Боксшы Ангелина Лукастың 8 қыркүйектегі үндеуінде айтылған әйелдер арасындағы ұлттық құраманың жағдайына қызметтік тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Комиссияға тараптардың уәжі мен істің матариалдарын қарап, мынадай шаралар қабылдау міндеті қойылып отыр:
- Қазақстан бокс федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, спорт этикасын бұзғаны үшін екі боксшы – Назым Қызайбай мен Ангелина Лукасты уақытша шеттету мәселесін қарастыру;
-Спорттық тәртіпті бұзу фактілері бойынша объективті тергеу жүргізіп, 20 қыркүйекке дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне ұлттық команданың бәсекеге қабілетті құрамын жасақтау;
- Әйелдер құрамасы бас бапкерінің рапорты бойынша, допингке қарсы ұлттық орталықтың мамандарын тарта отырып, құрама команда мүшелерінің допинг (тыйым салынған препараттар) қолдану мүмкіндігіне тексеру жүргізу;
- Командадағы психологиялық ахуалды жақсарту, жанжалға жол бермеу үшін психологтарды, медиаторларды тарта отырып жұмыс жүргізуді ұсыну.
«Ұлттық Олимпиада комитетіне биыл 2 ақпанда қабылданған №524/21-НСК еңбек шартының 5.3.18, 5.3.19 және 5.3.28-тармақтарын бұзғаны үшін Ангелина Лукасты тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарастыру жөнінде шешім қабылдау үшін ұсыныс жасалды.
Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайға жол бермеу үшін федерациялардың бәріне командадағы тәрбиелік жұмысты күшейту қажеттігі туралы хат жолдады.
Сондай-ақ бас бапкер Ерік Алғабектің ұлттық құрамадағы бақылауды әлсіреткенін атап өту керек. Бұл командадағы спорттық тәртіпті жүйелі түрде бұзуға алып келді», деп жазылған комитеттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.