Нұр-Сұлтаннан Шымкентке ұшып шыққан ұшақ бортында бір жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Qazaq Air-дың хабарлауынша, қайғылы оқиға 14 қыркүйекте орын алған.
Ұшу кезінде ұшақ экипажына салондағы жолаушының бірі науқастың өзін жайсыз сезініп, шұғыл көмекке мұқтаж екендігі туралы ақпарат түсті. Бортсерік жолаушыға жақындап келгенде оның есінен танғанын көрген, ал тамырын ұстағанда ешқандай тіршілік белгісі білінбеген, тыныстап та жатпаған. Бас ұшқышқа есеп беріліп, ол жолаушылардан көмек сұрады. Жолаушылар арасында дәрігер бар болып шықты.
«Борттағы медициналық көмек жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, аға бортсерікпен бірге дәрігер жүрек-өкпе реанимациясын жасады», дейді әуе компанияның баспасөз қызметі
Әуе компанияның хабарлауынша, ұшақ командирі жақын маңдағы әуежайға шұғыл қону туралы шешім қабылдады.
«Әуе қозғалысының бағыты өзгергені туралы диспетчерлерге экипаж ескертіп, ұшақта болған жайды егжей-тегжейлі баяндады, жедел жәрдем көлігі шақырылды. Жезқазған әуежайына қонғаннан кейін ұшаққа жеткен дәрігерлер өлім фактісін тіркеді. Qazaq Air жолаушының отбасы мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», делінген Qazaq Air баспасөз қызметінің хабарламасында.