Әйгілі Шер-ағаның, Шерхан Мұртазаның туған топырағы туралы толғанған туындылары көрнекті жазушының тағдырымен біте қайнасқан дүниелер. Өзі жазғанындай, түсіне жиі енетін Мыңбұлақ, кең арналы, келбеті көркем, кеңістігі шексіз Көксай, бәрі де қаламгердің тамырында тулаған, қаламын тербеген қасиеті мол мекендер.
Әкенің жалған жаламен ұсталып кетуі, жетім қалған баланың жергілікті шолақ белсенділерден көрген құқайы, тағдырдың теперіші, бәрі де сол топырақта болған оқиғалар. Арада қанша уақыт өткенімен болған оқиғаның ізі өшпейді. Бұл күнде Жуалы ауданында Талапты деп аталатын шағын ауыл бар. Мыңбұлақ ауылдық округінің құрамына кіреді. Бұл жер – Шерхан Мұртазаның туған жері.
Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданының сол кездегі әкімі Ермек Үсенбаев жазушыға арнап Талапты ауылынан арнайы үй салып берген. Екі қабатты, еңселі ғимарат әлі күнге дейін бар. Айналасын қайың қоршаған асқақ нысанның ауласында таланттың тұма көзіндей болып бұлақ атқылап тұр. Табиғаты да, тылсымы да бөлек. Осы жерде әйгілі қаламгер ғұмырының кейбір сәулелі, шуақты сәттері өткен. «Атамыз бас басылым «Егемен Қазақстан» газетін басқарғаннан кейін, 1994 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Бұл үй сол жылдары салынды. Ол кісі жазғы демалыс сайын міндетті түрде ауылға келетін. Ауылдың үлкен кісілерінен бастап, балаларға дейін атамызды күтіп жүретін. Ата жұмыс істеймін, шығарма жазамын деп келеді негізі. Бірақ ол кісіні ауылдағы ағайындары бірінен кейін бірі үйіне қонаққа шақыратын. Мен де ол кісілерге қызмет қылып жүріп, атамыздың қандай шығарма жазу үстінде екенін біліп алатынмын», дейді жазушының келіні Гүлсім Шоңғарова. Қаламгердің ізі қалған ауылдың әр тұрғыны Шераға туралы сағынышпен сөйлейді. Туған топырағы да перзентін сағынышпен еске алатындай болып тұрады.
Шераға тұрған үй бұл күнде құнды жәдігерлерге толы. Жазушының өзі Мәскеуде оқып жүрген шағында арнайы алып келген әлем әдебиетінің жауһарлары да сөрелерде тізіліп тұр. Уақыттың түрлі сынына куә болған кітаптар болмысына бар құпиясын сақтаған күйі көрген адамды тылсым тұңғиыққа тартады. Жазушының өзімен қарапайым студент кезінен бастап, қазақтың Шерағасы, Шерхан Мұртаза болғанға дейін бірге жасап келе жатқан баға жетпес байлық. Жазушыға мол ілім-білім берген, әдебиет дейтін күрделі әлемнің тағдырын танытқан рухани олжасы. Сол сияқты қаламгер үйінде сақталған қолжазбалардың өзі бір төбе. Жазушының «Жол», «Шойын шарбақ» және тағы да басқа әңгімелерінің қолжазбасы бар мұнда. Бұдан бөлек, Шерхан Мұртаза өмірінің бір бөлігінен сыр шертетін күнделік қолжазбаларының өзі бір әлем. Мәселен, жазушының 1985-1986 жылдары жазған күнделіктері сақталған. Қалың дәптерлерге мұқият жазылған әрбір дерек қаламгердің көрнекті күндерінің, ғибратты ғұмырының бір парасы болса керек. Күнделіктерінде Әкім Тарази, Қадыр Мырза Әлі, Иран-Ғайып және басқа да танымал әдебиетшілермен кездесуі, сұхбаттасуы туралы жазғандары бар. Осы уақытқа дейін жазушының Тұрар Рысқұлов тағдырын толғаған «Қызыл жебе» романынан бастап, барлық шығармалары дерлік кітап болып басылды. Ал күнделіктері жарық көрген жоқ. Сонымен қатар жазушы тұрған бұл үйде оның «Жұлдыз» әдеби журналының редакторы болып жүрген кездегі өзі жүргізген жиындардың қолжазбалары да бар екен. Сол кездегі «Летучка» деп аталатын редакция жиынының қолжазбасында да өткен тарих тұнып тұр. Жалпы, Шерхан Мұртазаның редакторлық қыры да бұл күнде аңызға бергісіз айтылады ғой. Міне, бұл жазбалар да кейінгі ұрпаққа үлгі болатын құнды дүниелер болса керек. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Шерхан Мұртазаның «Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағының және түрлі дәрежедегі атақтарының құжаттары да сақталған. Әсіресе қаламгердің алдағы шығармашылық жолына шамшырақ болған «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары лауазымына тағайындалған күні алған қызметтік куәлігі де баға жетпес рухани байлықтардың қатарында.
Талапты ауылының ең шеткі көшесінде орналасқан еңселі үй Шерхан Мұртаза өмірінің бір бөлігіне куә болған мекен. Үй де шеткі көшенің соңында. Одан төмен жазушының балалық шағы өткен жұрты жатыр. Көзкөргендер жазушы ауылына келген сайын сонда барып, ұзақ уақыт бойы ойға шомып отыратынын айтады. «Менде балалық шақ деген болған жоқ», деп қаламгердің өзі айтатынындай, бәлкім ол болмаған балалық шағымен қайтадан бетпе-бет келіп отыратын болар. Одан аяңдап, қайтадан үйіне келеді екен. Осы үйде кең әрі ыңғайлы балкон бар. Сол жерде қаламгер өзінің тағдырынан сыр шертетін атақты «Ай мен Айша» романын жазыпты. Тіпті сол шығармасы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылғанда, бүкіл Талапты ауылы спектакльді тамашалауға барған екен. Бұл күнде Шераға үйіне барушылардың қатары сиреген. Ешкім тұрмаған соң уақыт өткен сайын нысанның да тозығы жетіп барады. Бүгінде жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза сол үйге қарап отыр. Ол да ендігі жерде қаламгер тұрған үй музейге айналса деген ниетте. Ал сол үйдегі жазушы мұраларын шашау шығармай ұстап отырған ағайын келіні Гүлсім Шоңғарова болса, келесі жылы тұлғаның тоқсан жылдығына орай осы үй музейге айналса деген ойы бар екенін айтты. Бізге жазушының құнды мұраларын көрсеткен ол мұның бәрі де кейінгі шығармашыл жастарға үлгі екенін жеткізді.
Ұлы рухани кеңістікте «Толстойдың үйі», «Кафканың үйі» деген бар. Өзге де ұлы қаламгерлердің үйлері туралы мәлімет мол. Ұлы жазушылар тұрған үй, шығармаларын жазған мекен кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Сондай-ақ Алматы қаласында «Мұхтар Әуезовтің үйі» тұр. Сол сияқты «Шерхан Мұртазаның үйі» болуы керектігі талай уақыттан бері айтылып келеді. Жазушы дүние салғалы бес жылға жуықтаса да бұл бастама шешімін таппаған. Келесі жылы жазушының туғанына тоқсан жыл толады. Осынша баға жетпес рухани байлық қазір бір бөлменің ішінде ғана тұр. Бірақ ол тұтас ұлттың рухани олжасына айналғалы қашан. Қазақта Шерхан Мұртаза жалғыз. Өзі де жай отындай жарқырап, ақиқатты аямай айтқан, шындықтың бетіне тура қараған тураби тұлға ретінде ел есінде мәңгі қалды...