Франция билігі АҚШ пен Аустралиядағы елшілерін кері шақыртып алды. Саяси сахнадағы мұндай әрекеттің астары үлкен. Бұл мемлекеттер арасындағы қатынасқа селкеу түскенін білдіреді. Батыс демократиясының Отаны саналатын елдің мұндай қадамға баруының себебі неде?
Батысты дүр сілкінткен оқиғаға басты себеп – АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияның Үнді-Тынық мұхиты аймағында әріптестік орнатуы жөніндегі мәлімдемесі. Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дрианның айтуынша, елшілерді кері шақыртуға ел президенті Эммануэль Макронның өзі тапсырма берген.
«Бұл ерекше шешім Аустралия мен АҚШ-тың 15 қыркүйекте жасаған мәлімдемесіне байланысты қабылданды», дейді Ле Дриан.
Француздардың ренішінің сыры мынада. Аустралия 2016 жылы Францияның Naval Group компаниясымен келісіп, құны 90 миллиард долларлық келісімге қол қойған еді. Аталған құжатқа сәйкес француздар жасыл құрлыққа ядролық отынмен жүретін сүңгуір қайықтар құрастырып беруге тиіс-тұғын. Келісімге 5 жыл бұрын қол қойылғанымен, түрлі мәселелерге байланысты оны жүзеге асыру бертінге дейін шегеріліп келді.
Енді АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияның Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы қауіпсіздікті сақтау жөніндегі пактісі бәрін өзгертпек. Келісім аясында америкалықтар Канберраға ядролық сүңгуір қайықтарды өздері құрастыруына көмектеседі. Осылайша, Францияның Naval Group компаниясының көмегі қажет болмай қалады. Ле Дриан аустралиялықтардың осы әрекетіне ренжігенін жеткізіп, аталған пактіні Францияны ту сыртынан ұрған пышаққа теңеді.
«Аустралия мен Франция 2016 жылдан бері жүзеге асыруды жоспарлап келген мұхитқа арналған сүңгуір қайықтар жобасынан бас тартып, АҚШ-пен жаңа серіктестікті жариялап, болашақта ядролық сүңгуір қайықтар саласында ынтымақтастық орнату әрекетін қабылдау мүмкін емес. Одақтастар мен серіктестер мұндайға жол бермеуге тиіс. Бұл одақтастарымызға, серіктестерімізге және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы Еуропаның мүддесіне әсер етеді», деді Ле Дриан.
Бұл оқиғаның Батысты дүр сілкінтуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Франция мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыс мұхиттың арғы бетіндегі азаттық соғысынан кейін орнаған еді. Содан бері бірнеше ғасыр өтсе де, екі ел тату-тәтті болып келген. Енді Франция тарихта бірінші рет АҚШ-тағы елшісін консультация жасау мақсатында кері шақыртып алды. Сондай-ақ азаттық соғысындағы маңызды шайқастардың бірін атап өтуге арналған мерекелік іс-шараны да кейінге қалдырды.
Екіншіден, АҚШ та, Франция да – әлемдегі көшбасшы мемлекеттер. Әрі екеуі де Батыс демократиясын насихаттайтын елдер саналады. Яғни илейтін терісінің пұшпағы бір. Осындайда одақтас мемлекеттің өз елшісін кері шақыртып алуы саяси тұрғыда үлкен ренішті білдіреді.
Оның үстіне, Францияның да Үнді-Тынық мұхиты аймағына қатысты ұстанған стратегиясы бар. Аталған құжатты Э. Макрон 2018 жылы Аустралияда таныстырған еді. Қазіргі таңда осы өңірде 1,6 миллион француз азаматы өмір сүреді. Әлемде үлкендігі жөнінен екінші орын алатын, Францияға тиесілі ерекше экономикалық аймақ та Үнді-Тынық мұхиты аумағында орналасқан. Демек, Елисей сарайы өңірдегі мүддесінен бас тартпайды.
Жалпы, бұл аймаққа Еуропалық одақ та ерекше назар салып отыр. Мәселен, биыл қарт құрлық пен Үндістан стратегиялық келісім жасасқан еді. Сол кезде Еуропалық одақтың Үнді-Тынық мұхиты аймағына қайта көңіл бөлетіні айтылған-ды.
Үшіншіден, Франция қазіргі таңда Еуропалық одақта Германиямен қатар, үлкен рөлге ие. Елисей сарайынан айтылған сөзді қарт құрлық құлақ салып тыңдайды. Сонымен қатар НАТО-да да француздардың беделі жоғары. Ендеше, ресми Париждің АҚШ-тағы елшісін кері шақыртуы жай ғана өкпе емес.
Мұндай пікірді сарапшылар да айтып отыр. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің тұрақты кеңесшісі қызметін атқарған, ағылшындардың Франциядағы бұрынғы елшісі Питер Рикеттстің пайымдауынша, бұл – мәселенің шеті ғана.
«Франция сатқындықты сезініп отыр. Өйткені бұл қару-жарақ келісімшарты ғана емес еді. Франция Аустралиямен стратегиялық серіктестік құрды. Енді аустралиялықтар одан бас тартып, Францияның сыртынан НАТО-дағы екі одақтасымен келіссөз жүргізді.
Француздар үшін мұндай әрекет – одақтастар арасындағы сенімнің жоғалуы. Әрі НАТО-ға да күмән туындайды. Яғни келешекте НАТО альянсына іріткі түсуі мүмкін. Меніңше, мұның Францияға тигізетін әсеріне көпшілік мән бермейді. Келер жылы Макрон президент сайлауына түсіп, оңшылдармен бәсекелеспек. Осындай маңызды кезеңде сатқындық секілді көрінетін әрекеттің салдары ауыр болмақ», дейді Рикеттс.
Питер мырзаның сөзінің жаны бар. Келер жылы Францияда өтетін президенттік сайлауда басты үміткер – екеу. Қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон және оңшыл «Ұлттық алаң» партиясының төрағасы Марин Ле Пен. Әрине, алдағы саяси бәсекеде олардан басқа да кандидаттар тіркелетіні айтпаса да түсінікті. Дегенмен, түрлі сауалдамаларға сүйенсек, президенттікке негізгі талас Макрон мен Ле Пен арасында өтпек.
Бір қызығы, кейінгі бірнеше саяси бәсекеде президент екінші мерзімге қайта сайланған емес. Мұндай «дәстүрді» бұзу үшін Макрон барын салатыны анық. Осындай шешуші сәтте Францияны одақтастарының «сатып кетуі» оның беделіне нұқсан келтіреді.
Мұны, әлбетте, Ле Пен пайдаланып қалатыны айтпаса да белгілі. Әзірге Марин ханым оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ. Әйтсе де, популистік мәлімдемелерге жиі жүгінетін ол мұндайда қарап жатпайтыны анық.
Жоғарыда айтылғанның бәрі келісімді бұзудың саяси жағы. Бұдан бөлек, мұның экономикалық әсері де бар. Франция мен Аустралия сүңгуір қайық жасау бойынша 2016 жылы уағдаласты. Содан бері Naval Group бұл іске бел шешіп кірісіп кетті. Басқа көптеген компаниямен келісімге келіп, құрастыру жұмысын бастауға әзір еді. Енді соның бәрі текке кетіп, мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ.
Оқиғаға қатысты ресми Канберраның да айтар уәжі бар. Аустралия тарапы сүңгуір қайық жасауға жауапты Naval Group компаниясының жұмысына разы емес. Биылғы маусымда ел Сенатында осы мәселеге қатысты парламенттік тыңдау өткен-ді. Депутаттардың сұрақтарына жауап берген Аустралияның қорғаныс министрі Грег Мориарти неліктен жоба ілгерілемей тұрғанын түсіндірген. Оның айтуынша, кейінгі уақытта өзара түсініспеушілік болған. Соған байланысты ел үкіметі қосымша шаралар қарастырып жатқанын жеткізген.
Жыл басында француз компаниясы ұсынған жобаның келесі кезеңіне өту үшін Аустралия үкіметі бірқатар талап қойған көрінеді. Naval Group-қа берілген межелі мерзім осы айда аяқталды. Ресми Канберраның келісімнен бас тартқанына қарағанда, француздар қойылған талапты дер кезінде орындап үлгермеген сыңайлы.
Аустралияның айтқан уәжі бекер емес. 2016 жылы келісімге қол қойылғаннан кейін Naval Group компаниясының Үндістанға арнап құрастырған сүңгуір қайықтарына қатысты құпия құжаттар желіге тарап кеткен еді. Канберра бұған алаңдап, қауіпсіздікті күшейтуді сұраған.
Сондай-ақ келісімнің құны да бірнеше рет өзгеріп, оны орындау мерзімі кейінге шегерілген. Бұл – Аустралия үшін зиян. Өйткені елдің сүңгуір қайықтары ескіріп барады. Ал Тынық мұхит пен Үнді мұхитында Қытайдың заманауи сүңгуір қайықтары асыр салып жүр.
Кейінгі уақытта Бейжің мен Канберраның арасы суығанын ескерсек, жасыл құрлық үшін Үнді-Тынық мұхиты аймағында қайтадан күш алу маңызға ие. Бұған дейін екі ел талай мәрте саяси тұрғыда текетіресіп қалған. Мәселен, коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, жер-жаһанның аяғын бір етікке тыққанда Канберра билігі ең алғаш вирустың шығу тегі туралы сөз қозғаған.
Оның алдында, 2018 жылы Аустралия Huawei компаниясына елдегі 5G қызметімен айналысуға рұқсат берген жоқ. Ал 2016 жылы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты қытайлық екі компанияның электр энергиясын жеткізу жұмысын жүргізуге тыйым салды.
Ендеше, Аустралия тез арада аймақтағы беделін қайтарып алуды көздейтіні сөзсіз. Мұндайда жобаны кейінге соза беретін француз компаниясынан гөрі Қытайға қарсы АҚШ-ты таңдауы да стратегиялық тұрғыда маңызды. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта Батысты саяси шиеленіс күтіп тұр.