• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Қыркүйек, 2021

Байқау жеңімпаздары марапатталды

455 рет
көрсетілді

Елордада «Қазақстандағы климаттың өзгеруі» тақырыбымен өткен БАҚ өкілдері арасындағы байқаудың қорытындысы жарияланды. Байқауды БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырды.

Байқау қорытындысын БҰҰ-ның Қазақ­стан Республикасындағы тұрақты үйлес­ті­рушісі Микаэла Фриберг-Стори жариялады. Оның айтуынша, байқауға көптеген мақала келіп түскен.

«Байқау кезінде бүкіл Қазақстаннан жал­пы саны 50-ге жуық мақала келіп түсті. Ма­териалдардың бәрі БҰҰ-ның мұқият сүзгісінен өтті. Бағалау оңай болған жоқ. Климаттың өзгеруі, биоалуандық, экожүйені сақтау мәселелерін қозғаған, терең ой туындататын мақалалар көп келді. Сондықтан жеңімпаздың анықтау қиынға соқты. Біз бұл мақалалардың шығармашылық деңгейіне, зерттеудің тереңдігіне, стиліне мән бердік. Өйткені бұл мақалалар мемлекет қайраткерлерін, өзге де тұлғаларды бұл проблемаға бейжай қарамауға шабыттандыруы керек еді», деді БҰҰ өкілі.

Сонымен Elorda aqparat ақпарат агенттігінің журналисі Дулат Төлепов байқаудың үшінші орын иегері атанды. Оған БҰҰ сертификаты мен 350 мың теңгенің ваучері берілді. Екінші орын иегері CABAR Asia тілшісі Зульфия Раисоваға 650 мың теңге ваучері бұйырды. Бірінші орын алған Astana Times газетінің журналисі Жанна Шаяхметоваға 1 млн теңге сыйақы бұйырды.

«Бірінші орын иегері 10 жыл бойы омарташылықпен айналысып келе жатқан Алматы облысы кәсіпкерінің жеке әңгімесі бойынша керемет мақала әзірлеген. Бұл шабыттандырарлық әңгіме – экономикалық құндылық, экожүйені құрметтеу мен адамдарға және табиғатқа пайда әкелу сияқты ізгі ойлардың үйлесімі. Оған Глазго қаласында өтетін СОР26 шарасына сапарға жолдама және 1 миллион теңгелік ваучер берілді», деді Микаэла Фриберг-Стори.