Биыл РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің Еділ бойы мен оған жақын аумақтағы жұттан ашыққан жұртқа көмек көрсету жөнінде Арал балықшыларына хат жолдағанына артық кемі жоқ тура бір ғасыр толады. Аралдықтардың пролетариат көсемінің меселін қайтармай он төрт вагон балық жібергені жайлы кезінде көркем шығарма да, музыкалық туындылар да жазылды.
Ленин хаты балықшыларға 1921 жылдың 7 қазанында жазылыпты. Жеделхат жеткен күннен бастап ауланған балық Қамыстыбас бекетінде жинақталып, пойыз арқылы жөнелтіле бастайды.
– Осы күні жүздеген тонна балықты бір күнде жіберді деп түсініп, оның растығына күмән келтіретіндер бар. Мүлде олай емес, бұл іс сол жылғы 25 желтоқсанға дейін жалғасты. Бас-аяғы 75-80 күннің ішінде ашыққан халыққа 14 вагон Арал балығы жөнелтілген, – дейді осы аудандағы Балықшылар музейінің ғылыми қызметкері Айбек Есмағамбетов.
Ал 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ленинге Арал депутаттары кеңесінің төрағасы Төлеген Медетбаев «Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон балық жөнелтті. Әсіресе, Бөген балықшылары ерекше белсенділік көрсетті» деген мәтінде жеделхат жолдапты. Бұл істе Бөгенмен қатар Қарашалаң, Қаратерең балықшылары да тонналап балық аулап, оны ат арба, түйе шанамен Қамбаш стансасына тасыған. Осыдан 100 жыл бұрын өткен оқиға туралы ой өрбіткендердің көпшілігі большевиктер партиясы көсемінің хатына байланысты бастамаға тек стансаға жақын ауылдардың үлес қосқанын айтады. Айналдырған 3-4 ауылдың балықшылары сол тұста кенерін кеміріп тұрған алып айдыннан аз уақытта жүздеген мың тонна аулап берген екен. Аралдықтардың мәрттігіне риза болған Лениннің сыйы сол заманда қат дүние саналатын токарьлық станок болғаны да белгілі.
Бір қызығы, ұлы даладағы көгілдір алқадай Аралдың, жалпы теңізді өлке тұрғындарының атағын алысқа аспандатқан осы оқиғаның шын мәнінде болғанына кейіннен күмән келтіретіндер де кездеспей қалмапты. Жан-жақтан осы оқиғаның көзі тірі куәгерлері, олардың ұрпақтары іздестіріліп естеліктері жазылып алынады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылы Арал депутаттары кеңесінің төрағасы Төлеген Медетбаевтың Ленинге жіберген жеделхаты Орталық Комитет мұрағатынан табылып, құжаттың көшірмесі алдырылыпты. Қар жастанып, мұз төсеніп жүріп, ашыққан жұртқа жәрдем жөнелткен қарт балықшылардың бірсыпырасымен көзбе-көз кездесіп, көрген-білгенін баспасөзде жариялағандардың бірі ширек ғасыр облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған журналист Шәкірат Дәрмағамбетов еді. Бұл күнде тоқсаннан асқан қарт қаламгер сол күндердің әрбір сәтін жадында жақсы сақтаған.
Ал биыл 100 жылдыққа байланысты бастаманы сол іске үлес қосқандардың ұрпақтары көтеріп отыр. Соңғы жылдар бедерінде жергілікті «Арал әлемі» газетіне осы оқиғаға қатысқан балықшылардың суреттері мен олардың ұрпақтарынан естеліктері жарияланып, алып айдынның несібесін өзгемен бөлісіп, қайырымдылықтың үлгілі үрдісін танытқандардың есімі қайта жаңғырды. Осындай ізгі ниеттің арқасында Аралдағы Балықшылар музейінің жәдігерлері қатары толығып, аулада ұйымдастырылған ашық аспан астындағы мұражай ауқымы кеңейе түсіпті.
– Мұражай жерлесіміз, Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов ағамыздың идеясы мен табандылығының нәтижесінде 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді, – дейді мұражай меңгерушісі Айбек Медетбаев. – Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты мекеме жаңадан ашылғанда 150-дей экспонат болса, қазір жәдігерлер қатары 2 мыңның үстіне шыққан.
Балығы тайдай тулаған Аралдың баяғысын еске салатын жәдігер іздегендер мұнда көп соғады. Швеция, Польша, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея мен Жапониядан келетіндер көп. Ғимарат ішіндегі «Балықшылар» және «Кемелер» деп аталатын екі бөлігі, ауладағы ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин бергізген станок, түрлі кемелер кешегі күннің бейнеті мен бейнесін көз алдыңызға әкелетіндей. Мұндағы жәдігерлердің көбін мұражай қызметкерлері жинаған. Бұрынғының бәрін күресінге тастаған кезде көп көзінен таса қала жаздаған мұраның бірі – Ленин сыйға тартқан станок болыпты. Ең алдымен кеме жөндеу зауытының ауласынан орын теуіп, кейіннен «Атамекен» балықшылар зауытына жеткізілген құрылғы соңғы жылдары елеусіз қалып, әлдекімдердің темір қабылдайтын орынға өткізбек болған жерінен көне жәдігердің бағасын білетін жігіттер сатып алып осында жеткізген. Музейдегілер жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көрме өткізуді жоспарлап отыр. Айтпақшы, балықшылар мұрасын түгендеп, кәсіпке қатысты түрлі деректер мен бұйымдарды жинақтаған музейдің меңгерушісі осыдан 100 жыл бұрын балықшылардың ашыққан жұртқа көмек жібергенін алғаш жариялап, орталыққа жеделхат жолдайтын Арал депутаттары кеңесінің төрағасы Төлеген Медетбаевтың шөбересі Айбек Медетбаев есімді азамат.
Кейде әр дәуірдегі оқиғалар тізбегіне қарап отырып, тарихтың шын мәнінде қайталанатынына сенесің. Тура бір ғасыр бұрын егіні шықпай, шөбі күйіп қуаңшылық қыспағында қалған Еділ бойына көмек берген аралдықтар биыл осындай кепті өздері бастан кешті. Әйтеуір, мемлекеттің қолдауы мен Қазақстанның әр аумағынан жеткен жәрдем қауіптің бетін қайтарды. Кезінде жанын Арал шалқарының шабағы аман алып қалғандардың бүгінгі ұрпағы өзіміз түгіл, өзгенің өзегін талдырмаған қайран теңіздің қазіргі күйінен, жағалаудағы жұртшылықтың бүгінгі жайынан хабардар ма екен?
Қоғам өзгерсе де мәнін жоймайтын құндылықтар болады. Тулаған толқынмен арпалысып, елдің байлығын еселеген аталардың еңбегі мен ерлігін қайта тірілтіп отырғандар бүгінгілерге жақсылықтың ешқашан ел жадынан өшпейтінін ұғындырғысы келеді. Тартылған айдынмен бірге көмескілене бастаған байырғы балықшылардың тірлігі кейінгіге үлгі болса екен деген тілекте.
Ал осының бәрін бастан өткерген Аралдың бұрынғы кейпі жоқ қазір. Үлкен теңіздің қайта ораларынан үміт аз, Елбасының бастамасы арқасында Кіші Аралдың айдыны толып, елдің үміті оянды. Сол сенім сөнбесе екен...