Бұрынғы тергеуші, бүгінгі адвокат Рұстам Тоққожаның редакцияға жазған арызымен және оған тіркелген құжаттармен танысып шыққаннан кейін екіұдай ойда қалдық. Егер заңгердің өзі құқығы мен мүддесін қорғай алмаса, егер заңгердің өзі әділеттілікке қол жеткізе алмаса, басқа қарапайым жұрт қайтпек?
Бұрынғы тергеуші, бүгінгі адвокат Рұстам Тоққожаның редакцияға жазған арызымен және оған тіркелген құжаттармен танысып шыққаннан кейін екіұдай ойда қалдық. Егер заңгердің өзі құқығы мен мүддесін қорғай алмаса, егер заңгердің өзі әділеттілікке қол жеткізе алмаса, басқа қарапайым жұрт қайтпек?
Тал түсте қоғамдық орында бір топ адамнан таяқ жеп (Бостандық аудандық соты ғимаратының алдында), 21 күн ауруханада емделіп шыққан адвокат өзін соққыға жыққандарға қатысты қозғалған қылмыстық істің тапжылмай тұрғанына қынжылады. Біраз құзырлы орындарға шағымданғанымен нәтиже болмаған соң, «Егеменге» арызданыпты. Түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық.
Ол өткен жылдың 1 тамызы күні соттасушы тараптың өкілі ретінде Алматы қаласы, Бостандық аудандық сотында өткен азаматтық іске қатысады. Бұл іс бойынша оның оппоненті – Хамедов Абильфас Муслимович болатын. Сот процесі аяқталғаннан кейін оған қатысушылар ғимараттан сыртқа шығады. Ғимарат алдында Хамедов жанында оққағары және азаматтық іс бойынша өкілі Н.Вейсаловпен бірге Рұстам Тоққожаға келіп, қолынан жұлқылап, шетке шығарып әңгімелеспекші болады. Бірақ Тоққожа: «Мен айтарымның бәрін сот алдында айттым, сіздермен сөйлесетін сөзім жоқ», деп олармен сөйлесуден бас тартады. Оның қашқақтағанына қарамастан Хамедов адвокатты жұдырықтың астына алады. Және оған оққағары мен заңды өкілі де қосылып, Тоққожаны соққыға жығады. Көздері қарайған үшеу адвокаттың қолындағы құжатқа толы сөмкені тартып алу үшін әрекеттенеді. Сөмкедегі бұл құжаттар өзі үшін аса маңызды болғандықтан, қарсыласуға шамасы келмесе де қолындағы сөмкеден айырылмауға тырысады. Айғайлап жұртты көмекке шақырады. Сол кезде сот приставы мен кезекші полиция қызметкері келіп бұларды ажыратады.
Дегенмен, жеген таяқтың зардабы ауыр болғандықтан, сол жерге жедел жәрдем мен полиция шақыртылады. Көптеген дене жарақатын алып, бас сүйегіне зақым келгендіктен Рұстамға медициналық жәрдем көрсетіліп, ауруханаға жатқызылады. Сот-медициналық сараптамасы адвокаттың орта деңгейдегі жарақат алғанын дәлелдейтін қорытынды шығарады (№04-05-2079 сарапшы анықтамасының көшірмесі редакцияда сақтаулы). Нәтижесінде, Хамедовке қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бірақ бұл қылмыстық іске қатысты айғақтардың жеткілікті болуына қарамастан, іс одан әрі жылжымайды. Түрлі қитұрқылыққа түседі. «Өзінің қылмыстық әрекеті үшін заң алдында да, жұрт алдында да, өзінің ары алдында да жауап бергісі келмейтін Абильфас Хамедов қалай да әшкереленуі тиіс. Бұрынғы құқық қорғау қызметкері, бүгінгі адвокат ретінде мен мұндай істердің қалай «сынатынын», яғни істі қалай «сындыратынын» жақсы білемін. Сондықтан, барлық мүмкіндігімді салып, бұл істі жеріне жеткізуге тырысамын», дейді Рұстам Тоққожа.
Өткен жылдың тамыз айында қоғамдық орында, яғни Бостандық аудандық сотының ғимараты алдында бір топ адамның бір адамға жабылып, оған дене жарақатын салып, ауруханаға жатқызған қылмыстық істің биылғы жылдың қаңтарына дейін қаңтарылып тұруы неліктен? Біз осы сұрақты Алматы қаласы, Бостандық ауданының прокуроры Бауыржан Жұмақановқа қойған едік.
– Бұл қылмыстық іс уақытша тоқтап тұр, – деді Бауыржан Альбертұлы, – бұл іс бойынша алдын ала тексеру жүргізген Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы А.Байленов Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы, бірінші бөлімі, екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Себебі, сол кезде сот-медициналық сараптама дайын болмаған. 2013 жылдың 9 қыркүйегінде Алматы қаласының прокуратурасына Р.Тоққожадан бұл шешімге келіспейтіні жөнінде арыз түседі. Сол айдың 26 жұлдызында Бостандық аудандық прокуратурасы тарапынан учаскелік инспектордың шешімі бұзылып, қылмыстық іс қайтадан қозғалды. Қылмыстық істі қозғауға төбелес кезінде қоғамдық тәртіп бұзылды ма, оқиғаға қатысты адамдардың бұрын-соңды өзара қатынасы қандай болған деген сияқты мән-жайларды анықтау негіз болып еді. Сондықтан, осы іс бойынша Р.Тоққожадан да, А.Хамедовтен де түсінік алынды. Р.Тоққожа редакцияға және басқа да құзырлы орындарға жазған арызында айтылған сөздерінен танбаса, А.Хамедов «сөзбен керістік, ешқандай төбелес болған жоқ» дегенді айтады. Оның сөзін Н.Вейсалов та қоштап отыр.
– Сондай-ақ, – дейді сөзін жалғастырған Бауыржан Альбертұлы, – қылмыстық іс материалында А.Хамедов, Н.Вейсалов және Н.Нарманқұлов Тоққожаның сөмкесіне жармаспағанын, оны тартып алуға әрекеттенбегендіктерін айтады. Сондай-ақ, мұндай әрекетті дәлелдейтін куәлар да жоқ. Сондықтан, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының тергеушісі А.Қуанышұлы осыған қатысты қылмыстық істі қысқартты.
Прокурордың айтқан сөздерін түсінгендей болдық. Дегенмен, тергеушінің бұл шешімі әлі қайта қаралар. Мәселе тек мұнда ғана емес. Негізгі айтайын дегеніміз, Р.Тоққожаның үш адамнан таяқ жеп, денсаулығына зақым келуіне байланысты қозғалған қылмыстық істің нәтижесі еді.
– Бұл іс уақытша тоқтап тұр, – деді прокурор, – себебі, А.Хамедов Тоққожаға берілген сот-медициналық сараптама қорытындысына күмән келтіріп, арыз жазды. Оның арызына байланысты өткен жылдың 13 желтоқсаны күні комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды. Егер комиссия Р.Тоққожаға берілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысын дұрыс деп тапса, Хамедовке қарсы қылмыстық іс сотқа жіберіледі.
Тобықтай түйін
Исі мұсылманда қандай айып жасалса да кешіріммен қарайтын жақсы дәстүр бар. Және «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейді қазақ. Дәл осы оқиғада Абильфас «жаздым, жаңылдым» деп Тоққожадан кешірім сұрайтын болса, бәлкім Рұстам кешірген де болар ма еді. Бірақ Абильфас кешірім сұрамақ тұрмақ, істеген ісін мүмкіндігінше түрлі айла-шарғымен жуып-шайып, жауапкершіліктен құтылып кетудің амалын қарастырып жатқан сыңайлы. «Ұрмадым, соқпадым, ешқандай төбелес болған жоқ» депті алдын ала тергеу кезінде. Сонда Р.Тоққожа кімдерден таяқ жеген? Кезекші полиция мен сот приставы кімдерді арашалаған? Жедел жәрдем неге келген? Сол жедел жәрдеммен барып ауруханаға түскен кім? Орта дәрежедегі дене жарақатын алған деген сот-медициналық сараптамасының қорытындысы кімге берілген?
Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғамның тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді» деген болатын. Сонда, қоғамдық орында, Бостандық аудандық соты ғимаратының алдында үш адам жабылып бір адамды соққыға жығуы құқық бұзушылықтың қай түріне жатар екен? Егер Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы мен тергеушісі Елбасының осы Жолдауын оқыған болса, Абильфас Хамедовке қатысты қозғалған қылмыстық істі қитұрқыға салмаған болар еді...
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.