Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Отырыс барысында депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері балалардың құқықтарын қорғауға қатысты пікір алмасып, заң жобасын жан-жақты талқылады. Аталған құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Динара Зәкиеваның айтуынша, заң жобасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға арналған инфрақұрылымның жетіспеуі мәселесін шешу көзделген.
«Бұл норма оңалту қызметтерін республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудандарда көрсету мақсатында денсаулық сақтау жүйесінің қолданыстағы объектілерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарын құру бойынша облыстық, республикалық маңызы бар қалалар және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретін бекітеді. Осылайша, оңалту орталықтарын көбейтуге мүмкіндік жасаймыз.
Мектеп – жасөспірім үшін уақытының көп бөлігін өткізетін, маңызды және күрделі мәселелерді қауіпсіз талқылауға болатын, өзін өзі дамытатын, оқу мен тәжірибе жинау үшін мүмкіндіктер көзі саналатын орын және таныс, қауіпсіз орта. Әрине, жеке дамудың, психикалық және эмоцияналды денсаулығының қайнар көзі. Бірақ мектепте балалардың жәбір көруі, зорлық-зомбылыққа ұшырауы да сирек кездесетін жағдай емес. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, мектеп климатына да теріс әсер етеді. Сондықтан заң жобасында білім беру процесінде жәбірлеудің алдын алу тетіктерін реттеу көзделеді», деді депутат.
Д.Зәкиеваның айтуынша, заң жобасында мұғалімдер мен қызметкерлерді көмекке мұқтаж балаға уақтылы көмек көрсету жөніндегі әдіснамамен, сондай-ақ балаға жәбірлеудің белгілерін түсіндіретін және бір-біріне құрметпен қарауға баулитын бағдарламалармен қамтамасыз ету ұсынылады.
«Бұл түзету 3 миллионнан астам оқушының жағдайы мен өмірін жақсартуға бағытталған. Қазақстан қоғамы үшін тағы бір өзекті мәселе – балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид. Мәселен, 2021 жылдың тек алты айында 105 бала суицидке барған. 193 бала өз-өзіне қол жұмсауға оқталды. Бұл ретте бірқатар өңірде суицид саны өскені байқалады. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш ұлғайған. Осыған байланысты заң жобасында бұл мәселені шешу үшін орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру тетіктерін реттеу ұсынылады», деді Д.Зәкиева.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасында балалардың тұрғын үй және отбасылық жағдайда мүдделерін қорғауға, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті. Палата Спикерінің айтуынша, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр.
«Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет. Деректерге жүгінсек, 18 жасқа дейінгі жастар арасында өткен жылы 143 суицид және 306 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткен оқиға тіркелген. Тек жарты жылдың ішінде 105 суицид пен 193 өзіне қол сұғу әрекеті болған. Шынымен буллинг және кибербуллинг – өте қауіпті нәрсе. Ол балалардың психологиясын бұзатын, суицидке апаратын жол. Сондықтан жаңа айтып кеткендей, балаларды, әсіресе, мектеп балаларын буллинг және кибербуллингтен толықтай қорғайтын нақты нормалар енгізуіміз керек. Осыған байланысты, екінші оқылымға дейін тиісті жұмыс жүргізу қажет», деді Палата Спикері.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажетті көптеген мәселелені, әсіресе, балалардың құқығын қорғау жолындағы проблемаларды шешуге тиіс. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, қазір балаларды қорғау үшін отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қосымша шаралар қарастырылды.
Заң жобасында жазылған нормалар азаматтарды, әсіресе, балаларды осындай буллинг және кибербуллинг секілді құбылыстардан қорғау керек. Бұл нормалар заман талабы екенін айтқан Нұрлан Нығматулин осы заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасының пікірінше, бір ғана заң жобасы арқылы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы проблемаларды шешу мүмкін емес.
«Бұл жерде, әрине, жүйелі шаралар, кешенді тәсілдер қажет. Ол үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, педагогтер мен ата-аналар қауымының бірлескен жұмысы керек. Ал депутаттық корпус өз тарапынан балалардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық жағынан қолдау көрсетуге дайын», деді Нұрлан Нығматулин.
Айта кету керек, заң жобасын талқылау барысында балалардың тұрғынжай бойынша құқықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ отбасылық қатынастарда баланың мүдделерін қорғауға және интернет желісіндегі құқыққа қарсы контенттің алдын алуға арналған бірқатар норма қарастырылды.
Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
«Аталған заң жобасы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген. Осы заң жобасы биыл 2 маусымда бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын қарау барысында депутаттар мынандай түзетулер енгізді. Үкіметтің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы және су шаруашылығы саласындағы жекелеген өкілеттіктері сақталады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органнан жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы органға асыл тұқымды балық өсіруді дамыту бойынша құзырет беріледі. Аудиторлық қызмет, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларындағы рұқсат беру рәсімдерін жүргізу бойынша, сондай-ақ аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу жөніндегі нормалар нақтыланады. Бұған қоса, жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап, құжат Сенат қарауына жіберілді.
Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында Палатаның бейінді комитеті Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.
Аманжан Жамалов Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында темекі өнімдері мен алкоголь сусындарын таңбалау жобасына күмән келтірді.
Депутат Мақпал Тәжмағамбетова Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа Алматыдағы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасын жаңа ғимаратқа көшіру қажет екенін жеткізді. Файзолла Каменовтің айтуынша, Тұрғын үй кооперативтерінің қызметін қатаң регламенттеу қажет. Депутат осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.
Мақсат Раманқұлов Қазақстан Үкіметінің Ресей Сбербанкімен цифрлы үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау туғызғанын атап өтті. Бұдан бөлек, жиын барысында Айгүл Нұркина, Ерлан Смайлов, Александр Милютин, Ерлік Өмірғали, Юрий Ли, Сергей Симонов, Сырым Ертаев, Дания Еспаева депутаттық сауал жолдады.
Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының тізімі бойынша Ғани Болатұлы Хамзин Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Конституцияның 51-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан халқына ант беріп, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.