Қызыл империя сөзге де қарауыл қойды. «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ», қате сөйлегендер түрмеден орын таппақ. Түн жамылып қара машина мінген қызыл жағалылар аудан, ауылдарды кезіп адамдарды жинады. Сталиннің дінсіздер 5 жылдығына байланысты қызыл жағаға кездескен адам «а» десе «Алла дейін деп тұрсың ғой» деп, қолына кісен салатын. Төсекке жатқанда ерлі-зайыптылар қателіктеріне кешірім сұрасып бақиласып жатты. Халық үрейге тұншығып зар шекті, дала қасіретке толды. Талайлардың көкірегі қарыс айырылып, ажалды қызыл жағалылардан күтіп зар илеумен «кеткен келмейді өлген тірілмейді» деп, дұғасын іштей оқып күңіренді...
Орынбор облыстық партия комитетінің төтенше жиналысын басқарушы ісініп-қабынып мақтанған жоқ. Сөзін саяси өрбітіп: «Партия көсемі И.В.Сталин әлемнің дамыған елдерінен елу жыл кейін қалғанымызды айтты. Оны бәріңіз де білесіздер. Сондықтан он жылда елу жылдың жұмысын атқаруымыз керек, мемлекеттің қажеттілігін орындау аса маңызды. Көсем атап көрсетті, сенім білдірді. Демек өндіріс орындарындағы жазасын өтеушілердің өлгені, жазасын өтеп еліне кеткені бар, солардың орнын тездетіп толтыру керек. Қасымызда жүрген қылмыскерді байқамай қалатын әдетіміз бар, ондайға аяушылық жоқ, жазасын тартады. ВКП(б) (Бүкілодақтың коммунистік партиясы (большевиктік) орталық комитетіне қылмыскерлердің лимитін көбейтуге жазбаша хабар салдық. Одақ бойынша құпия жұмыс, айталық, арамызда алшаң басып жүрген «халық жауларынан» тазартып, тездетіп түрмеге алу міндеті тұр. Орталықтағы саяси бюроның мәліметі бойынша, республикалар өлке, облыстар бойынша 48 000 өлгендердің орнына 57 218 адамды қылмыстық жазаға тарту күн тәртібінде тұр. Осыған сұраныс беріп едік, ВКП (б) 1938 жылдың 31 қаңтарында қанағаттандырғанын хабарлады. Міне, күрделі іске байланысты шіркеулер мен мешіттердегі діншілдерді тазарту керек. Өздеріңіз білесіздер, «Дінсіздер бесжылдығы» қаулысына сәйкес жұмысты ойдағыдай жүргізе алмай отырмыз. Жолдастар, тездету керек, – деген тапсырма көпшіліктің төбесінен жай түсіргендей болды. – Басқа сұрақ жоқ па,ендеше жиын жабық».
Одақ бойынша «халық жауларын», шетел шпиондарын, Отанға опасыздық еткендер секілді «жат пиғылдылардан» күндіз-түні тазарту жүріп жатты. Саясаттың қара дауылы қатты, халық қан теңізіне батты. Атақ-даңққа қараған жоқ, бірінен соң бірін түрмеге тыға бастады. Басқа-басқа 1937-1938 жылдары жұмысшы-шаруалардың Қызыл армиясы бойынша Блюхер, Тухачевский және басқалар сынды 47 мың әскери қайраткердің істері шұғыл тексеріліп, атылып кетті. Сталин мамыр мейрамында бүлдіршінді құшағына алып түскен «Правда» газетіндегі суреттегі жазбада «болашақ – жастардың бақыты үшін» десе, көп ұзамай қыздың әкесі жау атанып, атылып кетті. «Күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған», деп ақындар жырлап жатты. Үрей күшейді. Мемлекетті үреймен басқарудың тиімді тәсілі түпкілікті орныға бастады. Қоғам мінезі өзгерді, бірін-бірі қаралау белең алды. Екіжүзді пәлеқорлардың қырсығынан Одақ бойынша 20 мың чекист қуғын-сүргінге түсіп, біразының үкімі «өлім» делінді. Бір ғана Орынбор облыстық басқармасы бойынша 639 қызметкер қуғындалды. Басқарма бастығы Наум Райскийден бастап, біразы бірден атылған. Жаппай қырғынның басталуына себеп 1936 жылдың 29 қыркүйегіндегі ВКП(б) (Бүкілодақтың коммунистік партиясының (большевиктік) орталық комитеті – БКП(б) ОК) Саяси бюросының троцкийшілер-зиновьевшілердің революциямызға қастандығы үшін» туралы қаулысына қарай КСРО НКВД-ның (Ішкі істер халық комиссариаты – ІІХК) №00447 бұйрығы бойынша республикалардағы НКВД МҚБ (Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы) қызметінде 3-бөлім және 4-бөлімдер арасында кім адамдарды көп тұтқындады деген жарыс жариялап, халық комиссарларының бұйрығын қатаң орындауды қажет еткен. Әрбір республика, облыстарға белгіленген лимит бойынша адамдарды тұтқындауды асыра орындағандарға сыйақы, шен-шекпеннің өсуі сияқты марапат болып тұрған. Олжа табудан, құрмет көруден кім қашады?
Орынбордың болсын, басқа қалалардың болсын, НКВД-ның жерасты қараңғы, қапас бөлмелерінде «халық жаулары» деп жазықсыз атылғандардың рухы қанша жыл өтсе де тыныштала қоймас. Өлім жазасына кесілгендер арасында соңғы сөзінде: «Бізде кінә жоқ, жау емеспіз, өздерің жауызсыңдар, мұны Сталин білсе, өздеріңді құртады», – деушілер аз болмаған.
Сол сұрапыл жылдарда орынборлық ФСБ-ның (Федералды қауіпсіздік қызметі) «Ескерткіш кітабында» 639 чекистің Отан үшін деп жүріп, жазықсыз, асығыс тексеріліп, саясат үрейіне ықтап атылып кеткені көрсетілген. Одақ бойынша қаншама аяулы азамат оққа ұшты, қуғын-сүргіннің зәбірін көрді. Қанжұтпа 58-баптың қармағына ілікті. Қолға түскен қазақтарға шеніне қарамай тағылатын айып осал болмағанын мұрағат деректері анықтап отыр (НКВД қатарында жүрген Ш.Н.Шандыбаевтың тағдыры):
– Алаш идеясын жақтайсың, ә? Бөлек мемлекет болғыларың келеді. Шетел шпиондарымен байланыстарың қалай? Алаш партиясы болған... Оның үстіне туған-туысқандарың діншіл көрінеді? Соларды түрмеге әкелесің!
– Мен оларға діннен без деп айта алмаймын. Лениннің өзі әр ұлттың салт-санасы, тілі, ділі, діні қорғалады деген емес пе?
– Сталин діннің зиянды түрінен сақ бол деп отыр. Діншіл қазақтарды түрмеге тық. Орынбордағы мұсылмандардың үш мешітін талқанда. Бұйрық солай. Қазір кабинетте үшеуміз отырмыз, тапсырманы орындағың келмеді ме? Екеуміз бірігіп «дінді қорғаушы – Алаш мүшесі» деп құжаттап, өзіңді ата саламыз. Соңғы сөзіңді айт. Ойлануға біраз уақыт беріп отырмыз, шенді сыйлағандықтан.
Міне, осындай қып-қысқа сұрақ-жауап Шандыбаевтың ажалын тауып береді.
Тергеу жұмысында алғыр да танымал Құмаш Шаяхметовті де қыршынынан қиюға үштік себеп таба ма? Табады.
– Тұзтөбе ауданындағы Ш.Есмұхамбетов молданың үйіне қонып шығыпсың. Нағашың көрінеді. Бір қой сойып үйіңе беріп жіберіпті. Мешіттің азаншысы З.Асанов, саудагер А.Хафизов дастарқанда бірге болыпты. Бәрін біліп отырмыз. Өзің мойында?! Үкімді оп-оңай орындаймыз...
– Туыс-туғанның үйіне бармасын деген заң жоқ қой.
– Заң бар.
– Қандай?
– Қылмыскермен сөйлесіп, Кеңес үкіметінің жұмысын бүлдіруге жоспар жасадыңдар. Атыласың! – деп, қару-жарағын, киімдерін кабинеттің ішінде тартып алады. Сол қызыл жағалылардың өздерін өздері жазалап атылғандарының көбінің үкім орындалар сәтінде: «Жазықсызбыз, бұл қылмыстарыңды Сталин білсе, өздеріңді де өлтіреді», – дегенге кісі өлтірушілердің кейбірінің жүйкесі әділетсіздікке шыдамай, өзін-өзін атқаны да болған. Содан кейін өлім жазасын орындаушылар Мәскеуден арнайы дайындықтан өтіп, нағыз тасжүрек есебінде жұмысқа алынған. Олар келген бойда:
– Маған бірінші кезекте үй, барлық жағдай керек! – деп қатаң талап қойса, өздерінің қарауында жұмыс істеп жүргендердің сәл қателігіне бола жазаға тартып, олардың әйелін қылмыскерлер лагеріне жөнелтіп, балаларын жетім балалар үйіне тапсырып, үй-жайын жұмысқа жаңадан келушілерге бергені де белгілі. Мәселен, алғыр чекистердің бірі Г.Э.Цейтменді атуға үкім шығаруға да, түрмеге салуға да дәлел табылады. «Шетелдіктермен байланысты болған, шіркеуге барып поптармен сөйлесіп, топ құрып жүрген», – деп екілік мүшелері бетпе-бет егесіп, құжаттайды. Үкім орындалған соң, әйелі «АЛЖИР» лагерінде кетеді. Отбасының тірі қалғандары үй-мүлкін даулап ала алмайды. Мемлекет меншігіне айналған мүлік қайтаруға жатпайды. «Жазықсыз жаза» деп ешкім құнын алмайды, адвокат іске араласпайды. Осындай қайғымен қостанайлық Софья Карловна Цимперман «АЛЖИР» лагерінде өмірін өткізді. Тағылған айып (статьясы) – Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізген.
Одақ бойынша қуғын-сүргінге ұшырап, өмірлерін қиған жиырма мың чекист десек, олардың қай-қайсысы да революциялық жолда жанын сала қызмет еткендер.
Партия басшыларының «Аса құпия» деп шекесіне мөр басылып келген ұсыныс, пікірлерін Мәскеу құп көріп, заңдастырып жатты. Орынбор мұрағатында сақталған деректерде бір жылдың өзінде 82 милиция атылып, олардың әйелдері «халық жауының жары» делініп, Ақмоладағы «Алжир» лагерінде азапты күндерін өткізді деп жазылған. Ал милиция ұрпақтарының балалар үйіндегі ауыр тағдырын дұшпанның басына бермесін.
Содан сотталып, атылғаны атылып кеткендердің орнына Берияның дайындығынан өткен тәртіп, тәрбиесі заң сүзгісінен өткен лайықты кадрлар келіп, үй-жайы ыңғайлы, орынтағы дайын жұмысқа жайғасады. Бәрі бірінің ізін бірі бағады. Аңдаусыз қадам бассаң, бір аждаһа жұта салады. Шен-шекпенің, лауазымың қорған бола алмайды. Олар кімнің кім екенін бақылайды, саяси басшылар орталыққа құпия хабарлар түсіреді. Өндірісті өркендетуді шұғыл және шығынсыз жүргізеді. Бүгінде Орынборда 7 565 кәсіпорын жұмыс істесе, олардың біразының іргетасы 1920 жылдары сотталғандардың қолымен қаланған. Ақмоладағы бұрынғы Одаққа танымал кейбір өндіріс орындарын да жазықсыз жапа шеккендер салған.
Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы