• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Қыркүйек, 2021

Экономика жақсарып келеді

257 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкі­мет отырысында бірнеше мәселе, бірінші кезекте әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды. Жаңа Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мемлекеттік қызметші антын қабылдады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақ­станда соңғы екі аптада ауру­шаң­дық 35%-ға төмен­деді. Соңғы аптада респуб­лика бо­йынша сырқаттану­шы­лық деңгейі аптасына 31 мың­нан 25 мыңға дейін 14%-ға төмен­деді. «ДДҰ бағалауы бойынша Қа­­зақстанда репродуктивті сан соң­ғы төрт апта ішінде бір сан­нан төмен, бұл пандемия бақы­лауда екенін және сырқатта­ну­шылықтың тұрақты төмендегенін көрсетеді», деді А.Цой.

Министрдің айтуынша, соң­ғы екі аптада республиканың 5 өңірі «қызыл аймақтан» «сары ай­мақ­қа» көшті, олар: Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақ­стан облыстары. Түркістан облы­сы «жасыл аймақта». Қалған 11 ай­мақ – «қызыл аймақта». Министр атап өткендей, эпиде­мия­лық жағдайдың оң динами­касы ауырғандардың санымен салыстырғанда, сауығып шық­қан науқастар санының артуымен де дәлелденеді. Сонымен, соң­ғы аптада сауығып шыққан науқастардың саны апта ішінде ауруға шалдыққандар санынан 1,5 есе көп болды. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі 35%-ға дейін төмендеді. Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші ком­понентін 7,1 млн-ға жуық адам, екін­ші компонентін 6 млн адам алды.

Мәселені қорытындылаған А.Мамин Ба­тыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында вакцинамен қам­туды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейту қажет екенін айтып, қазіргі басты міндет «қызыл аймақта» орналасқан өңір­лерде сырқаттанушылық дең­гейін тұрақты төмендету екенін атап өтті. Бұл үшін санитарлық-эпи­демиялық ахуал, әсіресе Алма­ты, Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ларында, Қарағанды, Павло­дар, Ақмола облыстарында тұ­рақты бақылауда болуға тиіс. Үкі­мет басшысы білім беру ұйым­дарында санитарлық норма­лар­дың сақталуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Үкімет отырысында еліміз­дің 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының және респу­б­ли­­калық бюджеттің атқары­луы­ның қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, есеп­ті кезеңде нақты және қызмет көр­сету секторларында өсудің оң динамикасы, өндіруші емес сек­торлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы бай­қа­луда. «Осы жылдың қаңтар-тамы­зында нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады» деді ол. Қыз­мет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға дейін өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бо­йынша фармацевтикалық өнім өндіру – 40,8%, машина жасау – 23,9%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,2%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 48,9%, құрылыс материалдары – 11,6%, пластмасса бұйымдары – 26,5%, дайын металл бұйымдары – 18,6%, киім – 16,3% және жиһаз 16% деңгейінде серпінді өсім көр­сетіп отыр. Осы жылдың сегіз айын­да орындалған құрылыс жұмыс­тарының көлемі 11,4%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңір бойынша тіркелген.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы сәуір мен тамыз аралығында жылдық инфляция 7%-дан 8,7%-ға дейін жылдамдады. Бағаның ай сайынғы өсуі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды. Инфляцияның өсу серпіні мен факторлары, экономиканың қалпына келу қарқыны және сәйкесінше сұраныс тарапынан күшейіп келе жатқан инфляцияға қарсы қысымды ескере отырып, Ұлттық банк биыл 13 қыркүйекте базалық ставканы 9,5%-ға дейін 0,25 пайыздық тармаққа көтерді. Экспорттаушылардың салық міндеттемелерін орындауы үшін шетел валютасын сатуы мұнай ба­ғасының төмендеуі аясында тең­генің құбылмалылығын реттеді. Бір ай ішінде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 425,42 теңгеге дейін 0,2%-ға әлсіреді. 

Ұлттық қордың активтері биыл­ғы тамыз соңында 56,9 млрд доллар болды. Биылғы тамыз­да Ұлттық қорға түскен түсім­дер 420 млрд теңге, оның ішін­де шетел валютасында 506 млн доллар немесе баламасында 215 млрд теңге болды. Алтын-валюта резервтері бір айда 1,8 млрд долларға ұлғайып, биылғы тамыздың соңында 36,8 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер бір айда 1,8 млрд-қа ұлғайып, 93,7 млрд долларды құрады.

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері зей­нет­ақы жинақтарын алу қарқы­нының төмендеуі аясында 52 млрд теңгеге немесе 0,4%-ға ұлғайып, биылғы тамыздың соңында 12,9 трлн теңгені құрады.

Қаржы министрі Ерұлан Жа­мау­баевтың айтуынша, 8 айда мем­лекеттік бюджетке 7, 139 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,3%-ға атқа­рылды. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңге түсті немесе жос­пар 100,7%-ға атқарылды. «Кі­рістер бойынша жоспар 30 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 17 млрд тг. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына тиесілі болды», деді Е.Жамаубаев.

Алайда шикі мұнайға салы­натын экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. Бұл Теңіз кен орнында күрделі жөндеу жүргізілуіне және шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болды.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 115%-ға атқарылды және 2,547 трлн теңгені құрады. Жоспар 332 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 280 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірде асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,2%-ға, респуб­ли­калық бюджеттің шығыстары 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шы­ғыстары 98,8%-ға атқарылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары.

Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтановтың мәлім­деуінше, биылғы 7 айдың қо­рытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспортының кө­лемі 23,4%-ға өсіп, 10,4 млрд долларды құрады. Соның ішінде, мыс пен катодтардың экспорты 40%-ға өсті, сондай-ақ ферроқорытпалар жеткізу 26,7%-ға, болат прокатын жеткізу 95,4%-ға өсті.

Сонымен бірге COVID-19 негізі­нен қызмет көрсету нары­ғы­на әсер етті. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бо­йынша қызметтер экспорты 21,2%-ға немесе 1,5 млрд-тан 1,2 млрд долларға дейін қысқарды.

Жыл басынан бері әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасы 9,7%-ға өсті. Жалпы өсудегі үлесі 5,9 па­йыздық тармақты құрап отырған көкөністер едәуір қымбаттады. Сонымен қатар ішкі нарықты жаңа піскен отандық көкөністерімен қанықтыру нәтижесінде тамыз айының ортасынан бастап бағалар тұрақтанып, төмендей бастады.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысында еліміздің өңдеуші өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Жиынтық көрсеткіш 105,8% құрады. «Машина жасау саласында өсім 23,9%-ды кұрады. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оп­тикалық жабдықтар, электр жаб­дықтарын жасау, жөндеу және орнату артты», деді министр.

Түсті металлургияда нақ­ты көлем индексі 97,3%-ды құра­ды. Мау­сымдық төмендеу бірін­ші кезекте тапсырыстар саны­ның азаюына, «Қазақмыс корпо­ра­ция­сының» Құсмұрын кенішін­дегі өндірістің технологиялық желі­сінің жоспарлы реконструкциясы­на, сондай-ақ «Қазмырыш» кәсіп­орнындағы жоспарлы күрделі жөндеуге байланысты болды.

Құрылыс материалдары өнді­рісі 111,6% болды. Оған жылу оқшау­лағыш материалдар, порт­ланд-це­мент, гипс, кірпіштер жә­не құры­лыс ерітінділері өндірі­сі­нің артуы есебінен қол жеткізілді.

Энергетика министрі Мағ­зұм Мырзағалиевтің айтуынша, көрсетілген кезеңде 56,1 млн тонна мұнай және конденсат өн­дірілді. Бұл осы жылға жос­парланған көрсеткіштің 99,3% құрайды. Есепті кезеңде Қара­шығанақ жобасында жоспардың толық орындалмауы байқалады. Себебі Орынбор газ өңдеу зауытында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай газды қабылдау шектелді.

Теңіз жобасында аталған ке­зең­де 17,1 млн тонна мұнай өнді­ріліп, осы жылғы жоспар 100% орындалды. Қашағанда мұнай өндіру көлемі 10,2 млн тоннаны құрады, жоспар 102% жүзеге ас­ты. Қарашығанақ жобасы бойынша бұл көрсеткіш 7,8 млн тонна болды. Бұл жоспардан 7% төмен.

Биылғы қаңтар-тамыз айларында 44 млн тонна мұнай экспортталды.

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трі Ербол Қарашөкеев хабар­лағандай, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында жалпы ауыл ша­руашылығы өнімінің көлемі 2%-ға ұлғайып, 2 887,9 млрд тең­гені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс кө­ле­мінің 3,6%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

«Бұл ретте өсімдік шаруа­шы­­лығы өнімдері 919,7 млрд тең­геге өндірілді, бұл нақты мән­де өткен жылдың тиісті кезе­ңі дең­гейінен 1,3%-ға аз. Төмен­деу веге­тациялық кезеңде қалып­тас­қан топырақ пен атмосфера құр­ғақ­шылығына байланысты орын алып, дақылдардың өсуіне, дамуы­на теріс әсер етті», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Мәселені қорытындылаған А.Мамин Қазақ­стан эконо­ми­ка­сының көрсет­кіш­тері пандемияға дейінгі дең­гейге жеткенін және сенімді қал­пына келу серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 3%-ды құрады. Өң­деу өнеркәсібінде 5,8%-ға, сау­да сала­сында 9,1%-ға, байланыс са­ла­­сында 12,8%-ға, сондай-ақ құ­­­ры­­лыста 11,4%-ға өсу қарқы­ны­­­ның күшеюі жалғасуда. Осы жыл­­­дың 8 айында елімізде 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пай­­­да­­лануға берілді, бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 10,5%-ға ар­тық.

Биылғы қаңтар-тамыз айла­ры­ның қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маң­ғыстау облыстары және Шым­кент қаласы барлық 7 негіз­гі макрокөрсеткіш бойынша, Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау, Қа­ра­ғанды, Қызылорда, Павло­дар, Солтүстік Қазақстан облыс­та­ры және Нұр-Сұлтан қала­сы 6 көр­сеткіш бойынша, Шы­ғыс Қа­зақ­стан, Түркістан облыс­тары мен Алматы қаласы 5 көрсет­кіш бо­йынша әлеуметтік-экономи­калық даму өсімін қам­та­масыз етті. Батыс Қазақстан облы­сы ең төменгі көрсеткішке ие.

Үкімет басшысы әкімдіктерге көрсеткіштердің төмендеуі мен баяулауы байқалатын экономика секторларында өсу қарқынын арттыруды, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция­лар тарту және жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Мем­ле­кеттік органдардың басшылары мен әкімдерге бағаны ұстап тұруды күшейту, Сауда және интеграция министрлігіне Ин­фляцияға қарсы әрекет ету шара­лары кешенін іске асыруды нақты үйлестіру тапсырылды. «Бар­лық өңірлер әлеуметтік-эконо­микалық дамудың жоспар­ланған көрсеткіштеріне қол жет­кізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мін­дет­терді тиімді іске асыруды қам­та­масыз етуі қажет», деді А.Ма­мин.

Үкіметтің селекторлық отырысында өңірлердің алдағы күз­гі-қысқы кезеңге дайындығы қаралды. Жылыту маусымына әзірлік бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыстар туралы Энер­гети­ка министрі Мағзұм Мырза­ға­лиев, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Павлодар об­лы­сының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Үкімет басшысы әкімдіктерге инженерлік желілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жоспарланған жөндеу жұмыстарының бәрін белгіленген мерзімде аяқтауды, аса қысқа мерзімде жылыту маусымын өткізуге әзірлік паспорттарын алуды қамтамасыз етуді жүктеді. Сондай-ақ барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуді, көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасасуды және ком­му­налдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғындарға отын жет­кізуге ұдайы мониторинг жүр­гізуді тапсырды.