Құқық қорғау органдарында Жолдау жүктеген міндеттер қалай орындалуда? Адам құқығын қорғау ісін жетілдіруді көздеген бастамалардың жүзеге асу барысы қалай? Бұл саладағы жаңа өзгерістер, заманауи модельді қалыптастыру идеясы өзін ақтады ма? Бұл – көптің көкейінде жүрген сұрақтар. Құқық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістер – ел Президентінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында сөз болған маңызды мәселелердің бірі.
«Әділетті мемлекеттің» алғышарты
Стратегиялық құжаттың «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» бөлімінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы бұл іс-шаралардың ауқымы келесі кезеңде кеңейе түсетінін де ескертті.
Осыдан бір жыл бұрын жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын» қатаң ескертіп, азаматтардың мүддесін қорғау жолында «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз екенін айтқан Мемлекет басшысы «Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», деген еді.
Осы құжаттан кейін құқық қорғау органдарында елеулі өзгерістер болды. Жергілікті полиция қызметі толықтай «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеуге бет бұрды. Елді мекендерде, әсіресе шалғай жатқан ауыл-аймақтардағы учаскелік инспекторлардың жұмысына ерекше мән беріле бастады. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Прокурорлық қадағалау қайта күшейтілді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, қылмыспен күрес саласы қайта жаңғырды. Атап айтқанда, ең алдымен азаматтардың құқығын қорғауды мақсат тұтқан үш буынды модель құрылды. Биылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндеті заң бойынша бекітілді. Елімізде биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырған әкімшілік әділет жүйесі енгізілді. Яғни «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасының алғышарты бекітіліп, басты әрі маңызды қадамдар жасалды.
Ендігі кезең – осы маңызды әрі стратегиялық бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оң нәтижеге жетуіне ықпал ету. Президент бұл бағытта қолға алынған іс-шаралардың нақты нәтижеге жетуі ең бірінші жергілікті билік органдарының белсенділігіне байланысты екенін де айтып өтті. «Жергілікті атқарушы билік жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, полицияға қолғабыс етуге тиіс. Сонымен қатар қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек», деген Мемлекет басшысы бүгінде Жолдауда құқық қорғау органдарының алдында тұрған басты міндеттерді тағы бір рет тиянақтап берді.
Атап айтқанда, алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеу; балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу; есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына барынша тосқауыл қою; сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру міндеттері айтылды. Әсіресе, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аударған Президент: «Жоғарыда аталған шаралардың бәрі саяси жүйені және адам құқығын қорғау ісін жетілдіруге бағытталған стратегиялық бағдарымыздың құрамдас бөлігі саналады» деп атап өтті.
Әкімшілік әділет жүйесін енгізу – маңызды реформа
Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Жаңа кодекс – Мемлекет басшысының бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда жасалған нақты қадамдардың бірі. Қазақстанда бұған дейін қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің үш түрі болғанымен, төртінші түрі – билік органымен дауда ең әлсіз тарапты қорғауға бағытталған әкімшілік әділет Жолдау жүктеген міндеттен кейін іске қосылғанын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік әділетті енгізу туралы 2019 жылы алғашқы Жолдауында тапсырма берген болатын. 2020 жылы елдегі көптеген маңызды мәселелерді тиімді шешіп, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей заңдық құжат туралы тағы айтылды. Күшіне енген жаңа кодекс қазіргі таңда Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуында негізгі әрі ең тиімді бірден-бір құрал болып саналады. Әлемде бұл кодексті «шенеуніктерді тәртіпке шақыратын арнайы жүйе» деп те атайды. Себебі әкімшілік әділеттің басты миссиясы – билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғау. Мықты аппараты бар мемлекеттік органның ресурсы мен қарапайым адамның мүмкіндігін салыстыруға болмайтынын ұдайы айтып жүрген сарапшылар мен заңгерлер жаңа процеске «объективті ақиқатты іздеуші белсенді судья» деген анықтама да берген болатын.
Кодекстің бірнеше басты ерекшелігі бар. Біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығады. Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Ал қарапайым адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар органмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Мемлекеттік органның заңгерлері бар, мүмкіндігі көп. Сондықтан ондай даулардың көбі қалай аяқталатынын бәріміз жақсы білеміз. Нақты статистикаға сүйенетін болсақ, елімізде даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіліп келген. Осыдан кейін қарапайым халықта соттарға деген сенімсіздік ұлғайып, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазандай болатыны сөзсіз. Ал жаңа Кодекс бойынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады.
Сот арыз иесі ретінде жеке азаматқа немесе кәсіпкерге барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны енді талапкер дәлелдемейді. Сол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі оның заңдылығын, қажеттілігін, негізділігін дәлелдеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, әкімшілік әділет жүйесін енгізу – маңызды реформа әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудың тиімді құралы.
Басты қағидат – «Жұртқа жақын полиция»
Жолдау жарияланғаннан кейін реформалардың негізгі құралы – Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бектілді. Басты мақсаты ішкі істер органдарының заманауи, технологиялық талаптарға сай, халықтың сеніміне ие жүйесін құру болып табылатын бағдарламалық құжатта 127 іс-шараны қамтитын 9 негізгі бағытты іске асыру көзделген еді. Қазіргі таңда бұл бағыттардың 97 пайызы орындалып, 30-ы іске асырылуда.
Ішкі істер органдарын реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың басында ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландыру бағыты тұр. Ел Президенті қойған нақты міндеттердің негізінде ІІМ қызметкерлерінің саны 14 пайызға қысқартылды. Нәтижесінде, полиция қызметкерлерінің саны бойынша 100 мың тұрғынға шаққандағы сан 471-ден 369-ға дейін төмендеп, орташа еуропалық көрсеткішке қол жеткізілді. Осы жылы штаттарды қайта бөлу есебінен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының саны артты. Жол-патрульдік полициясы патрульдік полиция болып қайта құрылып, саптық бөліністердің сержанттық лауазымдарын офицерлік лауазымдарға кезең-кезеңмен ауыстыру аяқталды.
Президент өткен жылғы Жолдауында Ішкі істер министрлігі жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ведомствоның құрылымын қайта қарап, салаға тән емес функцияларды алып тастауды тапсырды. Осының негізінде 2020 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен азаматтық қорғау саласындағы барлық функциялар мен бөлімшелер жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Ішкі істер органдарының бөлімшелерін спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаппай тарту тәжірибесі де қысқартылды. Бұл жөнінде Ішкі істер, Мәдениет және спорт министрліктерінің 2019 жылғы 27 маусымдағы №582 бірлескен бұйрығы дәлел бола алады. Кейіннен Президент жанындағы құқық қорғау және сот жүйелері комиссиясы ІІМ-нен мемлекеттік органдардың бірқатар объектілерін күзетуді бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Осылайша екі кезеңде шамамен 3 мың бірлік штат санын босата отырып, 650-ден астам күзетілетін объект берілді. Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына – көші-қон саласындағы негізгі функциялар, Денсаулық сақтау министрлігіне – сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы органдарға пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша міндеттер жүктелді.
Маңызды құжатта айтылған міндеттердің тағы бірі – құқық қорғау органдары қызметкерлерін халықпен ашық әңгіме жүргізуге үйрету еді. Бұл бағытта кадрларды даярлау және іріктеу жүйесі басымдыққа айналуы қажет екенін ескерткен Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тұтас реформасын жасауды тапсырды. Осылайша соңғы бір жылда құқық қорғау органдарында халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтары түзілді. «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелері» құрылып, кабинеттерден тыс қоғамдық орындарда «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабылдау» секілді халықтың арыз-өтінішін тыңдайтын акциялар ұйымдастырылды. Мысалы, азаматтарға арналған қабылдаулар кезінде ІІМ 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында 368 мыңнан астам азаматқа консультация беріп, 214,1 мың өтінішті қараған. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері белсенді пайдаланыла бастады. «Инстаграм», «Фэйсбук», «Вконтакте» секілді әлеуметтік желілерде полиция органдары басшыларының жеке аккаунттары ашылып, учаскелік инспекторлар үй иелері мен ПИК чаттарына қосылды.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ішкі істер органдарына жұмыстың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету, сондай-ақ учаскелік инспекторларға басты рөл берілетін жергілікті полиция қызметін реформалау да тапсырылған еді.
Бұл жұмыстар да кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Бірінші кезеңде Әкімшілік полиция комитеті қайта құрылды. Комитет күзет және күзет қызметін бақылау функцияларынан босатылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға баса назар аударылды. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету шеңберінде полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Аймақтарда тәулік бойы қызмет атқару және азаматтарды қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған заманауи модульдік полиция бекеттері орнатылуда. Бүгінгі таңда өңірлерде осындай 57 бекет жұмыс істейді. Тағы 169-ын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар қызмет атқару тәртібі қайта қаралды. Елді мекендердің неғұрлым криминогендік учаскелерінде жаяу патрульдер саны артты.
Түйін. Бұл – межелі кезеңде атқарылған маңызды қадамдардың бір парасы ғана. Себебі бір мақаланың аясында еліміздің құқық қорғау органдарындағы жаңашылдық пен іргелі реформалардың барлығын қамту мүмкін емес. Ең бастысы – адам құқығын қорғап, азаматтардың мүддесіне қызмет ететін құқық қорғау органдарын жаңғырту жолында қолға алынған бастамалар мен жобалар аяқсыз қалмауы керек. Өйткені Жолдауда Мемлекет басшысы аграрлық саясатта сабақтастықтың жоқтығын айта келіп: «Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді» деді. Шындап келгенде, бұл – барлық салаға қатысты ортақ сын.