Қызылордада ескі дөңгелектерді өңдейтін зауыт ашылды
Кәдімгі көліктің дөңгелегі бар ғой, соны жерге көміп тастаса 100 жылдан соң шіри бастайды екен. Сонда әлгі дөңгелегіңіз жердің астында бір ғасырға дейін мұрты бұзылмай жата береді деген сөз. Бүгінде көлік көп. Екінің бірі мінеді. Ал сол қатынас құралдарының әрқайсысында жазда жүретін төрт, қыс мезгілінде салатын төрт дөңгелегі болатыны және рас. Дөңгелек дегенің мәңгілік емес. Әрі кетсе үш жылдан соң тозады. Сосын не істейсіз? Тастайсыз, әрине. Осылай ойлап қарасаңыз, Қазақстанда жарамсыз дөңгелектің жеткілікті екенін бірден ұғасыз. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? «Мынаның бас ауыртатын басқа ештеңесі қалмаған ба?» деп ойлауыңыз да мүмкін. Айтқымыз келгені, Қызылордада жарамсыз дөңгелектерді әжетке жарататын зауыт ашылды.

Зауытты қазақтар мен немістер бірігіп ашқан. Неміс жұртының осы іспен талай жылдан бері айналысып келе жатқан «Smart Rubber» деген компаниясы осы аттас серіктестікті Қазақстаннан ашып отыр. Ал Қызылорда жағынан зауыттың ашылуына тікелей мұрындық болып, қолұшын созған «Дорстрой» мекемесі. «Дорстройдың» директоры Мұрат Тілеулиевті әрбір іске сергек қарайтын, елге пайдалы іспен айналысатын азамат ретінде танитын едік. Мына бастамасы соның дәлеліндей болды. Бұрнағы күні тозған дөңгелектерді қорытып, оның ұнтақтарынан асфальт жол мен спорт алаңдарына пайдалы зат шығаратын өңдеу зауытының тұсауы кесілді. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.
Екі жігіт зауыттың арғы басынан тозған дөңгелектерді салып тұр. Оныңызды құрылғы қылғытып жұтып жіберіп, бір шетінен майда ұнтақ ретінде шығарып жатыр. Сол ұнтақталған майда қиыршық бүгінде әр ауыл мен аулада салынып жатқан спорт алаңдарына пайдалануға таптырмас құрал екен. Одан бөлек, тас жолдың құрылысына да қолданыла беретін көрінеді. Ең ғажабы, осы ұнтақтардан тамшылатып суару әдісіне пайдаланатын түтікшелер де жасалады. Зауыттың екінші бетінде аталған қиыршықтардан түтікшенің құйылып жатқанын көрдік. Көлемі ортан теректей, ұзындығы – 100 метр. Ал енді келіп ойланамыз ғой. «Мынаны тамшылатып сурауға қалай пайдаланады?» деп. Сөйтсек, түтікшеңіз жұп-жұмыр болғанмен, майда тесіктері бар екен. Бір басынан суды жалғап, оны қатты қысыммен жіберген кезде әлгі майда тесіктерден су ағады. Солайша, тамшылатып суару әдісіне қолданады. Ауылдың шалдары тосын жаңалық естісе «ай, өкімет-ай» деп отырушы еді. Мынаны шалдар көрсе таңғалғаннан шалқасынан түсетін шығар.
Дегенмен, осы әдіс арқылы талай елдің көктеп отырғанын білеміз. Тіпті, тас пен құмнан тұратын Израильдің өзі тамшылатып суару арқылы жерін гүлдендіріп отырған жоқ па?! Судың тапшылығы сезілген мына заманда бұл зауыттың өнімі елге ерекше керек екенін байқайсыз. Және оны сырттан сатып алмай, өзіміздегі ескі дөңгелектерді қорытып шығарғанымыз тағы да қуанышқа бөлейді. Осы арада айта кетейік, бұл бәріміз айтып жүрген «жасыл экономика» қағидаттарына әбден сай келеді. Инновациялық жоба ретінде мойындалған. Мойындалғаны сол, аталған зауытты «Ұлттық технологиялық даму агенттігі» АҚ қолдап отыр. Оның үстіне Экологиялық кодекс талаптарын да тура орындайды. Себебі, кодекс бойынша ескі дөңгелектерді өртеуге тыйым салынады. Аталған зауыт оны ұнтақтап, пайдалы іске айналдырып жатыр. Ең бастысы, мұндай зауыт Қазақстанның басқа ешқандай жерінде жоқ. Алғаш рет Қызылордада салынып отыр.
Зауыт жұмысымен толықтай танысып шыққан Қырымбек Елеуұлы облыс экономикасын осындай индустриялық-инновациялық жобалардың арқасында дамыту керектігін, алдағы уақытта да заманауи технологияны пайдалана отырып елге пайдалы кәсіпорындарды көптеп ашу қажеттігін ерекше атап өтті.
Айтпақшы, зауыт толық қуатымен жұмыс жасаған кезде жылына спорт алаңдарына пайдаланатын 270 тонна дөңгелек ұнтағын шығара алады. Бұл кемі төрт футбол алаңына жетеді. Оның сыртында қаншама ойын алаңдары жасалады. Сонымен қатар, жол құрылысына қолдануға болатын 440 тонна ұнтақ өндіреді. Мұныңыз 2,8 шақырым жолға жетеді. Сондай-ақ, тамшылатып суару әдісіне жарайтын 3,9 миллион метр түтікше шығарады. Ал бұл шамамен 200 гектар алқапты суаруға жарайды. Сонымен, зауыттың тұсауы кесілді. Алғашқы жұмысын бастады. Жаңадан қырық адамға жұмыс орны ашылды. Енді, тек тоқтап қалмай, жұмысын жалғастыра берсін деп тілейік.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.