Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жас қаламгер» оқыту мектебі өз жұмысын бастады.
Әлеуметтік жоба оқу сауаттылығын арттыру, жас дарындардың танымдық-шығармашылық белсенділігін дамытуды мақсат етіп отыр.
Бастаманы «Қазақстанның жастар конвенті» қоры жүзеге асырады. Алдағы уақытта оқыту мектептерінде елордадағы орта және арнаулы орта оқу орындарының 10-18 жас аралығындағы дарынды балалары әдебиет саласының драматургия, поэзия, проза бағыты мен «Ғылым тап = Find science» (Абай шығармаларын ағылшын тілінде оқыту), «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты тақырыптар бойынша дәріс алады.
Осы орайда 8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында жобаның ресми ашылу рәсімі өтіп, оған ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар қатысты.
Оқыту мектебіне қатысушы балаларға ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазы, абайтанушы-журналист Ернат Мелсұлы және тағы басқа ақын-жазушылар дәріс оқиды.
Жоба аясында биыл 10 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қабылданған өтініштер нәтижесінде жобаға 200-ге жуық бала қатысатыны белгілі болды. Оқыту мектебі 8-20 қыркүйек аралығында өтеді.