Күз келсе, күзбен бірге театрлардың да мәуесін жайған ағаштай бойындағы бар жақсысын көрерменіне ұсынуға асығатын дағдысы биыл да сол қалыбынан айнымады. Елордалық театрлар бірінен кейін бірі жаңа маусымының шымылдығын түріп, астана халқын тамаша қойылымдарымен тәнті етіп үлгерді. Әйтсе де биылғы маусымның, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры үшін орны бөлек. Өнер ұжымы ХV мерейлі театр маусымының шымылдығын түрді.
15 жыл! Тарих үшін көп уақыт емес! Бірақ театр ұжымы үшін бұл 15 жыл қиындық пен қуанышқа, жанкештілік пен ізденіске, еңбек пен ұмтылысқа, жеңіс пен жеміске толы үлкен шығармашылық мектеп, теңдессіз тәжірибе алаңы.
Екі күн қатарынан бас қалаға өнер мейрамын сыйлаған мерейлі маусымның ашылуына елімізге белгілі тұлғалар, өнер қайраткерлері құттықтай келіп, өздерінің жылы лебіздерін, ақжарма тілектерін білдірісті. Театрға қарай сағыныса ағылған талғампаз көрермен режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың суреткерлік сараптауында сахна көрген Талаптан Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклін тамашалады. Айтулы қойылым жазушының «Сұлу мен суретші» әңгімесінің желісі негізінде көрерменімен қауышып отыр. Жыл басында тұсауы кесілген сыршыл мюзикл жаңа маусымның да көрерменіне тамаша тарту болды. Қойылымда басты рөлді, яғни Сұлу мен Суретші бейнесін театрдың талантты актерлері – Назерке Серікболова мен Мейірғат Амангелдин кемеліне келтіре кейіптеді.
Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен лирикалық спектакльдегі есті әуен, ұтымды табылған режиссерлік шешім, актерлік шебер ойын көп көңілінен берік орын алды. Шәмші Қалдаяқов, Еркеғали Рахмадиев, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Елена Әбдіхалықова бастаған біртуар композиторлардың жүрек қылын шертер әуезді музыкалық туындыларының шебер үйлесіміне құрылған айтулы спектакль көрерменін де бейжай қалдырмады. Ал қойылым алдында өткен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында театр директоры, белгілі театр және кино актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов ұжымның алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.
15 жыл бойы үздіксіз көрушісін тәнті етіп, таңғалдырудан жалықпай келе жатқан Жастар театрының әр қадамы мен өнердегі жемісті жолы елордалық көрерменнің көз алдында. Олай дейтініміз, 2007 жылдың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармаларының желісі бойынша жасалған «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түрген театрдың тәй-тәй басып, бүгінге дейін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді.
Иә, Арқа төрінде бой көтерген ару астана уақыт-ағзам ажарына белгі салған санаулы жылдың ішінде-ақ саяси-экономикалық бағыттың барометрі ғана емес, өнеріміз бен мәдениетімізге ұйытқы болар ұлтымыздың шын мәніндегі рухани өмірінің айнасына айналып үлгерді. Жер жаһанның назарын өзіне бұрғызып, жыл сайын емес, ай сайын, тіпті күн сайын қанатын кеңге жайып, құлпырып, жайнап, ел егемендігімен бірге еңсесін тіктеп, ерке Есілмен егіз жасасқан бас қаламыздың баянды тарихы талай игі бастамалар мен ұлағатты оқиғалардың себепшісі һәм дәнекершісі болып келеді. Астана тамырына тыныс сыйлап, бағытына бағдар берген сондай іргелі өнер ошағының бірі – дәл осы Жастар театры десек, титтей де артық айтқандық емес.
Ең алғаш «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түріп, осы уақытқа дейін өнер шыңын бағындыруға ұмтылып һәм сол додадан үнемі жеңіспен оралып жүрген театр ұжымының жас театрдың тұсауын кесер қойылым ретінде дәл осы әфсананы таңдауы кездейсоқтық болмаса керек. Жастар театрының шаңырақ көтергенін сүйіншілеген «Шыңғысханды» зор сүйіспеншілікпен қарсы алған өнерсүйер қауым үшін де, үмітін үкілеп додаға қосқан театр ұжымы үшін де аталған қойылым ақжолтай спектакль болды. Жарты әлемді жаулаған жеңімпаз жайлы шығармамен ту тіккен театр күні бүгінге дейін сол байрақты төмен түсірмей, өнер аламанында лайым жеңімпаз болып келеді. Театр репертуарын түрлі бағыттағы спектальдермен түрлендіріп, талай додада топ жарған өнерлі ұжымның алда әлі де алар асуының мол боларына сенім зор.