Үлкен өнер де, ұлы шығармалар да көп оқыған, көп ізденген, көпті көрген адамдардан шығады екен. Кеше Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың «Өмірдің өзі – театр» атты кітабының тұсауы кесіліп, мәдени шараға Алматының игі жақсылары ортақтасып, ұлтымыздың талай ұлылары ұлықталды.
Үлкен өнер де, ұлы шығармалар да көп оқыған, көп ізденген, көпті көрген адамдардан шығады екен. Кеше Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың «Өмірдің өзі – театр» атты кітабының тұсауы кесіліп, мәдени шараға Алматының игі жақсылары ортақтасып, ұлтымыздың талай ұлылары ұлықталды.
Қай жағынан алсаң да тағылымды өткен зиялылар тоғысуында белгілі қоғам және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, актердің сахналас әріптестері мен туған-туысқандары табылды. Тұсаукесер рәсіміне жастар көптеп жиналғаны қуантты.
Киелі де кірпияз өнердің қыры мен сырын түгел меңгерген биік те терең интеллект иесі ретінде мойындалған Сәбит ағамыздың қолға тиген жаңа кітабы қай өлшемге салсаң да сүбелі дүние – сырсандықтың аузы ашылғандай салмақты екенін замандастары тілге тиек етті.
Осылайша, жансарайы жарық актер кейінгілерге өнеге жолын көрсетіп, өнертану ғылымының қоржынына өлшеусіз естеліктерін қосты. Кітаптың тұсаукесер рәсімін жүргізген Әшірбек Сығай айтқандай, ақиқатында бұл кітапта қыршу мен қытымырлану, қабақ түйісу жоқ. Тарлан талант иесі өзіне тән жұмсақ юмор, әдемі әзілімен көз көрген жайттарды жазады. Өмірді ғажап жағына қарай өзгерткен өнер мен өнер адамдары жайлы жалықтырмас ғибратты кезеңдер туралы баяндайды.
Тұсаукесердегі естеліктер тиегін Камал Ормантаев сынды алтын қолды дәрігер бастап берді.
– Ұлы өнер оған деген ұлы махаббаттың, оны сүйген, қасиетін киепеттеген адамдардың, үлкен жүректің арқасында ғана өлмей келе жатыр, – дейді Дулат Исабековтей жазушы. Дулат ағамыз жастардың жетесіне Сәбит Оразбаевтың терең талантқа айналуына кітапты көп оқығаны, әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін біліп қана қоймай, салыстырып, безбендей алатын қасиеті жетеледі дегенді жеткізді.
Қазақтың тұлғалы актері Асанәлі Әшімов ағамыз театр табалдырығын бірге аттаған әріптесімен сахнадағы алғашқы рөлдері, оқылатын кітаптар мен оқылмайтын кітаптар бар екендігі туралы сыр шерте келе:
– Сәбиттің көрген-түйгенін ақтарып, кітап шығарып, жастарға қазір естеліктер айтып отыруының өзі де бүгін – үлгі, ертең – тарих, – деді.
Кітаптың тұсаукесерінде жиналғандарды тәнті етіп, таң-ғалдырған сәттің бірі – Бибігүл Төлегенова апамыздың драма театры, өнер туралы жасандылықтан ада пайымдары мен дайындықсыз, микрофонсыз ән шырқауы еді. Ғажайып дауыс иесі 85 жасында да сұлулығынан бір танбай, шын дарындар қандай екенін паш етті десек әсіре сөз болып шықпас.
Қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева апамыз кітаптың салмақты да қызықты болып шығуы Сәбит ағамыздың ана тілінің уызына жарып өскендігінен де дегенімен көпшілік келісіп, қошеметін білдірді. Кеште ақындар атынан Темірхан Медетбек сөз алды.
«Алматы ақшамы» кітапханасы сериясымен жарық көрген бұл кітапқа – эсселер, естеліктер, ой-толғамдар енген. Жобаның жетекшісі – Қали Сәрсенбай. Автордың кітабын құраған шығармалар жылдар бойы аталмыш газетте үздіксіз жарияланып, оқырмандар ықыласына бөленген.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
––––––––––
Суретті түсірген
Самат ҚҰСАЙЫНОВ.