• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 16 Қыркүйек, 2021

Креативті экономика құндылығы

799 рет
көрсетілді

Экономиканы өркендетудің басты трендін шикізаттық сипаттан индустриалдық, шығармашылық бағытқа әртараптандыру ішкі жалпы өнім үлесінің өсуіне оң әсер ететінін дамыған елдердің тәжірибесінен анық байқауға болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында «Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс» деп, елімізде креативті индустрияны қолдау қорын ашуды тапсырды.

Бүгінде қазақстандық шы­ғармашылық иелері де ха­лық­аралық нарықта бәсе­кеге қабілетті креативті өнім шы­ғара алатынын көр­сетіп келеді. Деректерге зер сал­сақ, 2019 жылы еліміз­дегі шы­ғар­машылық индуст­рия­лардың экспорт көлемі 247 млн доллардан асқан. Әрине, медиа, ойын-сауық нарығы әлдеқашан даму жолына түскен елдердегімен салыстырғанда, бұл төмен көрсеткіш болуы мүмкін. Бірақ елімізде де шығармашылық кәсіпкерлікке қолдау көрсету, нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығару, кадр даярлау, талантты жастарды қолдау, шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншікті қорғау секілді жұмыстардың іске асып жатқаны белгілі. Ендігі кезекте креативті индустрияда жұмыспен қамтылғандар санын арттыруға басымдық беріліп, грант, несие, субсидия алуға мем­лекеттік қолдау түріндегі же­ңіл­діктер қарастырылса, қар­жы­лық, заңнамалық тұрғыда көмек көрсетіліп, арнайы қор­лар ашылса, экономиканың осы­нау маңызды бағытын дамы­туға мол мүмкіндік туатыны даусыз.

БҰҰ 2021 жылды шығарма­шылық, экономика, мәдениет, бизнес және технологиялар тоғысқан интеллектуалды қызметке негізделген «Білім экономикасы» жылы деп жариялады. Креативті экономика адами капиталды жетілдірумен тығыз байланысты екенін ескерсек, қазіргідей трансформация кезеңінде шығармашылық әлеуетті дамытудың маңызы арта түседі. Сондықтан жоға­ры оқу орындарындағы сту­дент­тердің өздері қалаған ма­ман­дығын меңгеріп қана қой­май, шығармашылықпен айналысуына, жобалары мен тың идеяларын іске асыруы­на қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл үшін түрлі Startup ор­талығын, soft skills-тер ар­қылы кәсіпкерлікке баулитын шеберлік сыныптарын ұйым­дастырудың тиімділігі жоғары болмақ. Осы орайда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында креативті индустрия орталығы ашылғалы отыр.

Бұл орталық талантты жас­тарымызды шығармашы­лық тұрғыдан шыңдайтын OpenSpace болады деген сенім­деміз. Мұнда әлемдік цифрлы алпауыттар – Facebook, Twitter, Google және тағы басқа да компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың қатысуымен «Менторлық мектеп» жобасы ұйымдас­тыры­лады. Олар біздің студенттер­ді дизайн, видеография, журна­лис­тика және тағы бас­қа шығар­машылық, цифрлы құзы­рет­тіліктерді меңгеруге үйретеді.

Мұнайлы аймақтағы ал­ғаш­қы креативті индустрия орталығы кәсіби сарап­шы­ларды біріктіретін, маңызды мәсе­лелер бойынша пікірта­лас­­тар өткізетін, идеялар мен шетелдік тәжірибе транс­фертіне бастамашылық жасап, жаһандық процестерге талдау, мониторинг жүргізетін, заманауи жаңашылдықтың өңірге, жал­пы елге әсерін бағам­дай­тын алаң болады. Осы ар­қылы аймақтағы талантты жас­тардың қатарын арттыруға, олардың туып-өскен өңірінің өркен­деуіне атсалысуына себепкер болуды мақсат етіп отырмыз. Орталық студенттердің өзін-өзі жетілдіруіне, батыл идея­ларын іске асыруына, ғылы­ми, инновациялық про­цес­терге араласуына жол аша­ды. Орталықтың 600 адам­ға арналған алаңында әртүр­лі хакатонды тек универси­тет сту­денттері үшін ғана емес, Атырау облысын­дағы мек­теп­тердің талантты оқу­шылары үшін де ұйым­дастыру жоспарланды. Осылайша, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті креативті индустрия орталығын ашу арқылы «Білім экономикасының» дамуына үлес қосуды көздеп отыр.

Креативті экономиканың жетекші ресурсы – адам капиталы. Техника мен технология қарыштап дамыған жаңа дәуірде экономиканың бас­ты даму көзі – шикізат емес, адамдар, олардың дағдылары, қабілеті мен құзыреті. Сол себептен, қазір жастарға дәстүрлі жолмен білім беріп қана қоймай, олардың soft skills-терін дамытып, қабілетін арттырып, түрлі шығармашылық идеяларына инвестиция салу жолдарын ойлаcтыруымыз қажет. Осы мақсат жолындағы жоспарымыз Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауымен үндесіп, қолға алған ісімізге тың серпін берді. Дамыған білім беру инфрақұрылымы мен қолайлы кәсіпкерлік орта өңірлерге білімді, білікті мамандарды тартуға, ел экономикасын жаңа белеске көтеретін ма­ңызды үрдістерді іске асыру­ға негіз қалайды. Өйткені ең тиімді инвестиция – адам капиталына салынған инвестиция.

 

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,

«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректоры

 

Атырау облысы