• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 16 Қыркүйек, 2021

Биологиялық қауіпсіздік мамандарын даярлауға 400 грант бөлінеді

456 рет
көрсетілді

Биологиялық қауіпсіздік саласында қатерлі микроорганизмдермен тікелей жұмыс істейтін мамандар дайындау үшін 400 грант бөлінуі мүмкін. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов Мәжіліс депутаттарына осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталмыш бастама «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасының аясында көтеріліп отыр.

«Бізде мамандар жоқ емес, бар. Бірақ толыққанды биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ұсынылып отырған заң жобасында осы салаға жаңа мамандарды барынша көбірек тарту көзделген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі мамандар дайындауға 400 грант бөлу қарастырылған. Әрине, оларды бұл салаға мамандандыру маманның оған дейін алған базалық біліміне сай жүргізіледі. Өйткені биологиялық қауіпсіздік саласының маманы өзі жауап беретін саланың да маманы болуы керек. Егер ветеринария саласындағы биологиялық қауіпсіздік маманы болса, ветеринария саласының базалық білімін меңгерген болуы керек. Өсімдік шаруашылығы болса, оған сәйкес базалық білімі болу керек деген сияқты. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз – биологиялық тірі организмдермен жұмыс істейтін мамандардар. Патогендер деп бөліп айтып отырғанымыз сондықтан»,  деп түсіндірді бас санитар дәрігер.

Вице-министр заң жобасындағы бұл ұсыныс қабылданса, жоғары оқу орындарының қоғамдық денсаулық сақтау факультеттеріндегі оқыту бағдарламасы өзгертілетінін атады. «Елдегі санаулы жоғары оқу орнында қоғамдық қауіпсіздік факультеттері бар. 400 грант бөлінсе, мамандарды сол факультеттер базасында оқытамыз. Нақты айтсақ, қазір ондай факультеттер Қарағанды және Алматы медициналық универсиеттерінде бар. Осындай ЖОО-лар базасында санитарлық-гигиеналық бейіндегі мамандар даярлау жоспарланып отыр. Ол үшін біз оқыту бағдарламасын өзгертеміз. Соның арқасында аталмыш бағыттағы сағаттар саны көбейтіледі», деді Ерлан Қиясов.