Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жетімдердің ақысын жеп келген лауазым иесінің әрекеті әшкереленді. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Прокурорлық тексеру барысында «Қазпошта» АҚ қызметкерінің жетім балалардың есеп-шотына қол салғаны анықталды. Күдікті бірнеше балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тиесілі ақшаны бермеген екен. Жалпы, ұрланғаны 12 млн. теңгеден асып түседі. Осыған орай, күдікті әйелге аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлады деген айып тағылды. «Қазіргі кезде ақша ұрлығына қатысты қылмыстық іс облыстық қаржы полициясы департаментіне жолданып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ол аяқталғасын, қанша кісінің осы қылмысқа қатысы бары мәлім болады», - дейді Орал қаласының прокуроры Айдын Рашидов.
Бұған дейін де жекелеген өңірлерде тәрбиешілердің жетімдерді ұрып-соғу дерегі тіркелген-ді. Енді қаржы жымқырған қылмыстың беті ашылып отыр.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы.
Фото: «Қазақстан» телеарнасы.