Түркістан облысында биыл 444 елді мекенге табиғи газ тартылады. Алдағы 5 жылда өңір халқы 85,6%-ға табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Ал жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 2025 жылы 99,5% жеткізу жоспарлануда. Жыл қорытындысымен орталықтандырылған ауыз сумен 717 елді мекен қамтылып, 2025 жылға облыс тұрғындарын 100% қамту көзделуде. Түркістан қаласын қажетті жылу, энергия көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін булы газ қазандығы салынады. Сонымен қатар электр қуатын сапалы тарататын «Орталық», «Солтүстік», «Бадам» қосалқы стансаларының құрылысы басталды.
Бұл деректер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен облыс автивінде келтірілді. Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдаудағы жеті басты басым бағыт пен нақты атқарылатын жұмыстарды айқындады. «Түркістан облысы барлық бағыттағы даму көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 41,7 млрд теңге болатын 307 жоба мақұлданып, республикада көш бастап тұр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Биыл бұл бағытқа 7,7 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 3,8 есе артты. Тұрғын үй құрылысын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау қомақты. Алдағы 5 жылда 4 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда», деді облыс әкімі. Мал азықтық қорын қамтамасыз ету тұрақты бақылауда. Облыста қажетті 3,9 млн тонна мал азығын дайындауға толық мүмкіндік бар. Егістікті әртараптандыру бойынша мал азығы дақылдарының көлемі 2,6 мың гектарға ұлғайып, 215,4 мың гектарға орналастырылды. Үш ауысымды мектеп санын жою және балаларға сапалы білім беруді ұйымдастыру мақсатында облыста 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Ол мектептер құрылысына 18,9 млрд теңге қаралған. Биыл 44 мектептің құрылысы аяқталады. Бес жылда 134 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы төрт ауданда заман талабына сай тереңдетілген білім беретін 4 мектеп салынады.
«Облыста жалпы сыйымдылығы 8,7 млрд текше метр 42 су қоймасы бар. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кепілді ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша сыйымдылығы 68 млн текше метр болатын 2 су қоймасын салу жоспарланған. Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары облыста 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінде 1,5 мыңға жуық тұрғын, яғни 302 отбасы қоныс аударды. Жалпы, еліміз бойынша қоныс аударғандардың ішінен Түркістан облысының үлесі – 30%. Енді алдымызда облыстың осы көрсеткіштерін еселеп, Жолдаудағы айқындалған бағыттарды іске асыру міндеті тұр», деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы және белгіленген мерзімде аяқталуы бақылауға алынған. Мысалы, өңірде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмеген 6 мектептің құрылысын кешіктірген мердігерлерге ескерту жасалған. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Егентай Тәжібаев қыркүйекте берілуі тиіс 17 жаңа мектептің 6-ауы мерзімінде тапсырылмағанын айтады. Жауаптылар қыркүйек айының соңына дейін мектептердің пайдалануға берілетіні туралы уәде беріп отыр. Ал облыс орталығында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Түркістан қаласының шығыс бағытында орналасқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында жеке кәсіпкерлер есебінен бірнеше тұрғын үй кешені мен коттеджді қалашықтар, заманауи қонақүйлердің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа ғимараттар мен кеңселер бой көтеріп, сауда, ойын-сауық орталығы салынады. Әкімшілік-іскерлік орталықта 12 гектар жерде бой көтерген 12 қабатты «Нұр-Сұлтан сити» тұрғын үй кешеніндегі түрік компаниясы салған зәулім үйлердегі пәтерлердің жалпы аумағы 160 мың шаршы метрден асады. Мұнда 2 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлайды. Жаңа үйлердің алдында абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Қазір құрылысы аяқталған бес үйдегі баспаналардың 90 пайызы сатылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл аяғына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 79%-дан 87%-ға арттыру көзделуде. Аталған индикаторлық көрсеткішті үш жылда 99,5%-ға арттыру жоспарлануда. Биылғы автомобиль жолдары саласын дамытуға бөлінген қаржыға Түркістан облысында 600-ден астам нысан, яғни 2 мың шақырымға жуық жол мен көше қамтылған. Оның жартысына жуығы жергілікті маңызы бар жолдарға, яғни облыстық, аудандық және елді мекен көшелерін жаңартуға бағытталған. Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарында ұзындығы 50 шақырым жолдар күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Одан бөлек, осы аудандарда облыс әкімінің тапсырмасымен жалпы ұзындығы 180 шақырымнан асатын 11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жөнделуде. Жақын күндері бұл жолдар толықтай пайдалануға беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын дамытып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік бағыттарын құруға ерекше назар аудару қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда облыс әкімі халықаралық Dogus Group инвестициялық тобының басшыларымен кездесіп, инфрақұрылым мен химия өнеркәсібі салаларын дамытуға қатысты жобаларды талқылады. «Түркістан облысы – жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Жемшөп, сүт, ет өндірісінде инвесторларымыз бар. Біз осы бағыттардың бірін ұсына аламыз. Сондай-ақ жылыжай салуға болады. Ал инфрақұрылым жобаларына келетін болсақ, темір жолдар мен көпірлер салуға көзқарасымыз оң. Біз бұл жобаларды қуана қолдаймыз», деді Ө.Шөкеев. Өз кезегінде түрік инвесторы Түркістан өңірі мен облыс орталығының экономикалық даму бағытын жоғары бағалап, бірқатар жобаға қызығушылық танытты. Түркістан қаласында құрылған «Азық-түлік» белдеуін дамыту үшін атсалысуға ниет білдірді.
Түркістан облысы