Өзбекстанға қашқан ауған ұшқыштарының бірқатары Біріккен Араб Әмірлігіне (БАӘ) ұшып кетті. Бұл туралы Reuters агенттігі АҚШ-та білім алған ауған ұшқышының сөздеріне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Орталық Азия жаңалықтар қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, тәліптердің ұшқыштарды кері қайтару туралы талабына қарамастан, олар жексенбі күні БАӘ-ге ұшып кеткен.
Әзірге АҚШ мемлекеттік департаменті, БҰҰ және «Талибан» қозғалысы бұл мәлімет бойынша түсініктеме бермеді.
Сенбі күні The Wall Street Journal басылымы ауған ұшқыштарын АҚШ-тың Катардағы әскери базасына жөнелтіп, ол жақтан басқа өлкелерге жеткізіледі деп жазған.
Reuters ауғандар ұшып келген А-29 үлгісіндегі 22 ұшақ пен UH-60 Black Hawk үлгісіндегі 24 тікұшақтың қазір қайда екені белгісіз дейді.
15 тамызда «Талибан» Ауғанстан астанасы Кабулға басып кіргеннен кейін 585 ауған ұшқышы отбасымен Өзбекстанға қарай қашқан.
Тәліптер Өзбекстаннан ұшқыштарды қайтару жөнінде талап еткен. Сол себепті Ташкент АҚШ-тан бұл мәселені тезірек шешуді өтінген.