Қазақстан қазір әлемге таныла бастады. Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Әсем Астана салды, халық саны жылдан-жылға көбеюде. Қысқасы, біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі күнге сеніммен қарайды.
Биылғы Жолдаудың әрбір сөзі, әрбір сөйлемі, елдік мұрағаттарға жауап береді. Орта және шағын бизнесті дамыту, білім, ғылым, денсаулық сақтау саласын ілгері дамыту – ел болашағының кепілі.
БАБАЛАР АРМАНЫ ЕДІ
Қазақстан қазір әлемге таныла бастады. Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Әсем Астана салды, халық саны жылдан-жылға көбеюде. Қысқасы, біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі күнге сеніммен қарайды.
Биылғы Жолдаудың әрбір сөзі, әрбір сөйлемі, елдік мұрағаттарға жауап береді. Орта және шағын бизнесті дамыту, білім, ғылым, денсаулық сақтау саласын ілгері дамыту – ел болашағының кепілі.
Бір қуаныштысы – Мәңгілік Ел – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы. Индустрияны ғылыми негізде дамыту, еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру арқылы жарқын болашаққа нық қадам жасаймыз. Міне, Жолдаудағы басты қағида осы бағытқа арналған.
Сыр өңірі ауыл шаруашылығы қазба байлықтары жағынан кем емес өңір. Сондықтан аграрлық секторды дамытуға, өндірісті дамытуға күш жұмылдыруымыз керек.
Бүгінгі ұрпақ – мәңгілік Қазақстан елінің перзенті, Қазақ елінің ендігі идеясы – Мәңгілік Ел!
Біз ендігі жерде жұмылған жұдырықтай бірлікпен еңбек етіп, өнімнің сапасын әлемдік стандартқа жеткізуіміз керек.
Бәріне шүкір дейікші, бар-жоғы 22 жылда Астана тұрғыздық, енді алдағы жылдарда қала халқы миллионға жуықтайды. Әлем осынау бой көтерген Астана ғимараттарына таңырқайды. Арғымақтардың аяғы жетпейтін алыс-жақын шетелдерде мыңдаған қазақ жастары білім алуға жол ашты. Ұшқыр қиял көкке қарай самғап барады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы нұрлы болашақтың бағдаршамын айқындап бергені ақиқат. Рас, мәңгілік ел болу – өз қолымызда. Тек бірлік, ынтымақ, Отанға деген патриотизм бізді биік шыңдарға талмай жеткізеді.
Әбдіғаппар ӘМІРҒАЛИҰЛЫ,
Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығыАҚ
Қызылорда филиалының директоры,
Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
ҚЫЗЫЛОРДА.
БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН ҚҰЖАТ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын тыңдап, өзім жұмыс атқаратын Соколов-Сарыбай тау- кен байыту бірлестігіне қарасты «Соколов» жерасты кенішіндегі әріптестеріммен бірге ой бөлісіп, талқылап шықтық. Біздің шахтерлер қауымы ел дамуының әрбір жетістігіне үлес қосып, халық игілігі үшін аянбай тер төгеді. Оның үстіне Елбасымыздың өз еңбек жолын металлург болып бастағаны да жігерімізге жігер қосады. Президент өз Жолдауында «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», деп бар мақсатты бір ауыз сөзге сыйғызып айтты.
Біз елімізге деген еңбегімізді аямаймыз. Отбасындағы балаларымыз оқып білім алып, тәлім мен тәрбие терсе, адалдық пен адами құндылықтарды құнттай білсе, елім, жерім деп қызмет атқарса – алдыңғы қатардағы отыз мемлекеттің ортасынан орын алу орындалатын мақсат. «Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөздері әрқайсымыздың жүрегімізден орын алып, ел мүддесіне қызмет жасауға бағыт береді. Кезінде «Жастықтың оты қайдасың, Жүректі түртіп қозғамай, Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай» деп Абай атамыз жастарға үміт артса, енді Елбасымыз жыл сайын жол көрсетіп, Жолдау арнап отырады. Бұл – Мәңгілік Ел идеясын осы күннен бастап жүзеге асыратын жастарды бақытты болашаққа бастайтын баспалдақ, жарығы мол шамшырақ, көрсетілген қолдау деп білемін.
Бейбіт НҰРҒАЗИН,
«Соколовская»
шахтасының үңгушісі.
Қостанай облысы.
БІРЛІК – БЕРЕКЕ КЕПІЛІ
Елбасы жыл сайынғы Жолдауында құқық қорғау саласының жұмысына үлкен мән беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырады. Биылғы Жолдауда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс», деп осы сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеді. Өзім қызмет ететін Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімінде бүгінде 124 қызметкер жұмыс істейді. Бірнеше ұлт өкілдерінен құралған біздің жеке құрам өте тату-тәтті, ынтымақ, бірлікте еңбек етіп келеді.
«Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі», деп Елбасымыз Н.Назарбаев өте дәл тауып айтқан. Бабаларымыз аңсаған бірлік пен татулықты бүгінде Ордабасы ауданының халқы ту етіп ұстап, берекелі де мерекелі тіршілігімен паш етіп отыр. Ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім осы киелі өңірде мәңгілікке орын тепкен. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың тиімді жолдарын жіліктеп берген бұл Жолдаудағы жұрттың рухын көтеретін «Мәңгілік Ел» ұғымының орны ерекше. Ол осы стратегияның түп қазығы етіп алынып отыр. Өзара түсіністік пен бірліктің, тату тіршіліктің арқасында ғана бұл идеяның шаңырағы шайқалмайды.
Сондай-ақ, маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген бұл Жолдау болашақтың бағдаршамы іспеттес. Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімі Жолдауда көрсетілген жоспарларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға қашанда әзір және тыңғылықты тірліктерімен өз үлестерін қосып та келеді.
Әрине, қызметкерлерден сапалы жұмыс талап ету үшін олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасау керек. Елбасымыздың біздің салаға қойып отырған басты талабы да осы. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нұржан Тілеуовтің табандылығы арқасында өткен жылдары облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ғимаратымыз жөнделді. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, Шұбарсу, Қажымұқан, Төрткөл, Бадам, Қараспан, Шұбар ауылдарындағы тірек пункттеріне ғимараттар сатып алынды. Материалдық-техникалық базамызды жақсарту үшін облыстық ішкі істер департаменті тарапынан басқа да көптеген жұмыстар жасалуда.
Ендеше, Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын бүкіл қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат деуіміз керек.
Бақытжан МАХАНБЕТОВ,
Ордабасы аудандық ІІБ бастығының
орынбасары, полиция подполковнигі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.