Алматы облысының Ескелді ауданында «Әлеуметтік осал санаттағы әйелдерді микро-бизнес негіздеріне оқыту» жобасының танымалдылығы артып келеді. Жобаны «Белес-Жетісу» қоғамдық қоры «Шеврон» компаниясы мен Орта Азия-Еуразия қорының қолдауымен Qolda 3.0 жедел көмек бағдарламасы аясында іске асыруда.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларының ережелеріне сәйкес тегін оқытудан өтетін әйелдер автоматты түрде аз қамтылғандар мәртебесін жоғалтады және осыған байланысты ай сайынғы азық-түлік жиынтығы, сондай-ақ мектеп пен спорт формасына арналған чек сияқты көмек түрлерінен айырылады. Аталған жобаның ерекшелігі – атаулы әлеуметтік көмектен (АӘК) айырмай, әйелдердің әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету.
Әйелдер курсқа үлкен қызығушылық танытты. Ниет білдірушілердің өтінімдері конкурстық негізде іріктелді. Бүгінгі таңда курсқа қатысушылардың саны 41 адамды құрайды, бір отбасының бірнеше мүшесі қатысқан жағдайлар бар, олардың басым көпшілігі – ересек қыздары бар аналар.
Курсқа қатысушылардың бірі – «Алтын алқа» иегері, 10 баланың анасы Әйгерім Сәдуақасова. Ол жоба аясында өтіп жатқан «Бизнес консультация» курсында бірнеше әлеуметтік бағдарланған компаниялардан грант алудың қосымша мүмкіндіктерінің бар екендігі туралы білді. Атап айтқанда, Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан 2-5 млн теңге мөлшерінде қаржы алуға мүмкіндік бар. Әйгерім жұбайымен бірге «Еңбек» бағдарламасы бойынша 505 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз грантты жеңіп алды.
Әйгерім отбасымен бірге үйде киім жөндеумен және тігумен айналысуға ниетті. Бұл курс оған киім тігу дағдыларын игеруге тамаша мүмкіндік береді. Көпбалалы ана ретінде ол балаларына 10 дана үй киімін өз қолымен тігу арқылы отбасылық бюджетті айтарлықтай үнемдейтінін біледі.
Жобаны іске асыру барысында жоба командасы Ескелді ауданы әкімдігімен келіссөздер жүргізді. Кездесу бұл жобаның жұмыссыз әйелдерге арналған әлеуметтік көмек орталығына айналуы мүмкін екенін көрсетті. Әкімдік оқыту курстарын жүргізу үшін ғимарат бөлді, ол «Атамекен» ӨКП аудандық өкілдігімен, сондай-ақ аудандық жұмыспен қамту орталығымен бір ғимаратта орналасқан. Әкімдікпен серіктестік арқылы жоба командасы жобаның мақсаттары мен міндеттерін кеңейтті.
Сондай-ақ әкімдік азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын ақпараттық қолдау шаралары бойынша, оның ішінде Egov.kz электронды үкіметпен жұмыс бойынша тегін ақпараттық кабинет ашты. Бұл шара қатысушыларға, сондай-ақ басқа әйелдерге кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін өз мүмкіндіктерін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
«АӘК желісі бойынша негізгі қолдаудан айырмай қолдау көрсетіле бастағаны бізді қуантады. Бұл бізге аяққа тұруымызға мүмкіндік береді», деді Ә.Сәдуақасова.