Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Egemen.kz 24KG сайтына сілтеме жасап.
Экс-президенттің адвокаты Сергей Слесарев 2020 жылдың қазан айындағы тәртіпсіздіктерге күдікті екендігі туралы хабарлама келгенін мәлімдеді.
«Менің қорғалушыма күдік туралы хабарлама қандай себептермен берілгені белгісіз. Алмазбек Атамбаев ҰҚК тергеу изоляторынан мемлекеттік Комитет басшылығының өтініші бойынша босатылды. ҰҚК ғимаратына ешкім кірген жоқ, аумақта басқа да адамдар болды. Сол кездегі оқиғалар 2020 жылғы 5 қазандағы тәртіпсіздік кезінде Алмазбек Атамбаев, Фарид Ниязов, Қанат Сағымбаев қамауда болғанын көрсетеді. 9 қазанда Атамбаев тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқ. Ол Ала-Тоо алаңындағы басқа митингшілердің қатарында болды», деді Сергей Слесарев.
2020 жылғы 5-6 қазанда Бішкекте парламенттік сайлау қорытындыларын бұрмалауға қарсы наразылық белгісі ретінде митингілер өткізілгеннен кейін тәртіпсіздіктер басталды.
6 қазанда ОСК сайлау қорытындысының күшін жоюға мәжбүр болды. Колониялардан бірнеше сотталған саясаткерлер босатылды.