Геодезия және картография комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда соңғы рет карталар өткен ғасырдың 1980-90-шы жылдары жаңартылды. Бұған қоса елімізде 1942 жылғы координаттар жүйесі (СК-42) әлі қолданыста.
Экономикасы табиғи ресурстарға негізделген кез келген мемлекет үшін геодезия және картография қызметін дамыту стратегиялық тұрғыда маңызды. Неге десеңіз, картографиялық және геодезиялық мәліметтердің мемлекеттік басқаруда, елдің инфрақұрылымын дамытуда, қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, сондай-ақ навигациялық қызметтерді ұсынуда тиімділігі көп.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашевтың айтуынша, елімізде топографиялық карталарды жаңарту жұмыстары 2005 жылдан бері жүргізіле бастады.
«Қазақстан аумағының 55-65%-ына аэротүсірілім жасалды. Қазір республикалық маңызы бар 3 қаланың, сондай-ақ Түркістанды қоспағанда 13 облыс орталығының топографиялық жоспарлары әзірленді. Түркістан қаласына байланысты топографиялық жоспар биыл аяқталады», деді комитет төрағасы.
Ұзын саны 51 ірі әрі шағын қаланың, 54 аудан орталығы мен 209 елді мекеннің цифрлы карталары жасалды.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әлемде спутниктік навигацияны, цифрлы картографияны, геокеңістікті технологияларды ауқымды енгізу мен пайдаланудың қарқын алуымен геодезия және картография саласының маңызы бірнеше есе арта түсті. Бұл жаһандық үрдістен қалыс қалмауға қамданған елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы Ұлттық кеңістікті деректердің инфрақұрылымы жобасы қолға алынды. Оның іске асырылу мерзімі – 4 жыл.
Координаттар жүйесі ескірген
Өкініштісі сол, биыл егемендігімізге 30 жыл толғанымен республика аумағында әлі күнге дейін 1942 жылғы координаттар жүйесі (СК-42) пайдаланылып келеді. Цифрландыру үдерісінің қазіргі қарқынын ескерсек, оның қаншалықты ескіргенін байқау қиын емес дейді мамандар. Сонымен бірге СК-42-те шектеу бар. Атап айтқанда, мемлекеттік емес құрылымдар мен заңды және жеке тұлғалар үшін, соның ішінде шетелдік инвесторларға геомәліметтер жабық. Бұдан қалды түрлі ведомстволарда, салалар мен өңірлерде СК-42, СК-63 және WGS-84 сынды әртүрлі координат жүйелері қолданылып жүр. Сала өкілдері айтқандай, мұның салдары мемлекеттік дерекқорлардың, кадастрлардың және геопорталдардың графикалық негіздерінің бытыраңқылығына әкеледі.
«Ұлттық кеңістікті деректердің инфрақұрылымы жобасы аясында мемлекеттік геодезиялық, нивелирлі және гравиметриялы желілерді жаңғырту жүргізіледі. Спутниктік технологиялар арқылы заманауи координаттар жүйесі енгізіліп, қалалар мен аудан орталықтарында бірыңғай ашық цифрлы картографиялық негіз құрылады. Сондай-ақ «Мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету» және «Базалық кеңістіктік деректер» ақпараттық жүйелері әзірленеді. Ұлттық жобаны іске асыру СК-42 орнына еліміздің заманауи мемлекеттік координаттар жүйесін (Qazaqstan Terrestrial Reference System, QTRS) орнатуға және республика аумағын 100% ашық кеңістікті деректермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қоса бұл орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, кадастрларын, геопорталдарын біріктіруге жол ашады», деді Қ.Бекмұқашев.
Геодезиялық желілердің қолданыстағы пункттері жаңа координаттар жүйесінде қайта анықталатыны мәлім болды. Осы арқылы дәлдік нүктесі 1-2 см-ге жеткізіледі. Еліміздегі геопозицияны дәл анықтау ұшқышсыз басқарылатын құралдар мен роботтехниканы пайдалануға, жер учаскелерінің шекараларын, кадастрларды, кен орындарының аумағын анықтау дәлдігін арттыруға, сол секілді геодезиялық және топографиялық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік геометриялық және нивелирлі желілерді жаңғырту Ұлттық кеңістікті деректердің инфрақұрылымының құрамдас бөлігі саналатынын айта кеткен орынды. Аталған деректер еліміздің аумағындағы биік нүктені есептеу үшін пайдаланылады. Ұлттық геодезия және кеңістікті ақпарат орталығының бас директорының міндетін атқарушы Медер Маселовтің пікіріне сүйенсек, мұндай жаңғырту жұмыстарының нәтижесі Қазақстанға биіктікті анықтаудың спутниктік әдістеріне көшуге жол ашады.
Оның айтуынша, жоғарыдағы ұлттық жобаның басқа компоненттері еліміздің ортақ ақпараттық кеңістігін құруға септігін тигізіп, электронды үкіметті дамытудың қисынды жалғасы болуға тиіс.
«Осы жоба аяқталғаннан кейін Қазақстан ауқымды ақпаратты айтарлықтай ұлғайтып, кеңістікті ақпаратты пайдалануды оңтайландыруға мүмкіндік алады. Өйткені кеңістікті ақпарат қазір қолданыстағы файлдардың 80%-ын құрайды. Сол секілді жобаны іске асыру арнайы салалық мақсаттағы жұмыстардың, геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің орындалатын сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Көбінесе геодезиялық жұмыс сапасының төмендігі жер учаскелерінің қабаттасуына, құрылыстағы өрескел бұзушылықтарға алып келеді. Заманауи инфрақұрылымды пайдалану арқылы сапалы сараптама жасау бұл қателіктерді жойып қана қоймай, оны түзетуге бағытталған шығындарды қысқартуға септеседі», деді М.Маселов.
Түйіндей келгенде, жауапты орган өкілдері аталған ұлттық жоба жиынтық ақпаратты, базалық және салалық кеңістікті деректерді бір жерден көруге, тиімді басқару мен жобалау жұмыстарын жоспарлауды қамтамасыз етіп, мемлекеттің, азаматтар мен заңды тұлғалардың мәселесін шешетін оңтайлы құралға айналатынына сенімді.