсіз шешіп, келісім мен тұрақтылықты сақтай отырып, ақылмен алға жылжытуға тиіспіз.
Әрине, сыртқы күштерден ығып, мемлекеттік тілді дамытпауымыз керек, үнемі орыс тілін төрге оздыра беруге тиіспіз деген (сөз жоқ) ойдан аулақпын. Бұл іс ақылдылықпен бірге батылдықты қажет етеді. Біз қазақ, ұйысқан ұлт болып, өзіміз бастап, қазақ тілін бар салада бекітуге, мызғымас бекініске айналдыруға тиіспіз. Бірлігімізбен мойындатып, арамызға жан-жақтан от тастаушыларды жолатпай, биік тұруға міндеттіміз. Тілімізді дамытудағы қадамымыз бірізді, ісіміз ізденісті, жұмыстарымыз жүйелі болуы қажет.
Тілді пәрменді өрістетудің жаңа шаралары
Келесі шараларды ұсынамын: біріншіден, болашақта бүкіл орыстілді және аралас мектептердегі бастауыш сыныптардың бәрін мемлекеттік тілде оқытуға көшірген жөн. Әзірге тек бастауыш сыныптарын.
Өзге этнос өкілдері Қазақстанның нағыз патриоты ретінде бұл ұсынысты қолдайды деген сенімдемін. Өйткені олардың балалары бәрібір орыс тілінен көз жазып қалмайды. Бастауыш мектепте орыс тілі және әдебиеті пәні оқытылуы керек. Оның үстіне отбасында, қоғамда орысша сөйлеседі. Қаласа, орыс тіліндегі курстар, ұзартылған күн топтары («продленка»), репетиторлық орталықтар, кешкі мектептер қаптап ашылған. Отандық және ресейлік телеарналар тегіс дерлік орысша.
Егер біз ең болмаса, осы бастаманы жүзеге асырсақ, келешекте, аға ұрпақ орнын жаңа ұрпақ толық басқанда Қазақстанда мемлекеттік тілді білмейтін азамат қалмайды деуге болады.
Екіншіден, «Еларнаны» немесе республикалық арналардың бірін қазақ тілін үйрететін арнаға айналдыру қажет. Ол күндіз-түні тек осы іспен айналысуға тиіс. Бұл ретте тілді үйретудің әлемде ойлап табылған барлық тәсілі мен әдістемесі сол арнада көрініс тапқаны жөн. Әйтпесе, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін адам көп, олар қазақ тілін білмеу мансап бойынша жоғарылауға кедергі болатынын, тұрмыс-тіршілікте қиындық әкелетінін түсінеді. Алайда олар қазақ тілін үйрететін тегін курстардың тапшылығына шағымданады.
Мысалы, бір арызданушы азамат мектепте орыс тілінде оқитын баласы мемлекеттік тілді терең меңгеруі үшін оған осындай курсты іздегенін айтады. Ол кеңес сұрап, Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына жүгінеді. Басқармадағылар әкімдіктің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне хабарласуға кеңес береді. «Руханияттағылар» тіл оқыту курстарына елорданың тек ересек тұрғындары ғана қатыса алатынын және жас ұрпақпен айналыспайтынын жеткізіпті. Неге жас бойынша шектеу қойып тастағаны белгісіз. Парламент қабылдаған бірде-бір заңда ондай шектеу қарастырылмаған.
Азамат бұған да тосылмай, Білім министрлігіне хат жазып, балаларға мемлекеттік тілді қосымша үйрететін курстардың байланыс телефондарын беруді өтінеді. Айта кету керек, ел Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жариялаған шешіміне сәйкес, тілді дамыту Мәдениет және спорт министрлігінен алынып, БҒМ құзырына берілді. Бұл өте дұрыс. Алайда азаматтың айтуынша, БҒМ-нің Тіл саясаты комитетінен «мектеп бағдарламасы оқушылардың қазақ тілін еркін меңгеруі үшін жеткілікті» деген жалтарма жауап келеді. Жеткілікті болса, мектептен қазақша білмейтін жүздеген мың түлек шықпас еді.
БҒМ-нің мұндай кесірлі ұстанымын тілді дамыту үшін зиянды деп санаймын. Жалпы, министрлік мектептерде қазақ тілін оқыту сағаттарын көбейткені жөн. Әйтпесе, орыс сыныптарында қазақ тілі сабақтары орта есеппен аптасына 2-3 рет қана өтеді. Тілді еркін меңгеру үшін бұл жеткіліксіз. Оқушылардың көбі қарапайым сөздерді жаттаудан алысқа ұзай қоймайды. Педагогтердің біліктілігін көтеру де үлкен мәселе!
Үшіншіден, БҒМ-ге балаларға арнап, жазда тілді тереңдетіп оқыту курстарын ұйымдастыруды ұсынамын. Тәуелсіздіктің 30 жылында Үкіметтің балаларға арнап осындай курстар ұйымдастыра алмағаны өкінішті. Осының салдарынан Тәуелсіздік түлектерінің қазақшадан мақұрым тұтас буыны өсіп-жетілді. Мұндай салғырттықтың соңы неге соқтыратынын әлемдік тәжірибеден көріп жүрміз.
«Белги» ұрпағының ауыр тағдыры
Сөзге тұздық болсын, Еуропаның жүрегі саналатын Бельгия елінің тағдыры сабақ алуға тұрарлық. 2004 жылдың қарашасында елімізге сапары кезінде Бельгия Корольдігі Сенатының Президенті Анн-Мари Лизиннің айтқаны есте қалыпты: «Қазақ халқы тәрізді біз де шетелдік басқыншылардың шапқыншылығын бастан көп өткердік. Қатыгез тағдыр тілімізден айырып, көптілді мемлекетке айналуға мәжбүр етті. Сондықтан біз сан алуан мәдениеттерден құралған күрделі қоғамда өмір сүрудің қиыншылықтарын жақсы білеміз!» деген еді А.Лизин. Бұл елге келген қонақтың ілтипаты, жай айтыла салған сөз емес, оның астарында ащы запыран, аянышты тарих тұр.
Осы мемлекеттің түп-тамыры «белги» тайпалары одағынан бастау алады. Бұл алып ұлыс қазіргі Бельгиядан әлдеқайда байтақ жерге – сонау Францияның теріскейі мен Германияның батысына дейін созылып жатқан үлкен аумаққа иелік етеді. Бертінде оны Рим империясы басып алып, біздің дәуірімізге дейінгі 16 жылы империя құрамындағы Белгика (Gallia Belgica) провинциясы пайда болады. Осы кезеңде белгилер жер бетінен жойылып кете жаздаған. Юлий Цезарь өзінің «Галл соғысы туралы жазбаларында»: «Белгилердің жартысын қырып салдық, қалғаны тілсіз құлға айналды» деп шабыттана жазады.
Батыс Рим империясы біздің дәуіріміздің V ғасырында ғұн бабаларымыздың жойқын соққысына шыдамай, түпкілікті күйрегені мәлім. Сол кезде қандықол империядан құқай көрген, құлға айналған талай ұлт пен ұлыс азаттық алды. Заманауи Еуропа қалыптаса бастады. Бұл белгилердің де еңсе тіктей бастаған кезі еді. Алайда көп ұзамай, бұл ұлыс Римнің мұрасын бөлісіп, тез нығайған герман, ағылшын, француз державаларының талауына түсіп, жұлма-жұлмасы шығады. Одан қалды орта ғасырларда біресе Нидерландтың, біресе Испанияның, біресе Францияның құрамына кіреді. Тілінен айырылып, түрлі дінге бөлініп, тоз-тоз болатын тұсы да осы кез. Ақыры 1830 жылғы 23 қыркүйекте Нидерландтан тәуелсіздік алып, жеке Корольдік құрғанда, бұл жұртта ата-бабаларының белги тілін білмейтін ұрпақ қана қалған еді.
Бүгінде Бельгияда 3 ресми тіл (француз, нидерланд және неміс тілі) барын оқушылар да біледі. Алайда әлемде белги тілі деген жоқ. Тіліне қарай жік-жікке бөлінген Бельгия тіпті біздің ХХІ ғасырдың басында мемлекет ретінде ыдырауға шақ қалды. Қазір де бұл қаупі сақталуда. Бүгінде осы бір мемлекетте бірін-бірі түсінбейтін екі ел тұрып жатыр. Бельгияның Фландрия бөлігінде нидерланд тілінде сөйлейтін, ал Валлонияда французша ғана тілдесетін бельгиялықтар тұрады.
Қазақстандықтар бұдан қандай сабақ ала алады. Тілдер халқымызды екіге жармауға тиіс! Ендігі біздің мақсат – қазақша білмейтіндерге тегіс мемлекеттік тілді үйрету, қазақы ортада баулу.
Қазақ хандығы мен қазіргі Қазақстанның ұқсас миссиясы
Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тіл ұлттық құндылыққа айналды. Бірақ осы жылдарда ол мемлекетте, қоғамда басымдыққа айналды ма? Олай деу қиын. Дегенмен, осы кезеңде жеткен жетістіктеріміз бізді алға жетелейді. Бодан жылдары жоғалтып ала жаздаған тілімізді бостан жылдары дамытудың берік тұғыры түзілді. Енді тоқыратпай, сол тұғырды тек биіктете беруге тиіспіз. Бұл істе шыдамсыздық пен күйгелектiк, қатыгездік пен өшпенділік жарға жығады. Ақыл мен айла, бірлік пен бауырластық алға бастайды.
Сөз соңында келесі қызықты теңеуге зейін қоюды өтінемін. Осыдан V ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібек Шу бойындағы Қозыбаста Қазақ хандығының туын тікті. Содан кейінгі жүзжылдықтарда текті де тегеурінді хандарымыз ұлан-байтақ жерді бір мемлекетке біріктірді. Оның барысында тек түбі бір түркі жұрттарын ғана емес, Сібір хандығы, Қытай, Моңғолия секілді сол кездегі ірі державалардың тілі басқа, өңі өзгеше, діні бөгде бірқатар тайпаларын өзіне қосты. Сонда ата-бабамыз қазақша білмейсің деп ешбіріне құқай көрсетпеді, сабырмен, саналы түрде өз айналасында ұйыстырды.
Қазіргі заманғы Қазақстан алдында да ұқсас миссия тұрғаны жасырын емес: себебі, патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсында қазақ елі тұтас ұлттар көшірілген «халықтар лабораториясына» айналдырылды. Қазақ азшылықта қалды. Қазақ халқының және биліктегі тұлғалардың қазіргі міндеті – қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы әлеуетін барынша пайдаланып, оның Қазақстанның барлық өңірінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қол жеткізу. Рухы асқақ, шабыты шалқар, дәрмені дастан, рухани қуаты күшті қазақ халқының қолынан бұл келеді деп сенемін.
Бақытбек Смағұл,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan фракциясының мүшесі