• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 17 Қыркүйек, 2021

ҚР Президенті Алматыда гуманитарлық хаб құруды ұсынды

139 рет
көрсетілді

Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық хабын ұйымдастыру керек. Мұндай ұсынысты Душанбеде өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан Ауғанстан болашағын өз-өзімен және өзінің көршілермен бейбіт өмір сүретін нағыз тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет ретінде көреді. Осынау тағдыршешті тарихи сәтте Ауғанстанның көпұлтты халқы теңдессіз қиындықтармен бетпе-бет жалғыз қалмауы тиіс.

ШЫҰ үлкен ықпалының арқасында бұл елдің бейбітшілік пен келісімге қол жеткізуінде белсенді рөл атқаруы тиіс деп санаймын. Ұжымдық күш-жігермен ғана қазіргі сын-тегеуіріндермен күресте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан өз тарапынан Ауғанстаннан бақылаусыз көші-қонның орын алуының, деструктивті идеологияның, есірткінің таралуының жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейтетіндігін баса айтты.

«Сонымен қатар Ауғанстан тап болған өзекті гуманитарлық және экономикалық проблемаларды шешу үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстанның қолданыстағы инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіншіліктерін ескере отырып, Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.