Жыл сайын 1 ақпан күні Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген қазақ орта мектебінде ел қадірлеген ардақты азамат Абыхан Жексембековті еске алуға арналған жиын өтеді. Жиын соңы әдеттегідей түрлі тақырыптағы тәрбие сағаттарына ұласады. Одан кейін аудан көлеміндегі мектептердің оқушылары арасында спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етіледі. Көпшілікке үлгі-өнеге болатын осынау мәдени-спорттық шараны өткізу Түрген қазақ орта мектебінде біраз жылдан бері дәстүрге айналған.
Жыл сайын 1 ақпан күні Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген қазақ орта мектебінде ел қадірлеген ардақты азамат Абыхан Жексембековті еске алуға арналған жиын өтеді. Жиын соңы әдеттегідей түрлі тақырыптағы тәрбие сағаттарына ұласады. Одан кейін аудан көлеміндегі мектептердің оқушылары арасында спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етіледі. Көпшілікке үлгі-өнеге болатын осынау мәдени-спорттық шараны өткізу Түрген қазақ орта мектебінде біраз жылдан бері дәстүрге айналған.
Ал ел-жұрт Абыхан Жексембековті қандай қасиеттері үшін, нендей еңбектері үшін қадір тұтып, мақтан етеді? Абыхан Аманбайұлының артына қалдырған игілікті істерінің іздері Кеңес өкіметінің тұсында да, еліміз егемендігін алған жылдардан бергі кезеңдерде де дәл бүгінгідей сайрап жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, ол бар ғұмырын өзі қызмет еткен Еңбекшіқазақ ауданы мен туып-өскен ауылы – Түргеннің экономикасын көтеріп, ондағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, елді мекендерде білім мен мәдениетті дамытуға арнады. Көптеген игілікті іс-шаралардың басы-қасында болды, соларды ұйымдастырды әрі ойдағыдай жүзеге асырды.
Ол кез тәуелсіздік таңы атып, ел өздерінің танымал тұлғаларын ардақтап, оларға ауылдар мен мектептер, көшелер аттарын бере бастаған шақ еді. Сол жылдары Абыхан Жексембеков Түрген ауылдық округінің әкімі болатын. Бір күні ол ақсақалдар мен ауыл белсенділерін әкімдікке шақырып, көптен бері толғандырып жүрген ойын ортаға салады. Ол – осы ауылдағы Ильич атындағы орта мектептің атын өзгертіп, оны қазақтың қадірлісі Дінмұхамед Қонаевтың атымен атау туралы еді. Ұсыныс бірауыздан қолдау табады да, көп кешікпей ардақты ақсақалдың келісімін алу үшін Алматыға делегация жіберіледі. Димаш Ахметұлының келісімін алып, ақ дастарқанынан дәм татқан қарапайым ауыл адамдары үлкен қуанышпен оралады.
Бүгінде бұл мектеп Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ақсақалдың атымен аталады. Салтанатты жиынға Димаш атаның өзі арнайы келіп қатысып, түргендіктерге алғысын білдіреді. Кейін осы ауылдағы бір көшеге көпшіліктің ұсыныс-тілегі бойынша Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріледі. Міне, бұл қазақтың қадірлісіне көзі тірісінде көрсетілген ерекше құрмет еді. Осыны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Абыхан Жексембеков болатын.
Жастайынан еңбекке араласып, өмірдің ыстық-суығына шыңдалған жан, кез келген істе ұйымдастырушылық қабілет-қарымымен дараланған адам қандай қиындықтардан болсын жол таба біледі. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, сондай-ақ, еліміз нарықтық экономикаға көше бастағанда, көпшіліктің не істерін білмей, әрі-сәрі күйде қалғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Заман талап етіп отырған нарықтық экономиканы Абыхан Аманбайұлы жатсынбады. Оның қыры мен сырын зерделей келіп, «Түрген» жеке шаруашылық фирмасын құрды. Шаруашылықта еңбек ұйымдастырудың жаңаша әдісін қалыптастыруды қолға алды. Бірер жылдардан соң, фирманың аты ауыл-аймаққа ғана емес, аудан жұртшылығына да танымал бола бастады.
Ұйымдастырушылығы мен іскерлігі ұштасқан жан қай салаға болсын қажет қой. Әкімдік жүйе алғаш енгізілгенде, таңдау бірден А.Жексембековке түсіп, ауыл тарихында ол Түрген ауылдық округінің тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Жұмысы көп, жауапкершілігі зор бұл қызметті өмірінің соңына дейін абыройлы атқарды. Оның әкім болып істеген жылдардағы атқарған шаруаларын ауылдастары бүгінде үлгі-өнеге ретінде айтып, жиі естеріне алады.
А.Жексембековтің ел есінде қалған тағы бір өміршең ісі, оның өңдеуші шағын кәсіпорындарды дамытуға баса назар аударуы дер едік. Өйткені, бұл аймақта егін де, мал да, жеміс-жидек түрлері де молынан өсіріледі. Бірақ, олар көбінше өңделмей сатуға шығарылатын. Шын ниетпен қолға алсаң, бітпейтін шаруа жоқ. Бірер жылдың ішінде Абыхан Аманбайұлының мұрындық болуымен Түрген ауылында өсімдік майын, кондитер тағамдарын шығаратын, жеміс-жидек пен мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашылды. Диірмен мен наубайхана пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарын мүмкіндігіне қарай жұмыспен қамтуға жол ашты. Осы цехтарда өндірілген өнімдерді берісі аудан, әрісі облыс халқы тұтына бастады.
Табиғаты тамаша Түрген ауылында 1994 жылға дейін қазақ мектебі болмаған еді. Жергілікті халықтың балалары жақын елді мекендердегі мектептерге қатынап немесе туған-туыстарының үйлерінде жатып оқып жүрді. Абыхан Аманбайұлы әкім болып тағайындала салысымен қазақ мектебін ашуды қолға алды. Оны өзінің басты міндетінің бірі деп санады. Қажетті құжаттар дайындап, аудандық, облыстық деңгейдегі жиындарда осыны бірнеше рет мәселе ретінде көтерді. Білім басқармаларының табалдырығын тоздырды, ауылға қазақ мектебін ашудың қажеттілігін дәлелдеді. Ақыры ол алдына қойған мақсатына жетті. Сөйтіп, 1994 жылдың 1 қыркүйегінде Түрген қазақ орта мектебінің ашылғандығын паш еткен тұңғыш қоңырау үні естілді.
Бос қалған бұрынғы балабақшаны мектеп ғимаратына лайықтап жабдықтау жеңіл шаруа емес еді. Оның үстіне ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу керек. Осы қым-қуыт шаруалардың ұйымдастырушысы болып, басы-қасында тағы А.Жексембеков жүрді. Оқушыларға тарлық ете бастағандықтан, кейін мектеп бос тұрған кәсіптік-техникалық училищенің ғимаратына көшірілді. Алғашқы оқу жылын 50 оқушымен бастаған Түрген қазақ орта мектебі бүгінде 600-ден астам шәкірт білім алатын іргелі оқу орнына айналып отыр. Абыхан Аманбайұлының білім саласын дамытуға қосқан үлесі ескерусіз қалмады. Ол сол кездегі Оқу министрлігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ол кезінде «Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен наградталған еді.
Абыхан Аманбайұлы мен Әуес Шәріпқызы тәрбиелеген ұл-қыздар әке атына ешқашан кір келтірген емес. Мәншүк – «Түрген» агрофирмасын басқарады, Венера – ғалым, саяси ғылымдар докторы, Берік – кәсіпкер. Гүлжанат, Гүлмира, Гүлнәр – мұғалім, ал кенжелері Балқаш – заңгер.
А.Жексембековтің туған күніне орай өткізілетін барлық іс-шараларға, сондай-ақ, спорт жарыстарына Абыхан ағаның ұл-қыздарының өздері демеушілік жасап келеді. Мысалы, спорт жарыстарында (волейбол, баскетбол және үстел теннисі) бірінші орын алғандарға – 35 мың, екінші орынға – 25 мың, үшінші орынға 15 мың теңгеден, ең жас ойыншы мен шебер ойыншы атанғандарға 5 мың теңгеден сыйлық беріледі. Бұлардан бөлек, 2006-2007 оқу жылынан бастап Абыхан Аманбайұлының ұрпақтары мектептің үздік оқушыларының әрқайсысына 5 мың теңгеден стипендия беріп отырады. Бұл соңғы қоңырау кезіндегі салтанатты жиында табыс етіледі.
Түрген орта мектебінде А.Жексембеков атындағы сынып және музей бар. Абыхан ағаның ұл-қыздары осы сыныпқа теледидар сыйласа, музейді қазіргі заман талабына сай жабдықтауға және жөндеуден өткізуге 300 мың теңге қаржы бөлген екен. Сонымен қатар, мектеп ауласына плита төсеу үшін 500 мың теңге көлемінде демеушілік көрсетіпті. Ал әр жылдары олардың мектепке 13 компьютер, бейнекамера, 300-ден астам кітап, тағы басқа құралдарды сыйға тартқанын ауыл адамдары мен мектеп ұжымы жақсы білгенімен, былайғы жұрт біле бермейді.
– Біздің әулет 2007 жылдан бері өз қаражаттарына, – дейді Венера Жексембекова бізбен әңгімесінде, – ауылдағы зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне 25 дана «Егемен Қазақстан» газетін жаздырып беріп отырады. Толық бір жылға. Бұл әкеміздің аманаты болатын. Өйткені, әкеміз еліміздің бас басылымы – «Егеменнің» белсенді оқырмандарының бірі еді.
Мамандығы – мал дәрігері А.Жексембековтің өмір жолы, еңбек жолы осылай өріледі. Ол өзінің ұйымдастырушылық және еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында көпшілік құрметіне бөленді, ауыл мақтанышына айналды. Ұзақ жылдар бойы қол жетпеген қазақ мектебінің ашылуына тікелей мұрындық болды. Енді өзі негізін қалаған Түрген орта мектебіне Абыхан Жексембековтің атын берсе, тіптен жарасып кетер еді-ау.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы.